Биыл еліміз үшін аса саяси маңызды оқиғаларға толы жыл болды. Соның бірі – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауы. Сайлауда халықтың зор қолдауына ие болған «Нұр Отан» партиясы көш бастады. Міне, енді жетекші партия өзінің «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты жаңа сайлауалды бағдарламасын іске асыруға кірісті. Жалпы, «Нұр Отанның» бұған дейінгі бағдарламасы толық жүзеге асырылды ма? Партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Масат Берікпен болған сұхбат осы сауалдың толыққанды жауабын берді.
– «Нұр Отан» партиясы ең алдымен 2012 жылы халық алдында берген уәдесінде тұрып, сайлауалды бағдарламада көзделген міндеттерді мерзімінен бұрын орындады. Сонымен қатар, есепті екі жылда партия алға қойған мақсатқа толық жетті деуге болады. Жалпы, партияның Жарғысына сәйкес есеп беру-сайлау конференциясы екі жылда бір өтетіні белгілі. Онда көптеген ауқымды мәселелер көтеріледі. Осы кезеңде сол түйткілдердің шешімі табылды ма? Соған қарай алдағы уақытта жүргізілетін жұмыстың бағыт-бағдары айқындалады. Екі жылдық есепті кезеңде ең ірі саяси маңызды оқиғалар болды. Алдымен, 2015 жылы – Қазақстан Республикасы Президентінің және 2016 жылы 20 наурызында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауы өтті. Өңірдегі барлық деңгейдегі партия филиалдары мен бастауыш ұйымдар оны ұйымдастыруда үлкен белсенділік танытты. Біздің сайлаушыларымыз облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттардың жаңа құрамын іріктеп, таңдауда айрықша белсенділік танытты. Бүгінде барлық деңгейдегі мәслихаттарға сайланған 205 депутаттың – 198-і, яғни 96,6 пайызы «нұротандықтар». Осындай нақты көрсеткіштерге қол жеткізуде «Нұр Отан» партиясының аймақтық және аумақтық филиалдары жанынан құрылған қоғамдық штабтардың, оның белсенді мүшелерінің, бастауыш партия ұйымдарының, партия еріктілері мен жастардың еңбегі орасан. Бұл сайлаулар қасиетті Әулиеата тұрғындарының Елбасы, Ұлт Көшбасшысы, «Нұр Отан» Партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал саясатын қолдап-қуаттайтынын көрсетті. Елбасы, Партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаев «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық қорынан бөлінген қаржының тиімді әрі мақсатты жұмсалуына бақылау жасауды тікелей «Нұр Отан» партиясына жүктегені белгілі. Соңғы екі жылда облыс бойынша бағдарлама аясында 49 жоба іске асырылды. Былтырғысы – 24 жоба, осы жылдың еншісіне тигені – 25 жоба. Осы орайда бір айта кететіні, партияның барлық деңгейдегі мәслихаттардағы депутаттық фракциялары жанынан 5 арнайы комиссия құрылған. Маңызы зор әлеуметтік нысандарға партиялық бақылау жасау партияның мәслихаттардағы депутаттық фракцияларына жүктелген. Олар соңғы екі жылда әлеуметтік нысандарды аралап, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын қадағалап, жұмыс жасап келеді. «Нұр Отанға» халық берген көшбасшы партия атауы – «нұротандықтардың» шын мәнісінде жұртпен етене бола білгенінің жемісі. Көпшілікпен тығыз қарым-қатынас орнату – көп жағдайда партия филиалдарындағы қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмысы арқылы мүмкін болып отыр. Әрбір өтініш партияның қоғамдық қабылдау бөлмелері арқылы шешімін табуда. Есепті 2 жылда облыстық және аумақтық филиалдарға 10533 өтініш түсіп, оның 3093-і немесе 29,3 пайызы оң шешімін тапты. Есепті кезеңде партия облыстық филиалының 3 кезектен тыс конференциясы, 3 Саяси кеңес пен 19 Саяси кеңес Бюросы отырысы өтті және қабылданған қаулылар бақылауға алынды. Нақтырақ айтсақ, бұл партия облыстық филиалының ішкіпартиялық жұмысының негізгі бағыттарының біріне айналды. 