«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қазақтың қайраткер қызының қабірі қайда?

Қазақтың қайраткер қызының қабірі қайда?
ашық дереккөз
Қазақтың қайраткер қызының қабірі қайда?

Деректерде Алма Оразбаева Бөкей ордасында дүниеге келіп, Луговой стансасында өмірден өткен деп көрсетілген

Бастау

Оның өмір жолындағы осы бір белестері өскелең ұрпаққа үлгі болса керек. Білімге құштар, жаңаны үйренуге құмар. Сол жолда талмай ізденіп, көздеген мақсатына жеткен. Жалпы, Алма Оразбаева ұстаздық жолын Новая Казанка ауылынан бастаған екен. 1917 жылдың мамыр айында Ордада С. Меңдешевтің бастамасымен өткен мұғалімдер съезіне қатысып, оқу жүйесін өзгертуге үлес қосады. Ал, Кеңес өкіметі орнағанда әйел теңдігі, жесір дауы мәселелеріне тікелей араласып, мерзімді баспасөздерге уытты мақалалар жазады. 13Жаңа өкіметке Оразбаеваның көмегі қазақтың 1-үлгілі атты әскер полкін құру кезінде көп тиіпті. Соның әсері шығар, 1919 жылы 17 маусымда Қазақ әскери істер жөніндегі комиссариатының бұйрығымен саяси-ағарту бөлімінің үгітшісі болып тағайындалып, Мәскеудегі Я. Свердлов атындағы коммунистік университет жанындағы үгітшілер мен насихатшылар курсына оқуға жіберіледі. Сол жылы қазан айында РК(б)П қатарына қабылданады. Оның 1919-1928 жылдардағы істеген қызметтері жауапкершілігі жағынан да, жұмыс ауқымы жағынан да үлкен еді. Орынбор губкомы қазақ секциясының жауапты хатшысы, Бөкей губерниялық партия комитеті әйелдер бөлімінің меңгерушісі, Қазақ облысы және Қазақстан өлкелік комитетінің, БК(б)П Нижне-Волжск комитеті әйелдер арасындағы жұмыс жөніндегі бөлімінің меңгерушісі әрі бюро мүшесі, Қазақстан өлкелік саяси-ағарту бас басқармасының бөлім меңгерушісі...

Өрлеу

«Көңіл жүйрік пе, көкдөнен жүйрік пе» дегендей, межелеген жерге жетпесек те, алдағы болатын кездесуді көз алдымызға елестетіп келеміз. Бүгінгі сапардың мәні өзгеше екенін редакторымыз бір ауыз сөзбен ұқтырған. Құланда бізді осы аудандағы меншікті тілшіміз Сейсен Қожеке күтіп алды. Аудан әкімі Жарылқасын Айтақовқа жолығып, бұл сапардың мән-жайын айтып түсіндірген соң бірден Алма Оразбаевамен аз уақыт дәмдес-тұздас болған кісінің үйіне тарттық. Аудан әкімінің орынбасары Бейсен Әлпейісов жол бастап жүрді. Мектеп қабырғасында жүріп, Алма Оразбаева туралы көп естідік. «Алма Оразбаева кім болған?» деген сауалға «Ол әйелдер теңдігі үшін күрескен қазақ қыздарының көшбасшысы ғана емес, бүкіл шығыстың жарық жұлдызы болған мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ АКСР ОАК-нің президиум мүшесі болып сайланған, партияның 12-ші, 13-ші, 14-ші және 14-Бүкілодақтық партия конференциясының, коммунист әйелдердің Берлинде өткен ІІІ Халықаралық конференциясының және Коминтерннің V Конгресінің делегаты» деген жауабымыз дайын тұратын. Оразбаеваның партия қызметінен басқа да қазақ өнеріне, өнерлі жастарға жасаған қамқорлығы көп болыпты. Белгілі музыка зерттеушісі А. Затаевичтің: 12

«Алма Оразбаева – жас халық мұғалімі, қазақ әйелін күңдіктен құтқару жолында күресуші көрнекті қайраткер. Тамылжыған нәзік (сопрано) дауысы бар және әнді нақышына келтіріп, мейлінше әсем айтатын музыкаға аса қабілетті жан. Оразбаева менің жұмысыма барынша ықылас білдірген және маған өте құнды деректер берген бөкейлік бірінші қазақ қызы болды» деген пікірі осы сөзіміздің нақты айғағы болса керек. Алма Оразбаева туралы біздің бар білетініміз осы еді. Қазақтың қайсар қызының одан арғы тағдыры беймәлім болып келген. Осынау аяулы жанның өмірінің соңғы күндері Құланда өткен деп кім ойлаған?! Тағдырдың алдыңа тартар тосын сыйы көп-ау, сірә.

Көмбе

«Алма Оразбаева Құланда жерленген бе?» деген сауалдың жауабын іздеп келе жатқан «Ақ жол» газетінің экспедициялық тобындағылардың әрқайсысы сол сәтте іштей осындай ойда келе жатқаны сөзсіз еді. Сейсен Қожеке осы ойға тамызық құйғандай, «Ол кісі Луговойда табаны күректей 17 жыл тұрғанын білген кезден-ақ, көнекөз қариялармен дидарласып, Луговой ауылы тұрғындарынан сұрастыра бастадым. Өкінішке қарай, «білемін» деген кісіні кездестірмедім. Ол кісінің қайда жерленгенін көрген-білген ешкімді де таба алмадым. Бір күні маған аудандық өлкетану мұражайының қазіргі директоры 10

Есназар Құрымбаев інім телефон шалып: «Өткенде сіз Алма Оразбаева туралы дерек іздеп жүрмін деп едіңіз. Бізге өткен тарихымызды зерделеу үшін Алматыдағы Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының екі аға ғылыми қызметкері келіп еді. Сол кісілерге білетініңізді айтып берсеңіз?» деді. Мен оларға не айтамын, ол кезде қолымда нақтылы дерегім жоқ болатын. Көп ұзамай жасы 93-ке келген Оңласын апа Шайхазымқызының Алма Оразбаевамен дәмдес болғанын естіп, телефон арқылы байланыстым. Көргені де, көкейге түйгені де көп жан емес пе, алпыс жеті жыл бұрын көрген адамына қатысты оқиғаларды ұмытпапты», – деді. – Қазір жасым 93-те, 1921 жылы туылғанмын. Ал, 47 жылы қанша жаста екенімді өздерің есептеп көріңдерші, – деп бастады Оңласын апа әңгімесін. Көз алдымызға небір қара дауылға шыдас беріп, жайқала өскен діңі мықты емен ағашы елестеді. Тоқсаннан асса да, таяққа сүйене қоймапты. Көзілдірік таққаны болмаса, қазір мына жанында үйіріле отырғандардың жай жолаушылар емес екенін ойша саралап, іштей біліп отыр. – Біздің үйдегі кісі әкеден ағайынды үшеу еді. Алдыңғы екеуін соғысқа алды да, оны броньмен қалдырып, колхозға бастық қылып жіберді. Кім білсін, бір үйде бір тұқым қалсын дегені шығар. Мен кітапханада жұмыс істедім. Кейін балабақшада тәрбиеші болдым. Cоғыс уағында педучилищені бітіріп, мектепке ауыстым. Соғыс біткенде үйдегі кісімізді қайтадан райисполкомға шақырды. Маған мұғалімдік жұмыс тауып береміз деген. Қияқов деген кісі районода бастық болатын, сол Тельманға жіберді. Орталықта болса бірсәрі, ал қатынап істеуге жағдай қайда. Ол кезде ауыл арасында жүріп тұрған жеңіл машина тұрмақ, оның көлеңкесі де жоқ еді. Сөйтіп жүргенімде райкомда істейтін дос қызым мені саудада қызмет істеуге шақырды. Басында көне қоймадым, кейін амал жоқ кішкентай ларекты қабылдап алдым. Қорқып істеген жақсы екен, барғаннан есеп-қисапқа төселіп алдым. Жақсы істеген соң орталықтағы үлкен универмагқа ауыстырды.

Алма апа

Міне, менің Алма Оразбаевамен таныс-білістігім де сол кезде басталды. Аз уақыт дастархандас, сыйлас болғанымызға да осы универмагта істейтіндігім әсер еткен болуы керек, – деп сәл тыныстап алды қария. Әңгіменің негізгі тұсына келгенін аңғартқысы келгендей. Біз де емініп, ентелей түстік. – Ол уақытта халық қазіргідей тығыз емес, аз болатын. Қиын-қыстау заман ғой. 9

Бірақ, сондай ауыр кезеңге қарамастан, бір-бірін қонаққа шақырып жататын жұрт. Біздің ата-бабаларымызды білетін кісілер бар екен, олар бізді текті атаның ұрпағы деп сыйлап, құрмет көрсетіп тұратын. Солардың бірінің үйіне қонаққа барғанымда Алма апамен таныстым, – деді. Оңласын апа жолдасының арғы тегі туралы әңгімені бекер қозғамаған секілді. Бұл кісі – белгілі революционер Шөңгер болысы болған Қазбек Асыловтың келіні. Атасы Әулиеата өңіріне белгілі Құдайберген майырдың ұрпағы. Кезінде үлкен қызметтер істеген, 1920 жылы ревком төрағасы болған. Партия қатарына қабылданған, ВКПБ-ның мүшесі. Біз дерегін іздеген қазақтың қайраткер қызы мына алдымызда отырған жанмен жақын таныс-біліс болғысы келгені де сондықтан шығар бәлкім. – Бір байқағаным, ол кісі бұл жақта көп адамдармен араласқан жоқ. Бәйтеновтердің отбасы, тағы бірді-екілі кісілермен ғана қатысатын. Бәйтенов осында қызмет істеді. Жастығым шығар, әйтеуір, сол шақта неге олай деп ойланып көрмеген екенмін. Қазір мұғдарлап қарасам, Бәйтеновтер бұл жақтікі емес еді, ұмытпасам руы Әлім болатын. Содан кейін апай ара-тұра дүкенге келіп тұратын. «Наныңнан кішкене бере аласың ба?» дейтін. Ол өзі бір жоқшылық жайлаған заман еді ғой. Соғыстан кейін де талонмен нан үлестіруші едік, әрине, жабық мекемелерге... Мен ғой сатушымын. Бір Луговойдың өзіне бар болғаны елу бөлке беретін. Соны таразыға салып, өлшеп, бәріне жеткізуім керек болатын. Бірақ, дастархандас болған таныстығымыз бар емес пе әрі апайдың шарасыз халін көріп жаным ашып, таразыдан артылған нанды екі, кейде үш күнде бір сол кісіге беріп 8

тұратын болдым. Ол кісі өнебойы сұрамайтын, бірақ екі-үш мәрте келді. Бірде ол кісі мені түсте үйіне шайға шақырды. Жақынырақ танысқысы келген шығар деп ойладым. Үйі бұрынғы Профсоюзная көшесінен төмен Октябрь көшесінде болатын. Ол уақытта сол Октябрь көшесінен басқа ұзын, үлкен көше жоқ еді. Сол тұста екен үйі. Екі бөлмелі ғана кішкентай жаппа там. Кіреберісі тар. Үйдің еденінде ағаш тақтай емес, балшықпен сыланған, төбесі де сондай. Бірақ, жертөле болса да тап-таза, анау-мынау мүлік жоқ. Темір кереует, кішкене дөңгелек үстел тұрды ортада. Затымыз әйел болған соң, үйде не бар, не жоқ деп қарайтын әдетіміз ғой. Үй-жайынан есімде қалғаны сол. Біз жақта үлкен қып пісірген бауырсақты «арғынның бауырсағы» дейтін. Қазір елдің бәрі пісіретін болды емес пе? Бірінші рет сол үйдің дастарханынан көрдім. Аз ғана майы бар. Құлақасқа ғып сүт құйған етке бергісіз қып шай берді. Анадай жерге плитка ма бірдеңеге қойып, дембіл-дембіл ысытып отырды. Үйде қараторылау келген жастау бір келіншек жүрді. Оның сіңлісі ме, келіні ме, сұрамаппын. Бірақ, оны Мәдина деп атағаны құлағымда қалыпты, – деп қария есіне тағы да әлденені түсіргісі келгендей алыс бір нүктеге ойлана көз тастады. – Үйіне шақырғанда өзінің өмірі туралы ештеңе айтпады ма, – дедік біз осы сәттегі үнсіздікті пайдаланып. – Жоқ, айтпады. Шай үстінде байқағаным, апайдың жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі өзгеше. Ашаң жүзді, шашына ақ түскен, өңі жүдеу. Бірақ, өте мәдениетті, әдепті. Анда-санда орысша араластырып сөйлеп қалады. Сөз арасында «біз де үлкен, зәулім үйде тұрғанбыз, бұл апаң бәрін көрді ғой» деді күрсініп. Шамасы, сол кездегі жай-күйіне қарай айтса керек. – Ол кісі жас кезінде ажарлы кісі болған екен, – деп тағы да нақтылай түспек болдық, Оңласын апа Алма Оразбаеваның өзі көрген кездегі түр-сымбаты, мінез-құлқы жайлы сипаттай бастағанда. – Иә, ажарлы болғаны көрініп тұратын. Жүдеулігі болмаса, сол кездің өзінде әдемі еді. Кейін Шәтеков деген кісінің үйінде жолықтық. «Ой, айналайын кел, жоғары шық» деді өзіне жақын тартып. Дастарханда Қизабас: «Оңласын-ау, сенің келген жерің үлкен жер ғой. Бұл кісі де керемет адам болған», - деп қысқа қайырып, үлкен әңгіменің шетін шығарған. Апай туралы облыста сот болып қызмет істеген (аты есімде қалмапты) оралдық бір азаматтың әйелі үнемі жақсы әңгіме айтып отыратын. Қателеспесем, ол кісі ақын Абайдың немере туысы еді. – Қонаққа барғанда ән салмаушы ма еді, Александр Затаевич «Жайық», «Қосай», «Танысу жыры», «Зейнешім», «Саржан», «Төртпішен», «Ғиндаш», «Айнамкөз», «Қоштасу» деген әндердің нұсқасын осы кісінің орындауында жазып алған дейді. Сөз арасында сынамалап қойған сұрағымызға оң жауап ести алмадық. Қария ол кезеңнің ел еңсесін көтере қоймаған, қиын-қыстау шақ екенін есімізге тағы бір салып, әңгімесін жалғады. – Сөйтіп, бірде Қизабастың, енді бірде облыста сот болған (аты есімде қалмапты) оралдық азаматтың үйінде бас қосып тұрдық. Кейін Алма апай қайтыс болыпты дегенді естіген соң, барсам, үйде ешкім жоқ. Көршілерінен ол кісінің үлкен жолдан қазіргі Қарақат ауылына бұрылатын тұстағы зиратқа жерленгенін білдім. Қизабас та сол жақты нұсқады. Ол зиратқа Октябрь Шаруадағы Аламан ұрпақтары жерленетін. Топырағы торқа болсын, жәннатта нұры шалқысын. Ол кісі тірісінде мені сыйлады, мен де барынша құрмет көрсететінмін. Біздің атамызды біледі екен, «сол кісінің келіні екенсің ғой» деп мақтап қоятын. Кім біледі, атамыздың бір көмегі тиген шығар, – деді Оңласын апа. Қария жастық шағына қайта оралғандай ақтарыла айтты әңгімесін. Өткен күннен бір белгі іздеп, қазақтың қайсар қызының жұмбақ болып келген өмірінің соңғы күндері жайлы суыртпақтап сыр іздеген топпен қимай қоштасты. Ризашылығын білдіріп, батасын берді. Қымбат қазына жасырылған көмбені ашқандай тоқмейіл көңілмен аттандық біз де.

Белес

Оңласын апа қазір де сол қайын атасы Қазбек Асыловтың есімі берілген қара шаңырақта немересі Орынбекпен бірге тұрып жатыр. Әбіт Қазбекұлы Асылов ағамыз да партия, кеңес, шаруашылық қызметінде ұзақ жылдар бойы мінсіз еңбек етті. Ал, Құдайберген майыр Бәйетұлы Қоқан хандығына қарсы жорықтарға қатысқан аты алашқа белгілі адам. Құландықтар оған аудан орталығынан ескерткіш орнатты, көшеге есімін берді. Иә, біз батыр бабаларымыздың ерлігін ешқашан ұмытпаймыз. Ал, елі үшін еңіреп туған, қазақ қыздарының теңдігі мен бостандығы үшін барлық өмірін сарп еткен шығыс әйелдерінің көшбасшысы Алма (азан шақырып қойған аты Нұрсұлу) Оразбаеваға неге осы Құланнан бір мектептің, көшенің атын бермейміз? 11

Көкейімізде қылаң берген осы бір ойды Құлан ауылының шығыс жағындағы зиратқа келгенде тағы бір ой кеулеп, жалғап әкеткендей болды. «Елу жылда ел жаңа» демекші, ескі қабірлердің орны білінер-білінбестей. Біздің топ сол жерге келгенде тоқтап, тізе бүкті. Ескі, әбден аласарып, басылып кеткен бейіттердің қайсысының қазақтың қайраткер қызы Алма Оразбаеваныкі екенін тап басып айту, тіпті мүмкін емес. Бірақ, оның дәл осы зиратта жатқанына ешбір күмәніміз қалған жоқ. Сондықтан марқұмның әруағына Құран оқып, бата жасадық. Бұған дейін Алма Оразбаеваның Құланда жерленгеніне ешкім мән де берген жоқ. «Ақ жол» газетінің экспедициясы Құланға келіп 93 жастағы Оңласын Шайхазымқызы Асыловаға жолығып, одан ол кісінің жерленген жері Құлан ауылының күн шығыс жағындағы ескі бейітте екенін білген соң осы деректі жұртқа жариялауға мүмкіндік туып отыр. Бұл да бір міндет, ол, міне, орындалғандай. Бұрын бірқатар деректерде «Алма Оразбаева өмірінің соңғы жылдарында Луговой стансасында тұрып, сонда 1948 жылы қайтыс болған» деген мәлімет болатын. Ал, ауызекі әңгімелерде Алма Оразбаеваның Иван Каширин деген чекистпен тұрмыс құрғанын, кейін Алма апамыз Коминтерннің тапсырмасымен Монғолияға кетіп, одан қайтып оралғанда оның апамызға опасыздық жасап, Алманың әпкесі Сақыпжамалға үйленіп, екі жасар баласын алып, кетіп қалғаны оған аса ауыр соққы болып тигені айтылады. А. Оразбаеваның содан жүйкесі жұқарып, айықпас дертке шалдыққаны, содан соң Луговойға сіңлісі Мәдина Омарованың қолына келіп, он жеті жыл тұрып, осында дүниеден озғаны туралы да сөздер бар. Ал, кей зерттеушілер мүлде басқаша айтады. Мәселен, республикалық «Жұлдыз» журналына жарияланған сұхбатта белгілі әдебиет сыншысы Құлбек Ергөбектің жары Баян Адырбек: «Алма Оразбаева орыс нәсілді азаматқа тиген екен. Ол да революционер болыпты. Жарасымды, жақсы семья болса керек. Мәскеу (КПСС) бір күні Алманы Моңғолияға арнайы тапсырмамен жіберіпті. Бір жылға ма, екі жылға ма? Алманың емшекте баласы бар екен. Сол сәбиге қарар деп ауылдан сіңлісін алдырады. Емшектегі баласын байы мен сіңлісіне қалдырып, Алма Монғолияға кете барады. Әйел адам сыртта қайдан жағдайы болсын, жадап-жүдейді. Алайда, коммунистік тапсырма, өз бетінше тастап кете алмайды. Бас тартуға тағы болмайды. Араға жыл, не екі жыл салып, Қазақстанға оралады. Күйеуі, сіңлісі қарсы алады. Сіңлісі екіқабат. Шермиіп тұр. Күйеуі жайлап әңгіме бастайды. – Алма, сен Монғолияға кеткенде біз бәленше екеуміз қосылып қойдық. Енді бала күтіп отырмыз. Сен, кешір! – А-а-а,-деген дауысы шығады Алманың. ...Алма жынданып кетеді. Алматыда арнайы ауруханада жатады. Арнайы пансионат (үй) бөліп, қасына дәрігер қояды. Жазылмайды. Мәриям апай халін біледі. Алма Мәриямды танымайды. Жүдеген. Меңіреу. Айдалаға қарап отырады. Орынсыз «ха-ха-лап» күледі. Бебеулеп жылайды. Бірде томсырая қалады... Сіңлісі күйеуімен тұрып жатады. Бірақ, Алматыдан көшіп кетеді. Қаһарлы 1937 – жетеді. Орыс нәсілді күйеу – «халық жауы». Ұсталып кетеді. Қорек керек. Сіңлісі нәпақа үшін қуынып жүріп, Алманы қолына алады. Не хикмет екенін кім білсін, жалынып-жалпайып қолына алған Алма әпкесіне зәбір көрсетсе керек. Ақыры Шымкентте тұрып жатқанда, Оралға жайдақ машинаның үстіне жайғастырып, аттандырып жібереді. Жолда суық боранға тап болады. Алма үсіп өледі. Сүйегі Қаратау мен Алатаудың түйіскен бір жерінде қалады. Зираты жоқ». Нақтырақ айтсақ, бұл Баян Адырбектің сөзі емес. Күйеуі Құлбек Ергөбектің жазбасы. Қазақтың ақын қызы Мәриям Хакімжанованың аузынан естіп, жазған Құлекең. Бірақ, көзі тірі куә Оңласын ападан естігендеріміз мүлде басқаша. Уикипедия – ашық энциклопедиясында А. Оразбаеваны 1898 жылы 28 желтоқсанда Бөкей ордасында дүниеге келген, 1948 жылы Жамбыл облысы Луговой стансасында өмірден озды деп көрсеткен. Сонда қай дерекке сенеміз? Осындай ойдың жетегінде Оңласын апа нұсқаған көшеге келдік. Қазіргі Оран Болысов пен Жібек жолы көшесінің қиылысы. Осы жерде екі бөлмелі жер там болыпты. Бұрынғы ауатком мен комсомол комитеті төрағалары да осы маңдағы үйлерде тұрған дейді. Қазір бұл жерде аудандық соттың ғимараты қоныс тепкен. Ескі жаппа тамдардың орны да жоқ. Күннен-күнге жаңғырған аудан орталығында сол кезеңдегі көне ғимараттар жоқтың қасы. Бертінде бой көтергендерінің өзі күрделі жөндеуден өтіп, қазіргі үлгіге сай жаңарған. Ал, А. Оразбаева тұрды деген үйдің орнында басқа құрылыс нысандары тұр.

Түйін

Тарихтағы «ақтаңдақ» беттерді ақтару, жұмбақ сырларды ашу, өткенді жаңғырту, халықтың біртуар ұл-қыздарын дәріптеу – бүгінгі ұрпақ үшін ұлағатты іс. Күні ертең бүгінгіміз ұмытылмас үшін. Өмірінің соңғы жылдарын тағдырдың жазуымен Құланға келіп өткізген қазақтың біртуар аяулы қызы туралы деректі іздеуге итермелеген жай да осындай мақсаттан туған. «Ештен кеш жақсы» дейді қазақ. Бұл мәселе бүгінгі күнге дейін елеусіз болып келген. Тіпті, аудан орталығында әлі күнге дейін Алма Оразбаева атындағы көше жоқ болса, ол да сол алаңсыздығымыздан. Енді аудан басшылары мемлекет және қоғам қайраткерінің атын ардақтап, басына белгі қойып, бір көшеге, бір білім меке­месіне есімі беріліп жатса, нұр үстіне нұр болмай ма?!.

Экспедиция мүшелері: жетекші – Көсемәлі Сәттібайұлы, тілшілер: Сейсен Қожеке, Ардақ Үсейінова, Ақәділ Рысмахан. (Фототілші).

Тараз – Құлан –Тараз.

Ұқсас жаңалықтар