«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Біз бағындырған белес

Біз бағындырған белес
ашық дереккөз
Біз бағындырған белес

Тәуелсіздікке қол жеткізгелі 25 жылдың бедерінде мемлекетіміздің бағындырған белестері мен жеткен жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Біз осы толағай табыстардың табан ақы, маңдай термен келгенін түсінуіміз керек. Тоқырау жылдарындағы қиындықтарды еңсерудің өзі еліміз үшін оңайға түскен жоқ. Себебі, тоқсаныншы жылдары экономикалық қаржы дағдарысы қыспаққа алған Қазақстанның жағдайы өте күрделі еді. Ал қазір ше?! 25 жылда небір қиындықтарға төтеп берген еліміздің қазіргідей әлемдік дағдарысқа төтеп беретін мықты стратегиялық жоспарлары бар. Бүгінде мемлекетіміз әлемдегі дамушы елдермен бәсекеге түсе алатындай жағдайға жетті. Кемеңгер Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың бейбітшілікке үндеген бастамалары әлем елдерінің көшбасшылары тарапынан кеңінен қолдау тапты. Елбасымыз ішкі тұрақтылық пен ауызбіршілікті сақтай отырып, аз уақыттың ішінде еліміздің барлық аймағын және кез-келген саланы қатар дамытуға күш салды. Даму қарқыны өте жоғары Америка, Англия, Түркия, Малайзия, Сингапур, Оңтүстік Корея, Жапония, Қытай секілді көптеген алпауыт елдермен арада берік ынтымақтастық орнатты. Тәуелсіздік жылдарында халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында көптеген бағдарламалар қабылданды. Соның бірі – студенттердің шетелдердегі озық оқу орындарында білім алуына жол ашқан «Болашақ» бағдарламасы. Мұндай мүмкіндіктерді тиімді пайдаланған жамбылдық жастар да бар. 25 жылда елімізді халықаралық аренада мойындатқандар – спортшыларымыз. Әлемдік, халықаралық додаларда, төрт жылда бір өтетін Олимпиада ойындарында мемлекет Туын көкте желбіреткен саңлақтарымыз – мемлекет мақтаныштары. Міне, осы жетістіктерге Тәуелсіздігіміз бен ел бірлігінің арқасында қол жеткіздік. Отандық медицинаны дамытудың арқасында тұрғындардың орташа өмір сүру жасы 70-ке жетті. Енді 2020 жылға дейін халық санын 20 миллионға жеткізу көзделуде. Жалпы, әлеуметтік ахуалды жақсаруына ықпал еткен – білім саласын дамыту бағытында қолға алынған шаралар екенін айтуымыз керек. Білім сапасын арттыру, балабақшалар санын көбейтіп, мектептердің материалдық базасын нығайту – экономиканың барлық саласында бәсекеге қабілетті кадр дайындауға жол ашты. Жоғары оқу орындары заманға қарай өрлеу, өсу жолын таңдады. Солардың қатарында М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті де бар. Қазір ректор Махметғали Сарыбековтің басшылығымен оқу орны Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын қарсы алуға дайындалу үстінде. Себебі, бұл мерекені жоғары деңгейде атап өту – мемлекетімізді, елімізді, жерімізді, еркіндікті сүюдің, құрметтеудің белгісі.

Римма Сұраншиева, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Мәдениет және өнер» кафедрасының аға оқытушысы.

Ұқсас жаңалықтар