«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Кеңесіп пішкен тон келте болмайды

Кеңесіп пішкен тон келте болмайды
ашық дереккөз
Кеңесіп пішкен тон келте болмайды

Облыстық мәслихаттың алтыншы шақырылған кезектен тыс VI-сессиясында тоғыз мәселе қаралды. Сессия жұмысына облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қатысты. Күн тәртібіне шығарылған мәселелер талқыланбас бұрын облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов Тараз қалалық мәслихатының хатшысы қызметінен Сарысу ауданына әкім болып тағайындалған Балабек Нарбаевты жаңа лауазымымен құттықтап, халық қалаулылары арасынан шыққан әкімге мол сенім артатындарын жеткізіп, жұмысына сәттілік тіледі. Келесі кезекте «2016-2018 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» облыстық мәслихаттың 2015 жылғы 14 желтоқсандағы шешіміне өзгерістер енгізу туралы облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов хабарлама жасады. Ол қазан айында облыста орын алған табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жою үшін қосымша 121миллион теңге, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Тараз қаласындағы ғимараттарды жарықтармен безендіру үшін 118 миллион теңге, Тараз қаласын сумен жабдықтау жобасына қосымша 216 миллион теңге бөлу жобасын ұсынды. Сессияға қатысушы депутаттардың қолдауымен бұл мәселе толық қолдау тапты. Халық қалаулылары «Жамбыл облысының (қаланың, ауданның) Құрметті азаматы» атағын беру қағидалары туралы» шешімге толықтыру енгізу барысы туралы мәселені де қарады. Аталған шешімге толықтыру енгізу туралы ұсынысты осыдан біраз уақыт бұрын облыстық мәслихаттың депутаты, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры Ерболат Саурықов түсірген. Ол өз ұсынысында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай, осындай айтулы мерекеде елге еңбегі сіңген, облыстың дамуына айрықша үлес қосқан азаматтарға «Құрметті азамат» атағын беруде депутаттардың шешімімен олардың санын арттыруға өтініш білдіріпті. Яғни, бекітілген шешімге сай жылда бұл атақ 5 адамға ғана берілсе, ал Тәуелсіздіктің 25 жылдығы құрметіне орай олардың санын 25-ке жеткізуді сұранған. Мәселеге қатысты облыстық мәслихаттың депутаты Асаубай Майлыбаев, Қоғамдық кеңестің төрағасы Жандар Кәрібаев, депутаттар Масат Берік, Дария Қожамжарова, Гүлдара Нұрымова, Мейрамбек Төлепберген өз пікірлерін айтты. Пікір білдіргендердің кейбірі бастаманы қолдамайтынын айтса, енді бірі ел арасында еңбегі сіңген азаматтарға лайықты құрмет көрсету үшін бұл ұсыныстың орынды екенін сөз етті. Мысалы, депутаттар Асаубай Майлыбаев, Мейрамбек Төлепберген және Масат Берік: «Меніңше, 25 адам деген өте көп. Өйткені, 25 жылдықта 25 адам, 50 жылдықта 50 адам болуы керек деген дұрыс емес, атақтың қадірін кетіреді, санан гөрі сапаны ойлайық» десе, Қоғамдық кеңестің төрағасы Жандар Кәрібаев: «Тәуелсіздік күні – ата-бабамыздың арманының орындалған күні. Егемендік алған жылдан бері Қазақстанды әлем таныды, оның халықаралық беделі артты. Әрине, жайшылықта барлық нәрсе бекітілген кестеден аспайды. Ал биыл ерекше жыл. Бұл айтулы дата бір ғасырда төрт рет қана тойланады. Әрбір ширек ғасырда. Ал біз биыл – Тәуелсіздіктің бірінші ширек ғасырын бастан өткеріп отырмыз. Мұндай кезең туа бермейді. Ал ұсыныстың мәтінінде міндетті түрде 25 адам деп көрсетілмеген. Оны дұрыс түсіну керек. Онда саны 25-тен аспайтын делінген. Облыстың аудандары мен қалаларында тұрып жатқан еңбегі сіңген түрлі саланың мамандары бар. Соның бәрін есепке ала отырып, дұрыс шешім қабылдау керек» деген пікірлерін білдірді. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев мәселеге қатысты өз ойын білдіріп, ұсынысын айтты. – Меніңше, мәселе 25-ке тіреліп тұрған жоқ. Мысалы, бір ауданнан лайықты деген 10 адам табыла ма, ендеше 10 адамға беріледі. Санға тіреліп қалған ештеңе жоқ. Тіпті, мемлекеттік наградалар екі есе көбейтіліп отыр. Өйткені, елді марапаттау арқылы олардың ел үшін жасап жатқан еңбегі еленіп, олар Тәуелсіздіктің рухын сезінулері керек, біз шалғайда жатқан елді мекен азаматтарына дейін бұл мерекенің мәнін жеткізуіміз керек. Біздің биыл елге жасайтын марапаттарымыз жеткілікті. Бастысы, осы отырған 35 депутаттың ешқашан ынтымағы кетпесін. Бірлігіміз кетпесін! Жасы үлкендерімізді сыйлайық, – деген облыс басшысы ынтымағы мен бірлігі жарасып, «қой» дейтін қариясы бар ауыл тұрғындары туралы әдемі тәмсіл келтірді. Сонымен, дауысқа салу нәтижесінде «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай бір рет «Жамбыл облысының (қаланың, ауданның) Құрметті азаматы» атағы облыс, аудан және Тараз қаласы деңгейінде жиырма бестен аспайтын азаматқа берілуі мүмкін» деген ұсыныс көпшілік депутаттардың қолдауына ие болды. Мұнан өзге сессия отырысы қарауында ұсынылған жеті мәселенің жетеуі де қолдауға ие болып, шешім қабылданды.

Маржан Рақай, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар