«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әділ бидің әдебінен айнымаған әбекең еді

Әділ бидің әдебінен айнымаған әбекең еді
ашық дереккөз
Әділ бидің әдебінен айнымаған әбекең еді
Киелі Қордайда туып-өсіп, өнегелі ісімен ел назарына іліккен тұлғалар аз емес. Бүгінде олардың қай-қайсысы өскелең ұрпақтың мақтанышына айналған. Солардың бірі – Әбілқай Жұмабеков туралы сөзді облыс сотының тарихымен сабақтастырмау мүмкін емес. Өңірлік сот тарихы, картада Жамбыл облысы пайда болған сәттен, 1939 жылдың қараша айынан бастау алады. Жергілікті билік органдары әлі толық құрылмаған кезде, жаңа облыста бірінші болып судьялар өз қызметін атқаруға кіріскен еді. Сол жылы 3 қарашада ҚССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының қаулысымен алты судьядан тұратын облыстық соттың алғашқы құрамы бекітілген. Соттың тұңғыш төрағасы Атамқұл Жаңабаев болды. Екі жылдан кейін Тәңірберген Әділбаев, ал 1943 жылы сәуір айында Әбілқай Жұмабеков төрағалыққа тағайындалды. Әбекең бұл қызметті бір жарым жылдай, 1944 жылдың қазан айына дейін атқарады. Облыстық соттан кейін Ә. Жұмабеков Қазақ ССР Әділет министрлігінің сот органдары басқармасы бастығының орынбасары қызметіне Алматыға ауысады. Өзінің біліктігімен және іскерлігімен көзге түсіп, 1945-1950 жылдары Қазақ ССР Жоғарғы Сотының мүшесі болып тағайындалады. 1951 жылдан зейнетке шыққан. 1971 жылға дейін Әділет министрлігінің Алматы облысы бойынша тексеруші-ревизоры, Алматы облыстық соты төрағасының орынбасары, осы министрліктің Алматы облыстық басқармасы бастығының орынбасары, тексеруші-ревизоры қызметтерін мүлтіксіз атқарды. Зейнетке шыққан соң да қарап жатпай, екі жылдай Алматы облысы, Іле аудандық халық сотының судьясы болып жұмысын жалғастырған. Ұзақ та абыройлы еңбегі үшін республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер, «Сот жүйесінің үздігі» төсбелгісінің иегері атанды, «Құрмет белгісі» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» және басқа да көптеген мерейтойлық медальдермен, Қазақ ССР Жоғарғы Соты мен Әділет министрлігінің Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапатталған. Қазақстанның сот жүйесінің дамуына бір кісідей-ақ еңбегі сіңген, саланың биік лауазымдарын абыроймен атқара білген бұл азаматтың өз жерлесіміз екенін біле жүруіміз керек. Ол 1909 жылы Қордай ауданының Сұлутөр өңірінде, қазіргі Көктөбе (Мало-Архангельское) ауылында дүниеге келген. Жасынан туған ауылдан ұзап шығып, жауапты қызметтер атқарған, өмірінің соңында Алматы қаласында тұрған Әбекеңді бүгінгі қордайлықтар арасында білетіндер көп емес. Жасынан зерек, білімге құмар азамат Алматыдағы бір жылдық Заң мектебінде оқып келіп, 1925-1929 жылдар аралығында өзі оқыған ауыл мектебінде мұғалім, Красногор МТС-нің саяси бөлімінде хатшылық қызмет атқарып жүріп, МТС-тің саяси бөлімінің қазақша газетін шығаруға басшылық жасайды. Міне, осы газеттің негізінде кейіннен Красногор аудандық газеті жарық көргенін біреу білсе, біреу білмейді. 1935 жылы Красногор МТС тарағаннан кейінгі жерде Ә.Жұмабеков Красногор аудандық партия комитетінде партиялық есеп секторының меңгерушісі болып жұмыс істеген. Бір жылдан кейін аупарткомның жолдамасымен Алматыдағы үш жылдық жоғары Заң мектебіне жіберіліп, оны 1937 жылы бітіріп шығады. Сөйтіп оның сот жүйесіндегі қызмет жолы басталыпты. Алматы облысы Талдықорған аудандық халық сотының судьясы болып жүрген жерінен Қазақ ССР Әділет министрлігінің Алматы облыстық басқармасының бастығы лауазымына көтеріледі. Оның облыстық соттың төрағалығына дейінгі еңбек жолы осындай. – Әбекең тұла бойы тұнған адамгершіліктің, адалдықтың, биік дәрежедегі рухани тазалықтың үлгісі еді ғой, – деп еске алады оның қайнысы, ауданның Құрметті азаматы Бақыт Байтөле. Ауданның Құрметті азаматы, біз сөз етіп отырған Әбекеңнің күйеубаласы Төле Сүгірбайдың айтуынша, Ә.Жұмабековтің тәлімін алған заң қызметкерлерінің бірі – Дабыл Жұбанышев кейіннен облыстық соттың төрағасы болыпты. Қордайдағы Омарқұл Жетібаев, Анатолий Заборов, Ойшы Шынтасов Әбекең зейнетке шыққан соң туған жеріне келе қалғанда қарсы алып, үйлеріне шақырып, қонақ етпей жібермейді екен. Бұл олардың тәлімгерге деген шынайы құрметінің көрінісі. – Әбекең атқарған қызметін бұлдап, ештеңе сұрамаған жан еді, – дейді Төле Аманжолұлы. – Әлі есімде, Алматыға ауысқан күннен Жетісу көшесінде ағаштан салынған жеке үйде тұрды. Зейнетке шыққаннан кейін үкімет жаңа салынған көп қабатты үйден бірнеше бөлмелі кең пәтер бермек болғанда, одан да бас тартқан. Отбасымен бірге үйренген сол ағаш үйде тұрды. Шаңырағынан кісі үзілмейтін, ауылдан барған туыстар мен ағайындар сол жерден табылатын. Әбекең әйелі Жәпіш екеуі үш ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Олардан немере, шөберелер сүйіп, 1998 жылы 89 жасында дүниеден озды. Еліне сыйлы, абырой беделі мен қадір-қасиеті жоғары, кезінде үкімет тарапынан да лайықты құрметке бөленген азаматтың есімі аудан орталығындағы бір көшеге берілсе, ердің еңбегін ескерген болар едік. Сонымен қатар, Әбілқай Жұмабековтің өмір деректерін, құжаттарын, ол туралы естеліктерді жинақтап жергілікті музейге тапсыратын болсақ, азамат рухы алдындағы парызымыздың өтелгені болар еді.

Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».

Қордай ауданы.

Ұқсас жаңалықтар