«Тәуелсіз Қазақстан» пойызы Таразда

«Тәуелсіз Қазақстан» пойызы Таразда
ашық дереккөз
«Тәуелсіз Қазақстан» пойызы Таразда

Шу ауданынан шыққан «Тәуелсіз Қазақстан» республикалық патриоттық пойызы сәрсенбінің кешінде Тараз темір жол вокзалына келіп тоқтады. Астанадан арнайы шығып, әр өңірді аралап келе жатқан өкілдерді Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеров, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев бастаған зиялы қауым құрметпен қарсы алды. Ақ жаулықты әжелер шашу шашып, арулар қонақтарға Әулиеата өңірінің жеті түрлі тағамын ұсынды. img_6206Жиналған зиялы қауым және қала тұрғындарының алдында республикалық «Тәуелсіз Қазақстан» пойызының жетекшісі, ғалым-профессор Әміржан Әлпейісов сөз сөйледі. – Сіздерге осылай үлкен ізетпен қарсы алғандарыңыз үшін шынайы алғысымды білдіремін. 1 қараша күні Елордадан шыққан болатынбыз. Бірнеше облысты аралап, кеше Шу ауданына жеттік. Шуда 4 мың тұрғынға тегін медициналық көмек көрсетіп, бірнеше ауыл, мекемеде кездесулер өткіздік. Халықпен әңгімелесіп, ой-пікір, сауалдарын тыңдадық. Бүгін екі мың жылдық тарихы бар, еліміздегі көне шаһарлардың бірі – Таразға табан тіреп отырмыз. Біздің құрамымызда үш министрліктің, Ұлттық компаниялардың өкілдері бар. 70 медицина қызметкері тегін медициналық көмек көрсетуде. Өнерпаздар да ортамыздан табылып отыр. Тәуелсіздіктің қандай қастерлі құндылық екенін тілмен айтып жеткізу қиын. Оны көңілмен ұғынып, жүрекпен сезіну қажет. Ендеше, бүгінгі Тұңғыш Президент күні, алдағы Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерекесі құтты болсын. Тойларыңыз тарқамасын жамбылдықтар, – деді Әміржан Қайырұлы. Тараздық өнерпаздар оркестрдің сүйемелдеуімен қонақтарға құрметтерін көрсетсе, жастар аспанға шар ұшырып, жалау желбіретіп, өздерінің қуанышты көңіл-күйлерін байқатты. Мұнан соң республикалық «Тәуелсіз Қазақстан» пойызының мүшелері жамбылдық зиялы қауыммен жиын өткізді. – Жамбылдықтардың ыстық ықыласына бөленіп тұрғанымызға, сіздермен қауышқанымызға қуаныштымыз. Тәуелсіздіктің баға жетпес құндылық екенін осы сапар барысында әр облыста мыңдаған халықпен кездескенде терең сезіне түстік. Елбасы жүзеге асырған ерен істерімізге, халықтың бірлігіне, тату тірлігіне, тыныштықта тербелген жағдайына шүкір еттік. Шу өңірінде де әсерлі кездесулер өтті. Жалпы, қай өңірдің де Тәуелсіздік күні мерекесін сезінуі, халықтың аса қастерлі құндылық деп бағалауы жоғары деңгейде екенін аңғардық. Осынау ғажайып тойымыз құтты болсын, – деді азаматтарға әлеуметтік көмек көрсетуге бағытталған «Тәуелсіз Қазақстан» республикалық пойызының құрамындағы өкіл Байтақ Төреханов. «Тәуелсіз Қазақстан» республикалық пойызының құрамындағы азаматтар еліміздің Тұңғыш Президенті күні Тараз тұрғындарымен патриоттық мәні бар кездесулер өткізді. Халыққа медициналық көмек көрсетті, ән мен күйден, жырдан шашу шашты. Еліміздің шаттығы, Тәуелсіздігіміздің құндылығы осылай көрініс беріп, тұрғындарды шат-шадыман күйге бөледі.

Есет Досалы, «Ақ жол».

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар