«Тараз металлургиялық зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде «Қазіргі қуаттылық жағдайында ферроқорытпа өндірісінің номенклатурасын кеңейтудің» қоршаған ортаға әсер ету бағамын түзету жобасын зерттеу» тақырыбында қоғамдық тыңдау өтті. Жартығасырлық тарихы бар кәсіпорын әр кезеңде уақыт талабына сай өнім өндіру және жұмыс жүргізу бағытын өзгертіп отырған. Бұл – өндіріс тиімділігін арттыру және сұранысқа сай өнім өндіру мақсатынан туындаған қажеттілік. Сондықтан әңгімені әріден бастағанымыз жөн болар.
Өткенге көз жіберсек
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің шешімімен Жамбылда фосфор және минералдық тыңайтқыштар өндіретін зауыт құрылысы басталып, 1968 жылдың аяғында пайдалануға берілді. «Химпром» өндірістік бірлестігі сары фосфор, ортофосфор қышқылы, диаммонийфосфат, суперфосфат, электрод және жөндеу массаларын шығара бастады. Қазақстан егемендігін алып, тәуелсіздігін жариялағаннан кейін, 1992 жылы бірлестік «Химпром» ашық акционерлік қоғамына, 2002 жылдан «Химпром-2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне айналды. Атауы өзгергенімен, осы кезең ішінде кәсіпорынның негізгі қызметі химия өнімдерін өндіру болған. Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасымен 2006 жылы зауытты жұмыс жағдайында сақтап қалу және аймақта жұмыс орындарын ашу мақсатында өндірісті металлургиялық өнімдер шығаруға бейімдеп, 2007 жылдың шілдесінен ферросиликомарганецтің алғашқы өнімдері алынды. Сол кезден оның атауы тағы да өзгеріп, «Тараз металлургиялық зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі деп аталды. Зауыт негізгі өнімі ферросиликомарганецке қоса бұрынғы электрод және жөндеу массаларын да шығарып жатты. Марганец, кремний және темір қоспаларынан тұратын бұл өнім қара металлургияға қосынды қоспа ретінде пайдаланылып, темірге тозбайтын, соққы мен ыстыққа төзімді қасиеттер берді. Бұл өте сирек әрі қажет тауар. Сондықтан оған сұраныс та көп. Кезінде Ресей, Украина, Белоруссия, Латвия және Қазақстан оның тұтынушылары болған. Тіпті, сол уақытта кәсіпорынның Ресей астанасы Мәскеуде тауарларын өткеретін «Тараз металлургиялық зауыты» сауда үйі де ашылған. Бұл зауыт өнімінің өтімді болғанын көрсетсе керек.
Енюков ертеңгі күнге сенімді
Қоғамдық тыңдауға қатысқан Тараз қаласы әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау секторының меңгерушісі Аманкелді Құлдүйсенов зауыт жұмысын қайта бастаған кезде өндіріс тынысы ашылатынын айтып, солай болуға ниетін білдірді. Одан кейін сөз алған серіктестіктің техникалық директоры Евгений Енюков кәсіпорында өнім өндіру барысында қоршаған ортаға елеулі залал келтірілмейтінін айтып, ақталғандай болды. – Қазіргі таңда зауытта ферроқорытпа өндірісін кеңейту және жаңалау жөнінде қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әзірге ферроқорытпа шығару жаңғыртылған екі пеште жүзеге асырылмақ. Олардың аяқталуы үстіміздегі жылдың маусымына жоспарланған. №3,4 пештерді жұмысқа қосқаннан кейін өндіріс қуаттылығы жылына 116600 тонна ферроқорытпа өндіруге дейін арттырылмақ. Жобаның жүзеге асырылуы облыс экономикасының дамуына елеулі үлес болып қосылғалы отыр. Қазірден-ақ біздің өніміміз экспортта және ішкі рынокта үлкен сұранысқа ие болады деп сеніммен айта аламыз. Сонымен қатар, қайта жаңғыртылған кәсіпорынның пайдалануға берілуі жаңа жұмыс орындарын ашуға да мүмкіндік туғызбақ. Сөз соңында айтарым: экология мәселесіне жеткілікті көңіл бөлініп, қоршаған ортаны қорғауға белсенді атсалысатын боламыз, – деп қорытындылады сөзін техникалық директор. Өндірістік-техникалық бөлім бастығы Евгений Ковалев кәсіпорынның бәсекеге қабілетті өнімінің өтімділігіне тоқтала келе, ферроқорытпа түрлерін өндіруді кеңейтудің тиімділігін атап өтті. – Қазіргі таңда ферроқорытпа өндіретін пештерді жаңғырту аяқталып келеді. Оларда ферросиликомарганецті де, ферросилицияны да шығаруға болады. Тек айырмашылық олардың шикізатында. «Тараз металлургиялық зауыты» ЖШС-да шығарылатын ферроқорытпалар номенклатурасын кеңейтуге бағытталған іс-шараларды жүзеге асыру экономикалық тиімділікке жол ашқалы отыр. Бұл әлеуметтік мәндегі мәселелерді шешуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік туғызуға тиіс, – деді ол өз сөзінде. – Біз кәсіпорынды іске қоспас бұрын одан бөлінетін зиянды қалдықтарды сүзгіден өткізудің барлық мүмкіндіктерін қарастырдық. Экологиялық тазалық ең бірінші кезекте ескеріледі, – деді Евгений Енюков. – Бізге алдағы уақытта ферросилиция өндіру тиімді болғалы тұр. Оған марганецті, тағы басқа шикізатты Қарағандыдан, ал, темір жаңқасын Ресейден аламыз. Ферросилицияның өзіндік құны әлдеқайда арзан, алайда өтімділігі жоғары әрі қымбат. Өніміміздің 20 пайызын ішкі рынокта, қалған 80 пайызын Ресейге өткізуді көздеп отырмыз. Сұраныс солай. Бұған дейін зауыт жылына 100 мың тонна ферроқорытпа өндіріп келсе, бұл көрсеткішті 200 мың тоннаға дейін жеткізу ойымызда бар. Бұл аспаннан алынған есеп емес, жұмыс қызып, зауыт толық қуатында жұмыс істеген кезде осындай көрсеткішке қол жеткізуге терең талдау жасалынып, есептелінген. «Балапанды күзде санайды», бірақ дәл қазіргі есептеулерге сүйеніп осылай деп айта аламын. Енюков зауыттың ертеңіне сенімді. 18 жыл бойы Украинаның және Ресейдің ферроқорытпа зауыттарында үздіксіз жұмыс істеген инженер-металлург өндіріс орны жұмысын бастағаннан кейін, техникалық қызметкерлерді оқытуды өз қолына алмақ. Ол бұл оқуға технологтарды, шеберлерді, ауысым басшыларын және оттың өтінде тұратын балқытушыларды қамтығалы отыр. Оған еш таласымыз жоқ. Бірақ, бізді зауыт жұмысшыларының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары көбірек ойландырады. Осы мәселе жөнінде қойған сұрағымызға Евгений Александрович: – Зауыт жұмысшыларының өткен жылдың желтоқсанына дейінгі қарыздарын толық жаптық. Қазір еңбекақыларын уақтылы алып тұр. Кәсіпорынның зиянды цехтарында жұмыс істейтіндер зауыт асханасында арнайы тамақпен тегін қамтамасыз етіледі. Олардың демалыстарын көңілді өткізуді де ойластырып жатырмыз, – деп жауап берді.
Болат Жаппарұлы, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді