«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Халық қалаулысы бақытжанның тартуы

Халық қалаулысы  бақытжанның тартуы
ашық дереккөз
Халық қалаулысы бақытжанның тартуы

Үшарал ауылында спорт алаңы пайдалануға берілді

Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев «Туған жеріңнің өсіп-өркендеуіне үлес қосу – әрбір азаматтың парызы» деп үнемі айтып келеді. «Ауылым – алтын бесігім» деп перзенттік міндетін жан-жүрегімен түсінетін азаматтар Үшарал ауылында да аз емес. Солардың бірі – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытжан Әбдірайымов. Ол – Қаратау қаласының тумасы болғанымен Үшаралды ата-мекені санайды. Қаратау қаласындағы К.Маркс орта мектебіне демеушілік жасап жүрген халық қалаулысы үшаралдықтарға ашық спорт алаңын салып беруді көптен бері ойланып жүрген. Соның сәті биыл түсті. Үшарал ауылындағы Ә.Сағынтаев атындағы орта мектебінің жанынан жасыл шөппен көмкерілген спорт алаңын салуға өз қаржысын салды. Бұл жұмысты белгілі кәсіпкер Маханбет Баймбетов басқаратын құрылыс компаниясы өте сапалы етіп аяқтады. Нысан ҚР Тұңғыш Президенті күні пайдалануға берілді. Спорт алаңының ашылу салтанатына Астана, Тараз, Қаратау қалаларындағы осы ауылдың тумалары мен ауыл тұрғындары көптеп жиналды. Жиналғандарды Тұңғыш Президент күні және ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтаған Талас ауданының әкімі Болат Рысмендиев, алғашқы сөзді Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытжан Әбдірайымовқа берді. – Бұл спорт нысанын, – деді ол, – Тұңғыш Президент күні мерекесіне орайластырып ашудың символикалық мәні бар. Өйткені, Қазақстанның ширек ғасыр ішінде әлемге танылуы, жаңа тұрпатты мемлекеттің қалыптасуы мен жетістігі – Ұлт Көшбасшысы, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Ендеше, оның есімін ұлықтау, тарихи бағасын беру сәті әбден пісіп, жетілді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков нысанның ашылу рәсіміне қатысушыларды құттықтап: «Ауылдың келбетін жаңғыртуға демеушілік жасау – ол Елбасының патриоттық, отаншылдық жөніндегі идеясының жарқын көрінісі ретінде бағаланады», деді. Ашылу рәсімінде ауылдың ардагерлер кеңесінің төрағасы Қыдырәлі Жүсіпов елді мекеннің көркеюіне үлес қосып жүрген демеушілерге алғысын білдірді. Алқызыл лента қиылған соң, жиналған жұртшылық аймақ спортшыларының қатысуымен стол теннисі мен кіші футболдан өткен спорттық бәсекені тамашалады. Жарыс жеңімпаздарына ережесіз жекпе-жектен әлемнің үш дүркін жеңімпазы Ардақ Назаров пен Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров кубоктар мен дипломдар табыс етті. Ардақ Назаров мерейлі мерекемен құттықтап, «Бұл аймақтан да еліміздің, әлемнің, Олимпиаданың чемпиондары шыға берсін», деген тілегін білдірді. Салтанат соңында Талас ауданының өнерпаздары әннен шашу шашып, қонақтарға ас беріліп, әруақтарға құран бағышталды.

Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».

Үшарал ауылы, Талас ауданы.

Ұқсас жаңалықтар