«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тәуелсіздікпен құрдас білім ошағы

Тәуелсіздікпен құрдас білім ошағы
ашық дереккөз
Тәуелсіздікпен құрдас білім ошағы

Тараз қаласында Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-гимназия 1991 жылы ашылған еді. Тәуелсіздікпен түйдей құрдас білім ошағы жақында ширек ғасырлық мерейтойын атап өтті. Салтанатты шараға Тараз қалалық білім бөлімінің қызметкерлері Гүлжан Жәдігерқызы, Дүрия Құрмашқызы, ардагер ұстаздар қатысты. Мектеп директоры Дариға Жұмаділова сөз сөйлеп, шараның мән-маңызына тоқталды. – Биыл біз ағартушы-ғалым Ы.Алтынсариннің 175 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өттік. Дәстүрлі түрде екі жылда бір рет өткізілетін «Ы.Алтынсарин оқулары» ағымдағы жылы да жарасымды жалғасын тапты. Оған қала мектептерінен 135 оқушы қатысып, 62 оқушы 4 номинация бойынша жүлдегер атанды. 25 жыл ішінде мектеп-гимназияны 1886 оқушы бітірді, оның 48-і «Алтын медаль», 31-і «Алтын белгі» төсбелгісінің, 6-ы үздік аттестаттың иегерлері. Мектеп бітірушілер ұлттық бірыңғай тестілеуге 100 пайыз қатысады. Өткен жылы 2 мектеп бітіруші, үстіміздегі жылы 1 түлек «Алтын белгі» төсбелгілерін иеленді, бір оқушы үздік аттестат алды. Облыстық, республикалық, халықаралық пән олимпиадалары мен ғылыми жоба жарыстарында жеңімпаз атанып жүргендер де бар. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті ұйымдастыратын республикалық деңгейдегі Ы.Алтынсарин атындағы пәндік олимпиада бірнеше жыл қатарынан мектеп-гимназияда өтуде. Өткен жылдың қорытындысы бойынша гимназиямыз қала көлемінде «Чемпиондар мектебі» номинациясын жеңіп алса, 2015-2016 оқу жылында қала мектептерінің арасындағы рейтингте алғашқы үздік 5 мектептің қатарына енді, – деді Дариға Мырзатайқызы ұжым еңбегінің жетістіктеріне тоқталып. Ұстаздар мен қонақтар гимназияның алғашқы директоры Ғалым Сметұлын бір минут үнсіздікпен еске алды. Шараға саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған, сан мың шәкіртке білім нәрін сіңірген зейнет жасындағы 31 ардагер ұстаз шақырылды. Олар өз естеліктерімен бөлісті. Заң ғылымдарының кандидаты Талғат Рахманберді мектеп түлектері атынан ұстаздарына алғысын білдірді. Прокурор болып қызмет еткен гимназия шәкірті бүгінде Астана қаласының Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары екен.

Ғалиябану ҮСЕНОВА, журналист.

Ұқсас жаңалықтар