«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Кәсіби мерекесін атап өтті

Кәсіби мерекесін атап өтті
ашық дереккөз
Кәсіби мерекесін атап өтті

6 желтоқсан – Прокуратура органдарының құрылған күні. Осыдан тура 25 жыл бұрын дәл осы күні бірыңғай прокуратура жүйесін құру, олардың еркіндігін және тәуелсіздігін қамтамасыз ету туралы арнайы қаулы қабылданған еді. Күнтізбедегі тағы бір кәсіптік мереке осылай пайда болған. Биылғы сала қызметкерлерінің кәсіби мерекесі Тәуелсіздіктің 25 жылдығына тұспа-тұс келді. Тараз қалалық Мәдениет үйінде өткен салтанатты шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков қатысты. Жиынды облыс прокуроры Ернат Сыбанқұлов ашып, сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Облыс прокуратура қызметкерлерінің өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен орындап, құқықтық мемлекетті қалыптастыруда, заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуда елеулі үлес қосып жүргеніне тоқталды. – Бүгінгі күні адам, оның құқықтары мен бостандығын сақтау, азаматтардың сенімі мен қоғамдық келісімді нығайту, Қазақстанның тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – прокурорлар қызметінің басым бағыттары. Биылғы мерейлі жылда прокуратура органдары ауқымды бастамаларды іске асыруда. Бұл жұмыс «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын жүзеге асыруға жұмылдырылғанын айта кету керек. Біздің басты конституциялық міндетіміз – заңның үстемдігін қамтамасыз ету. Мен XXI ғасыр прокуратурасын өмірдің барлық саласында қоғамымыздың ең тиімді, қазіргі заманға сай, сенімді серіктесі ретінде көремін, – деді Ернат Мұхаметқалиұлы. Мерекеге орай облыс прокуроры озат та үлгілі қызметтерімен көзге түскен және өзіне жүктелген міндеттерін мінсіз де табысты атқарған бірқатар қызметкерді сыныптық шендермен және ведомстволық наградалармен марапаттап, оларға заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жолындағы жауапты жұмыстарды жүзеге асыруда зор табыстарға жетулеріне тілектестік білдірді. Зейнетке шыққандарға ерекше қошемет көрсетілді. Сондай-ақ, дәстүр бойынша бұл күні жас прокурорлар ант қабылдады. Сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков тәуелсіздік алғалы бері Мемлекет басшысының қолдауымен прокуратура жоғары қоғамдық-саяси мәртебеге ие болып, бүгінде құқық қорғау жүйесінің басты институты, сондай-ақ заңдылықты нығайтудың, адам, қоғам және мемлекет құқықтарын қорғаудың құралы ретінде танылғанын атап өтті. – Уақыт пен заман өзгереді, бірақ прокуратура мемлекет пен оның азаматтарының мүддесін қорғай береді. Заң мен құқықтық тәртіптің сенімді қорғаушылары, азаматтардың бостандығы мен конституциялық құқын қорғау, қылмыс және сыбайлас жемқорлықпен күресте заңдылықты сақтауда, жалпы мемлекетте құқықтық саясатты жүзеге асыруда міндеттеріңізді ойдағыдай атқарып келесіздер. Осындай маңызды мәселелерді шешу қызметкерлерден жоғары кәсіби біліктілікті, адалдық және жауаптылықты талап етеді. Облыста қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайдың тұрақтылығын сақтау сіздердің жұмыстарыңызға байланысты. Бұл – біліктілік пен қайраттылық қана емес, сонымен қатар түбегейлілік пен жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Адамдардың заң күшіне деген сенімі, құрметі сіздердің адал, кәсіби, жұмыстарыңызға тікелей қатысты, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков. Салтанатты жиын мерекелік концертке ұласты.

Наурызбек САРША,

"Ақ жол".

Ұқсас жаңалықтар