Ақтөбеде желтоқсаншылар «Желтоқсанның 30 жылдығы» медалімен марапатталды
- author «Ақ жол»
- 9 желтоқсан, 2016
- 389
Ақтөбеде желтоқсаншылар марапатталды. Қала әкімі Ілияс Испанов бүгін 1986 жылы ел үшін үн қатып, қазақ халқының болашағы үшін жан айқайын жеткізген 10 адамға «Желтоқсанның 30 жылдығы» естелік медалін табыс етті. Желтоқсаншылар бұған дейін дәл мұндай марапатқа ие болған емес. Сондықтан болар, әкімдікке жиналған желтоқсаншылар өздеріне құрмет көрсеткендерге шын көңілден ризашылығын білдірді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Бұған дейін көлеңкеде қалып, туған-туысына ғана желтоқсан оқиғасы туралы айтып келген азаматтар бүгін әкімдікке арнайы шақырылды. Іріктелгені - 10 адам. Әрқайсысының тағдыры әрқилы. Кейбірі сол жылдары үш айға түрмеге қамалса, кейбірі 2 жыл 8 айын абақтыда өткізген. Олардың арасында ұстаздар мен жеке кәсіпкер, күзетшілер де бар. Сол жылдарды еске алған қала әкімі Ілияс Испанов еліміздің тәуелсіздігі үшін жанын қиюға дайын болған жастарға, бүгінгі аға ұрпаққа алғысын жеткізді.
«Тәуелсіздік оңайлықпен келген жоқ. КСРО елдері ішінде бірінші болып қазақ елі бас көтерді. Жастар Қазақстанда қазақ басшы болу керек деген оймен тоталитарлық әділетсіздіктерге қарсы тұрды. Сіздер сол азаматтардың арасында болдыңыздар. Бұған ешкімнің күмәні жоқ. Бұл тәуелсіздік туын желбіретуге серпін берген оқиға еді. Мемлекет еңбектеріңізді, тәуелсіз елге адал қызмет етіп жүргендеріңізді ескере келе марапаттады. Сіздерге алғысымыз шексіз»,- деді қала әкімі І.Испанов.Желтоқсаншы қыздардың бірі – Гүлсім Амантаева. Ол 1986 жылы Қазақ педагогикалық инситутында білім алған. Қазақ елін өзге ұлт өкілі басқарады дегенді естіген олар жатақханада бірігіп, үндеуге үн қосты. Еш ойланбастан алаңға шықты. «Менің Қазақстаным», «Елім-ай» әндерін орындағандарын айтты. Жұбан Молдағалиевтің «Мен қазақпын» өлеңі де жастарға рух берген.
Ол бүгінде №32 мектеп-гимназиясында мұғалім болып еңбек етеді. Сол жылдарды еске алған желтоқсаншы қоғамдық көліктер мен дүкен ішінде, көшеде өзге ұлт өкілдерінен теперіш көргенін жасырмады. Ал Аманғали Тағаниязов қазақты Колбин емес, Қонаев басқарады деген сөзі үшін жазаланып, үш ай түрмеге қамалған.«Қазақстанның өткені мен бүгінгісінің жолайрығындай болған 1986 жыл Желтоқсан оқиғасымен есте қалды. Жастар деген халық делебесі қозып, айқау-шуға елеңдеп тұрады ғой. Ол кезде Алматы қаласында қыздар педагогикалық институтының 5-курс студенті едім. Біз тұратын жатақханаға студенттер келіп, «қыздар, намыстан жаралған халықпыз, алаңға барайық» деді. Біз шықтық, алаңға бардық. Республика алаңындағы жастар «Елім ай», «Менің Қазақстан» әнін орындады. «Әр ұлтқа өз көсемі» деп плакаттарға жазылды. Жастар Д.Қонаевты алып тастады, қазақтың салт-дәстүрін білмейтін украиналық Колбинді қойды дегенді естіп, ыза кернеді. Алаңда машиналар өртенді. Тастарды лақтырдық. Бізде сәулет өнерін бүлдірейік деген ой болмады»,- дейді Желтоқсан оқиғасына қатысушы Гүлсім Амантаева.
«1986 жылы Алматыдағы көтерілістен соң түнгі сағат 3:30 алып кетті. Үш ай қамалып жаттым. Қазақ жігіті үшін бәрімізді «ұлтшыл» деп қамады. «Сіздерде Отан жоқ. Қазақ көшпенді, Моңғолияға, Қытайға кетіңдер» деді. Басшыларың кім деп сұрағанда мен Қонаев деп айттым. Сол үшін жазаландым» ,- дейді ол.
Басқосуда желтоқсаншылар тәуелсіздігіміздің бастауы болған оқиғаны еске ала отырып, сол кездегі жастардың жанкешті тірлігін баяндап берді.
ақпарат көзі: Baq.kz
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді