Жамбылдық жас зерттеушілердің ғылымға деген құлшынысы қуантады
- author «Ақ жол»
- Бүгін, 15:39
- 100
Нақтырақ айтсақ, Астана қаласындағы №115 жалпы орта білім беретін мектеп базасында 9-11 (12) сынып оқушыларына арналған «Ғылым әлемін ашамыз» ғарыштық зерттеулер бойынша халықаралық ғылыми конкурсынан Тараз қалалық білім бөлімінің №40 гимназиясының 10-сынып оқушылары Адина Омарова, Федор Щербаков, Инсар Жаманқұл І орынды олжалады. Осы гимназияның 9-сынып оқушылары Кирилл Фаст, Виктор Мельников, Максим Хегай жүлделі ІІІ орынның биігінен көрінді. Ал дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» лицейинтернатының 9-сынып оқушылары Нұрсәт Рахым, Мирас Сәкенұлы ІІ орынды жеңіп алды.
Сонымен қатар Тараз қалалық білім бөлімінің №12 мектепгимназиясының 11-сынып оқушылары Ерасыл Абдықадыр, Арнұр Болатбек Алғыс хатпен марапатталды.
– «Жамбыл дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталығы республикалық, халықаралық ғылыми жобалар конкурстарында іріктеуден өткен оқушылардың ғылыми ізденіске деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында түрлі жұмыстар жүргізеді. Үнемі ғалымдармен кездестіріп, пікірлесулер ұйымдастырып отырамыз. Тәжірибелі ғалымдар жас зерттеушілерге бағыт-бағдар көрсетіп, нысанға алған тақырыптары бойынша өз кеңестерін береді. Оқушылардың өз тақырыптарын тереңірек зерттеуге мүмкіндік беріп, қайтадан қорғатып, бір-бірін тыңдатамыз. Республикаға барар кезде оқушыларды қайтадан жинап, бір-бірін тыңдатып, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасап, дайындықтарын әбден пысықтаймыз. Жарысқа қатысатын балаға шешендік, өзіне деген сенімділік қажет. Міне, осының бәрі бір-бірінің қорғауларын тыңдау барысында нығая түседі. Жаңалығы бар жұмыстарды іріктеп, ғалымдарға жолдаймыз. Осындай жұмыстардың нәтижесінде оқушыларымыз көптеген жеңістерге жетіп, ел сенімін, ұстаздардың еңбегін ақтап жүр. Былтыр да, биыл да республикалық ғылыми жобалар конкурсында жалпы республика бойынша Жамбыл облысы жаратылыстану бағытынан ІІ орынды, гуманитарлық бағыттан І орынды алып келді. Жыл сайын ғылыми байқаулардан үздік нәтиже көрсетіп келеміз. Оның дәлелі – 17 жыл қатарынан облыс оқушыларының Үздік команда атануы және былтыр да, биыл да І, ІІ орындарды ешкімге бермей, біздің оқушылар олжалап отыр. Бұл, әрине, «Жамбыл дарыны» аймақтық ғылымипрактикалық орталығының директоры Майра Есеналиеваның талапшылдығының, үлкен жауапкершілікпен қараған қамқорлығының арқасында жүзеге асып отырған жоғары нәтиже. Осы жарыстың өзінде ел бойынша тіркелген 7 мың оқушының ішінен 180-і ғана халықаралық деңгейге өтіп, солардың қатарында біздің Жамбыл облысынан 12 оқушымыз кірді. Екі оқушымыз бара алмай, 10 жамбылдық оқушы барып, 8-і жүлделі орындарды жеңіп алып, екеуі Алғыс хатпен марапатталып келді. Бұл – облысымыздың білім саласындағы үлкен жетістік. Жеңімпаз оқушыларымызды біліммен қанаттандырып, зерттеу жұмыстарына бағыт беріп, жарысқа дайындаған облысымыздың жоғары оқу орындарының оқытушы ғалымдары мен ұстаздарымызға үлкен алғыс білдіреміз, – дейді «Жамбыл дарыны» аймақтық ғылымипрактикалық орталығының бөлім басшысы Қарлығаш Нұрбаева.
Мазмұнды әрі тәжірибеге толы болған Халықаралық «Ғылым әлемін ашамыз» ғылыми жарысына оқушыларды әзірлеген дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» лицей-интернатының мұғалімі Дәулет Рақманқұл тынымсыз еңбекпен үлкен дайындық жүргізілгенін айтты. – Оқушылар ұзақ дайындалып, еңбектері бағаланғанына қуанып отырмыз. Бірінші кезеңде оқушылар су ракетасының моделін жасап, оның жұмыс істеу принципін теориялық тұрғыдан түсіндірді. Екінші турда Астанада су ракетасын құрастырып, 20 командамен жарысқа түсті. Дайындық кезінде қолдау көрсеткен «Жамбыл дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталығына рақмет, оқушыларды жетекшілік етіп, осы орталықтың маманы алып барып, келді.
Оқушылар мектебіміздің ғана емес, облыстың абыройлы атын шығарып, бәріміздің үмітімізді ақтады. Бәріміз қуаныштымыз, – дейді оқушысы сайысқа түскенде тақымын қысып, тілеулес болған ұстаз. Дарынды оқушыларды анықтау, дамыту және қолдау, жасөспірімдер арасында ғылыми-зерттеу қызметіне қызығушылықты арттыру мақсатындағы жарыс үш бағыт бойынша жүргізілген.
Атап айтқанда, AEROO Satellite Launch Competition аясында қатысушылар наноспутниктерді жобалап, құрастырып, ұшырды. AEROO Space AI Competition секциясында жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып, ғарыштық жобалар әзірленді. «Күн жүйесі» AEROO Rocket Science Competition бағыты бойынша су және модельдік зымырандар құрастырылып, сынақтан өткізілді. Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы мен «AEROO» компаниясы ұйымдастырған жарыстың қорытындылау салтанатына Оқуағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова қатысып, жеңімпаздарды арнайы марапаттады.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Бұлақ көзі ашылып, ағаштар отырғызылды
- Бүгін, 15:46
Ақпарат
ЖИ: шетелде қалай, бізде қалай?
- 31 наурыз, 2026
Тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетілді
- 31 наурыз, 2026
Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алудың талабы қандай?
- 31 наурыз, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




