облыс әкімдігі басқармаларының қолдауымен жарық көрді
Жамбыл атындағы «Руханият» орталығында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жарық көрген «Қазақ хандығы – елдіктің бастауы», «Тараз төріндегі тағылымды той», «Ел Президенті Жамбыл жерінде», «Тарихи зерде – жаңғырған атау» атты кітаптардың тұсаукесер рәсімі өтті. Жиынға облысымызға белгілі ақын-жазушы, ғалымдар, облыс әкімдігінің бірқатар басқармаларының өкілдері мен ақпараттық құралдардың басшылары қатысты. Жиында жазушы Мақұлбек Рысдәулет бұл тарихи еңбектердің жарық көруі Тәуелсіздіктің тойына үлкен тарту екенін айта келіп, облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қаржыландыруымен өзі құрастырған «Қазақ хандығы – елдіктің бастауы» кітабына материалдар әзірлеу барысында кездескен жайттармен бөлісті. Аталған басқарма тарапынан ұйымдастырылған экспедиция жұмысын, Қытайдан жол тартып, Таразға жеткен керуен туралы, еліміздің әр аймағынан келіп жүлде алған мүшәйра жеңімпаздарының жырларын жинақтау, суреттерін түгендеу оңайға түспегенін айтты. Бұл ретте БАҚ-тарда жарияланған мазмұнды мақалалардың көлемі мол болғанын да сөз етті. Мұнан соң сөз алған жазушы Елен Әлімжан әріптесі Тұрсынхан Толқынбайұлы екеуі бірнеше кітапты құрастырып шыққандарын, мәселен, облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы қолдау білдірген «Тараз төріндегі тағылымды той» атты кітапта Дәуір философиясынан тамыр тартып, қазақ дәстүрі мен болмысын түгел қамтуға күш салғандарын тілге тиек етті. Ал облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы қаржыландырған «Ел Президенті Жамбыл жерінде» атты еңбек фотоальбом ретінде жасалғанымен ерекше екенін, Елбасының Тәуелсіздік жылдарында облысымызға жасаған жұмыс сапарларында елмен етене жүздескен, әңгімелескен сәттерінен, өзінің бастамасымен жүзеге асқан мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуына байланысты кездесулерден хроника берілгенін айтып өтті. Қаламгер Пернебай Дүйсенбин облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен өзі құрастырған «Тарихи зерде – жаңғырған атау» кітабын жинақтау барысынан сыр шертті. Жиында облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы бұл еңбектерге «Ақ жол» газетінде жарияланған мақалалардың да енгізілгенін айтып, өте ауқымды жұмыс жүзеге асқанына, ең бастысы жеке авторлар емес, халықтық, қоғамдық тұрғыда дүниелер қамтылуы, ертең ел жадында жаңғыратын тарихи оқиғалардың дер кезінде тасқа басылып, баспадан жарық көруі облысымыз үшін үлкен олжа екеніне тоқталып, бұл кітаптар барлық тіл мамандарының, журналистердің, ғалымдардың қолында міндетті түрде болуы керектігін айтты. Тіл жанашырлары Батырғали Ақпаев пен Зиба Құламанова өз ойларын ортаға салып, мұндай көпшілікке тағылым болатын дүиелерге әр тұрғын белсенді атсалысулары қажеттігін қозғап өтті. Тәуелсіздік мерекесі тұсында тұсауы кесілген бұл кітаптар облысымыздың рухани-мәдени, тарихи өміріндегі бағалы құндылық екені анық.
Есет ДОСАЛЫ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді