Біздің халқымыздың қолөнерінің тарихы ежелден бастау алады. Ботай мәдениетін зерттеген ғалымдар бұдан бес-алты мың жыл бұрын қазақтардың жылқы малын қолға үйретіп, оған қажетті әбзел-жабдықтарды жасай алған. Аттың үзеңгісінен бастап ер тоқымына дейін алтынмен аптап, күміспен күптеген. Малдың жүнінен түрлі киімдер тіккен, үй жиһаздарын жасаған. Көшпелілердің ол мәдениеті Еуропа халықтарына сіңісті болды. Олар қазақтардан атқа мінуді, киім тігуді үйренді. Міне, мен сол халықтың ұрпағымын. Менің де қолөнерге құштарлығым ата-бабамның қанымен келген. Бала күнімнен-ақ әжелерден, аналардан киіз басудың қыр-сырын үйреніп өстім. Анам көрпені жақсы тігетін. Сол қасиеті маған жұғысты болды. Мектепті бітірісімен Тараз педагогикалық институтының көркем-графика факультетіне оқуға түсуім сол қызығушылықтан туындады. Институтта жүріп бейнелеу өнері, сызу және еңбек пәндерінен дәріс алдым, қолөнер бұйымдарын жасауға қатыстым. Тіпті, қала ішіндегі байқауларда, көрмелерде жасаған бұйымдарымыз бағаланып жататын. 1995 жылы институтты аяқтап, Қаратау қаласындағы гуманитарлық-техникалық колледжіне ұстаз болып орналастым. Мұнда да оқытушылық қызметіммен қоса, білімгерлерді қолөнер бұйымдарын жасауға баулыдым. Сөйте жүріп қазақтың қолөнерін насихаттау үшін жеке кәсіпкерлікпен айналысуға бел будым. Қазақтың ұлттық киімдерін, той көйлектерін, қазақи өрнектермен әдіптеп тігуді қолға алдық. Күнделікті тұрмыста пайдаланылатын бұйымдарды ұлттық нақышпен безендіріп, жаңашылдықпен жетілдірді. Жасаған бұйымдарымыз тұтынушылар тарапынан жоғары бағаланды. Көрмелерге қатысып, жақсы нәтижелерге қол жеткіздік. Жақында ғана ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнап өткізілген «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік байқауына өзіміз жасаған қолөнер бұйымдарын апарып, марапатқа ие болдық. Жалпы, өз басым қазақтың қолөнер бұйымдары жерде қалмайды деп есептеймін. Өйткені, ол сәнділігі мен денсаулыққа пайдалылығы жөнінен шетелдік кез-келген бұйымнан артық. Ал бүгінгі таңдағы, қазақ елінің жаңа биікті бағындырғандығын айғақтайтын айшықты оқиға ол – ЭКСПО-2017 көрмесі. Жүзге жуық мемлекет өз жетістіктерін паш ететін бұл жаһандық көрменің болашақ дизайнерлер ретінде бізге берері мол. Сондықтан, осы ЭКСПО-2017 тақырыбына қолдан келгенше үлес қосу ниетімен білімгерлермен жүргізілген өз ғылыми-педагогикалық еңбектерімді ұсынғанды жөн деп санаймын. Біздің жасаған бұйымдарымыз көп, солардың таңдаулыларын халықаралық көрмеге ұсынсақ деген ойдамыз. Қазақтың қолданбалы өнерін әлем танып жатса, бізге одан артық бақыт бар ма?!
Ләззат Естебекова, жеке кәсіпкер.
Қаратау қаласы, Талас ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді