Мемлекеттік рәміздер күні мерекесі Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің саябағында жалғасты. Оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков пен Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеров қатысты. Іс-шара облыс орталығындағы жоғары және орта -арнаулы оқу орындары студенттерінің орындауындағы флэш-мобпен басталды. Одан әрі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны шырқалып, салтанатты жиынның көркін аша түсті. Жамбыл жұртшылығын айтулы мерекемен құттықтаған Бекболат Серікбекұлы:
- Бүгінде бұл күн жалпыұлттық мерекеге айналып отыр. Тарлан тарихқа үңілсек, Туды кие тұтып, айрықша қастерлеу арғы аталарымыздың тамыр тартқан арнаулы дәстүрі. Батыр бабаларымыз бөрілі байрақ қасында бас қосып, бөлінбес елдің бірлігін бекемдеген. Туға қарап, жауынгерлер жігерін жаныған, намысын қайраған, кеудесін мақтаныш кернеген ерлер елін жауға бермеген. Талай боздақтар желбіреген Тудың астында Отаны үшін опат болған. Бұл бүгінгі ұрпаққа өнеге болуы тиіс. Егеменді елдің ерлері көк байрақтың қадір-қасиетін жіті сезінулері қажет. Ел тәуелсіздігі мен мемлекеттік рәміздер – егіз ұғым. Қазақстанның көк байрағын бүгінде әлем біледі. Халықаралық аренада Гимніміз шырқалғанда шаттыққа бөленеміз. Оң қолымызды жүрегімізге қойып, тебіренеміз. Бұл – біздің өз Отанымызға деген сүйіспеншілігіміз, Мемлекеттік рәміздерге деген құрметіміз. Қазақстанның мерейі үстем, еліміздің еңсесі биік, Туымыздың тұғыры берік болсын. Елтаңбамыз еңселі болсын, Әнұранымыз асқақтай берсін! – деді. Сондай-ақ, ол белгілі ақын Жұмекен Нәжімеденов пен Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзіне жазылған қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әнінің шын мәнінде бабалардың арманын жеткізген Әнұранға айналғанын айрықша атап өтті. Одан кейін сөз алған еңбек ардагері Любовь Накарякова мемлекеттік рәміздердің маңыздылығына тоқталды. Мәселен, мемлекетаралық спорттық жарыстарда, Олимпиада ойындарында жеңімпаздардың құрметіне Әнұран шырқалып, Мемлекеттік Ту көкте желбірейтіні белгілі. Сол бір сәтте елім деп еміренген әрбір азаматтың жүрегі лүпілдеп, асқақ рухты патриоттық сезімге бөленеді. Спортшы үшін де, тақымын қысып отырған жанкүйер үшін де бұл сезім таныс. Мемлекеттік рәміздердің бүкіләлемдік саяси аренадағы орнын осыдан-ақ көруге болады. Одан кейін Тараз қалалық «Жастар орталығының» директоры Елдос Төлендиев Мемлекеттік рәміздер күніне арналған мерекелік шеруді бастауға облыс әкімінің бірінші орынбасарынан рұқсат сұрады. Бекболат Орынбековтің нұсқауымен, спортшылар, велошабандоздар және автокеруен көк байрағымызды желбіретіп, қала көшелерімен жүріп өтті. * * * Жаңатас қаласындағы спорт кешенінде «Сарысу жастары» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен «Рәмізіммен мақтанамын» атты патриоттық форум кең көлемде аталып өтті. Аталмыш шарада аудан әкімінің орынбасары Мағия Жұмабайқызы, жиналған көпшілікті төл мерекелерімен құттықтап, аудан көлеміндегі игі істердің ұйытқысы болып жүрген бір топ жастарды аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапаттады. Форум барысында ауданның өнерпаз жастары патриоттық әндерден шашу шашып, соңы спорттық жарыстарға ұласты.
Назгүл Әбушәріпқызы, «Ақ жол».
Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Әлеуметтік әмиян: 703 мыңнан астам оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылды
- 24 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді