Ұрпақ қамын ойлаған ұлт көшбасшысы

Ұрпақ қамын ойлаған ұлт көшбасшысы
ашық дереккөз
Ұрпақ қамын ойлаған ұлт көшбасшысы
Еліміз сан ғасырлар бойы армандаған Тәуелсіздікке қол жеткен алғашқы күннен бастап-ақ бейбіт саясатқа негізделген еліміздің даму үрдісі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен тікелей байланысты. Облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен «Қазақстандық мемлекеттілікті қалыптастырудағы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің рөлі» тақырыбындағы республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда егемен еліміздің жүріп өткен жолы жан-жақты айтылды. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы және ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған ауқымды шара облыстық қазақ драма театрында өтті. Оған облыстық мәслихат депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар және БАҚ өкілдері қатысты. Алдымен көпшілікке Елбасы және ел өмірінің жарқын сәттері бейнеленген деректі фильм көрсетілді. Содан кейін конференция өз жұмысына кірісті. img_6032 img_6116 img_6169Модератор, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Дария Қожамжарова күн тәртібі бойынша жиынды жүргізіп отырды. Алғашқы болып сөз алған өңір басшысы Кәрім Көкірекбаев жиналғандарды мемлекеттік мерекемен құттықтап, конференцияны ашып берді. – Құрметті конференцияға қатысушылар! Қадірлі қонақтар! Биылғы Тұңғыш Президент күні – Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейлі мерекесімен тұспа-тұс келіп отыр. Осы ширек ғасыр ішінде еліміз экономикалық-әлеуметтік және саяси қиыншылықтарды еңсеріп, дамыған 50 елдің қатарына енді. Бұл – шынында тарихи жеңіс. Бұл – Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың батыл қадамдары мен тарихи шешімдерінің жеңісі. Жақында ғана Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Декларацияның қабылдағаны өздеріңізге белгілі. Бүгінде жалпы халықтың кең қолдауына ие болған Тәуелсіздік Декларациясы – аса маңызды тарихи құжатқа айналып отыр. Бұл тарихи құжатта еліміздің ширек ғасыр ішінде жеткен жетістігі мен алған асу-белестері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегінің арқасында болғаны айрықша атап өтілді. Өйткені, Тәуелсіз мемлекет құру ісі мен Президент қызметі – қатар жүретін егіз ұғым. Ал Тұңғыш Президент күні – Қазақстан халқының Ұлт Көшбасшысына деген сенімі мен құрметінің көрінісі. Бұл мереке – тарихи қысқа мерзімде елімізді өркениет биігіне көтерген, Қазақстанды әлемге паш еткен Ұлт Көшбасшысына деген халықтың шексіз ризашылығы. Бүгінгі конференция барысында Елбасымыздың осы жылдардағы тынымсыз, әрі нәтижелі еңбегін көрсету арқылы, еліміздің даму кезеңдері мен қол жеткізген жетістіктерін біз тағы бір паш етеміз деп ойлаймын. Баршаңызды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесімен тағы да құттықтаймын! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы болсын! – деді Кәрім Нәсбекұлы. Осыдан соң баяндамашылар кезек алып, түрлі тақырып бойынша ойларын ортаға салды. Бірінші болып тарихшылардың Ұлттық Конгресінің ғалым-хатшысы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов «Мыңжылдықтар тоғысындағы қайта жаңғырған мемлекеттік дәстүрлер сабақтастығындағы Н.Назарбаевтың рөлі» тақырыбында баяндама жасады. Ол өз сөзінде екі мың жылдық өткені бар Тараздың тарихи шаһар, Жамбыл жері Қазақ хандығының туы тігілген қасиетті өңір екеніне тоқталды. Ал «Тәуелсіздік және жастар» тақырыбында сөз алған М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Махметқали Сарыбеков ел дамуы жолындағы жастардың үлесі, оларға мемлекет тарапынан жасалынып жатқан көптеген қолдаулар, жастардың бойындағы патриоттық сезім және білім, ғылым жайында әңгімеледі. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Заманауи саяси зерттеулер институтының директоры, саясаттану ғылымының докторы Мұхит-Ардагер Сыдықназаров «Президент Н.Назарбаевтың сыртқы саяси стратегиялық көрінісі: заманауи қауіп-қатерлер жағдайындағы Тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясаты» атты баяндамасында егемен еліміздің әлемдік деңгейдегі орны мен беделі хақында сөз қозғады. Жиын барысында сөз алған Тараз қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі директорының орынбасары Карлей Сузан Карол шетелдік мұғалімнің көзқарасындағы Тәуелсіз Қазақстан туралы айтып берді. Ол спорттағы жетістіктері арқылы жас Қазақстан мемлекетін жақсы тани түскенін, өзі үш жылдан бері елімізде жемісті жұмыс жасап жүргенін жеткізді. Шетелдік педагог еліміздің сәт санап дамып келе жатқанын тотыдай таранған Тараз шаһарына қарап-ақ бағамдайтынын білдірді. Соңғы болып баяндама жасаған Назарбаев университеті Білім беру жоғары мектебінің аға ғылыми қызметкері Дәурен Әбен «Нұрсұлтан Назарбаев – ядролық қарусыздану көшбасы» деп атап көрсетіп, өз ойын нақты мысалдар арқылы тарқатты. Ол өз сөзін: «Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуы – барлық қазақстандықтар үшін тарихи акт, қазіргіміз бен келешегімізге серпіліс беретін үлкен бастама. Қазақстанның осы мәселедегі ұстанымы әлемді ядролық зұлымдықтан сақтаудың алғышарты деп қабылдауға болады. Зымырандық-ядролық арсеналы ауқымы жөнінен әлемдегі төртінші орын алса да, бейбітшілікті жоғары қойған Қазақстан осындай тарихи шешіммен әлемнің назарына ілікті. Сондықтан болар, әлемді ядролық қарусыздандыру саммиттеріне ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуы үлкен маңызға ие» деп түйіндеді. Конференцияға қатысушылар тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың орасан зор еңбегі туралы толымды ойға толы баяндамаларды зор ықыласпен тыңдады.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Жанғазы Ахмет, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар