«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Екеуі екі әлем, бірақ бір білім

Екеуі екі әлем, бірақ бір білім
Автор
СОҢҒЫ ЖЫЛДАРЫ ЕЛІМІЗДЕ ҚОЛҒА АЛЫНҒАН «КЕЛЕШЕК МЕКТЕПТЕРІ» ЖОБАСЫ – «ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» ҰҒЫМЫ ҚОҒАМДА ҚЫЗУ ТАЛҚЫЛАНЫП, КӨПШІЛІКТІҢ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫН АРТТЫРЫП ОТЫР. БҰЛ ЖАҒДАЙЫ ЖАСАЛҒАН ЖАЙ ҒАНА ЖАҢА ҒИМАРАТ ПА, ӘЛДЕ БІЛІМ САПАСЫН ЖАҢА ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРЕТІН МАҢЫЗДЫ ҚАДАМ БА? ТАЛАЙДЫ ТОЛҒАНДЫРҒАН БҰЛ СҰРАҚТЫҢ ЖАУАБЫН ЖАН-ЖАҚТЫ САРАЛАП КӨРГЕН ЕДІК.

Келешек мектептерінің дәстүрлі мектептен қандай айырмашылығы бар?

Қазақтың ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсарин «Кел, балалар, оқылық!» деп ұран тастағанда, оның басты арманы – білімге құштар, саналы ұрпақ тәрбиелеу еді. Ал сол білімді қандай ортада алу керектігі бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отыр.

Тараз қаласында бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Облыстық білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбековтің айтуынша, бүгінде қалада 80 мектеп бар. Соның ішінде соңғы жылдары «Келешек мектептері» жобасы аясында 4 жаңа форматтағы білім ордасы пайдалануға берілген. Олар «Бәйтерек» және «Ұлы дала» шағынаудандарында, сондай-ақ Шөлдала алқабында орналасқан.

Жалпы өңір бойынша 7 «жайлы мектептің» құрылысы жоспарланып, бүгінде олардың барлығы пайдалануға берілген. Ал алдағы уақытта бұл жоба аясында жаңа мектеп салу жоспары қарастырылмаған.

Жайлы мектептің жай мектептен айырмасы неде?

Бір қарағанда, айырмашылық тек жаңа ғимаратта секілді көрінуі мүмкін. Алайда шын мәнінде, мәселе әлдеқайда тереңде жатыр.

«Келешек мектептерінің» басты ерекшелігі – оқушыға бағытталған заманауи білім беру ортасын қалыптастыруында болып отыр. Мұндай мектептерде: кең әрі жарық сыныптар, заманауи пәндік кабинеттер мен зертханалар, спорттық және шығармашылық аймақтар қарастырылған. Бірақ негізгі өзгеріс тек материалдық базада емес. Мұнда оқу үдерісі оқушының қажеттілігіне бейімделіп ұйымдастырылады. Қауіпсіздік, қолжетімділік және жайлылық – басты басымдыққа айналған.

Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімнің мәнін тереңнен түсіндірсе, тағы бір сөзінде «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деп, сапалы білімнің негізі мұғалімде екенін айқындап берген. Көпшілікті алаңдататын сұрақтардың бірі–«Жайлы мектептер» тек таңдаулы балаларға арналмаған ба?

Бұл сұраққа басқарма басшысы нақты жауап берді: бұл мектептер – мемлекеттік жалпы білім беретін ұйымдар. Яғни қабылдау жалпыға ортақ қағидалар бойынша, аумақтық принцип негізінде жүзеге асады. Арнайы іріктеу жоқ. Бұл – жобаның басты әлеуметтік маңызын айқындайды. Яғни «жайлы мектеп» элиталық емес, керісінше қолжетімді мектеп болуы тиіс. Ыбырай Алтынсариннің «Мектеп – қазақтарға білім берудің басты құралы» деген пікірі де осы тұста өзектілігін жоймайды. Себебі мектеп – тек білім ордасы ғана емес, тең мүмкіндіктер алаңы.

Жаңа мектеп болғанымен, мұғалімдердің мәртебесі өзгермейді. Педагогтер конкурс арқылы қабылданады, ал жалақы республикалық бірыңғай жүйе бойынша төленеді. Бұл тұрғыда «жайлы мектеп» пен қарапайым мектеп арасында айырмашылық жоқ.

Бұл жерде Абайдың «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген сөзі еріксіз еске түседі. Яғни қандай мектеп болмасын, білім сапасының кілті – ұстаздың еңбегінде десек қате айтқандық емес.

Артықшылығы инфрақұрылым ба, әлде сапа ма?

Кей сарапшылар бұл жобаны тек инфрақұрылымдық жоба ретінде қарастырады. Алайда Нұрбек Оршыбековтің пікірінше, бұл – кешенді бастама. Заманауи ғимараттар салу арқылы білім сапасын арттыруға жағдай жасалады. Себебі сапалы білім алу үшін ең алдымен қолайлы орта қажет.

Шын мәнінде, соңғы нәтижелер де осыны көрсетіп отыр. Сонымен қат ар оқушылар санының шамадан тыс жүктемесі азайып, оқу процесінің сапасы жақсарған.

ТІЛШІ ТҮЙІНІ: «Жайлы мектеп» – жай ғана сәнді ғимарат емес. Бұл – білім беру философиясының өзгеруі. Бұрын мектепке бала бейімделсе, енді мектеп баланың қажеттілігіне бейімделе бастады. Абай айтқандай, «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге». Ендеше, жайлы орта тек мүмкіндік. Ал сол мүмкіндікті білімге айналдыру – әр оқушының өз қолында. Бір нәрсе анық – жаңа мектептер жаңа мүмкіндік береді. Ал сол мүмкіндікті тиімді пайдалану – ұстаз бен оқушының ортақ жауапкершілігі. Ендеше, «жайлы мектеп» шын мәнінде жайлы білім бере ала ма? Бұл сұрақтың жауабын уақыт пен нәтиже ғана көрсетеді.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ

 

 

Ұқсас жаңалықтар