2014 жылдың қарашасында өткен ХIV есеп беру-сайлау конференциясының 10 бап, 50 тармақшадан тұратын №2 қаулысындағы мақсат-міндеттер 92 пайызға орындалды. Атап айтсақ, Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы мерекелеріне арналған салтанатты шараларды ұйымдастыруда партия ұйымдары белсенді позиция ұстап, партиялық шараларды мазмұнды, әрі жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткізді. Мемлекеттік органдар басшылары, партияның барлық деңгейдегі мәслихаттардағы депутаттық фракциялары мүшелерінің қатысуымен көшпелі қоғамдық қабылдауларды жүйелі түрде өткізу де стандартқа сай ұйымдастырылып отырды. – Бүгінде өңірде партия мүшелерінің саны қаншаға жетті? Санға мән беріле ме, әлде сапаға ма? – 2014 жылы облыстық партия ұйымдарында 399 бастауыш партия ұйымы мен 63525 партия мүшесі болса, бүгінде бастауыш партия ұйымдарының саны 401-ге жеткен. Оларда 69788 партия мүшесі есепте тұрады. Немесе партия мүшелерінің саны 9,1 пайызға өсіп отыр. Бұдан облыс тұрғындарының «Нұр Отан» партиясына деген сенімінің жоғары екенін көруге болады. Екі конференция аралығында Сарысу, Шу аудандарындағы ірі өндіріс орындарынан жаңадан 2 бастауыш партия ұйымы құрылды. Түрлі әлеуметтік топтар арасындағы партия мүшелерінің үлес салмағына тұрақты сараптама жасалынып отырады. Әлеуметтік, экономика және қызмет көрсету, шағын және орта бизнес, фермерлік шаруа қожалықтары өкілдері арасындағы партия мүшелерінің үлес салмағы жақсы. Талдау жасау нәтижесінде партия қатарына түрлі сала өкілдерін тартуды тұрақты бақылауда ұстаймыз. Себебі, «Нұр Отан» - жалпыхалықтық партия. Біз партия қатарына қазақстандық қоғамның барлық әлеуметтік топтарын біріктіруіміз қажет деп есептеймін. – Партияның көптеген әлеуметтік жобалары сәтті жүзеге асырылып жатқанынан хабардармыз. Ары қарай жалғасын табуы тиіс жобалар бар ма? – Партиялық жобаларды жүзеге асыру үшін партияның облыстық және аумақтық филиалдары тарапынан 2015 жылы – 3277 шара ұйымдастырылып, оған 321 146 адам тартылды. Биылдың өзінде қарашаға дейін 3293 шара өткізіліп, оған 397 272 тұрғын қатысты. Әр партиялық жобаның мақсатты индикаторлары бар. Біздің міндет – сол индикаторларды орындау және белгілі нәтижеге қол жеткізу. Мәселен, «Денсаулық және қамқорлық» автокеруені мен «Жеңіс» пойызы елді мекендерді аралап шықты. Осы арқылы Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің денсаулығының жағдайын біліп, зерделеу жұмыстары жүргізілді. Әлеуметтік картасы жасақталды. Сонымен қатар, Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында өңірден шыққан 20 және 16 қызмет атқарған Кеңес Одағы Батырлары мен 7 «Даңқ» орденінің толық иегерлері туралы деректер қайта жасақталып, жаңарған тың мәліметтермен толықты. Осы деректердің негізінде партия Орталық аппараттың бастамасымен «Қазақстандық – Ұлы Жеңіс қаһармандары» атты 2 томдық кітап жарық көрді. Келер ұрпаққа мұра болып қалатын құнды дүниенің облысымызда тұсаукесер рәсімі өткізіліп, облыстық, қалалық, аудандық кітапханалар мен ардагерлер кеңесіне және бірқатар ұйымдарға үлестірілді. Әрбір жоба халықтың игілігі және өзекті мәселелерін шешу бағытында жүзеге асырылуда. – Кадрлық резерв қалай жүргізіледі? Осы туралы айта кетсеңіз... – Кадрлық резерв керек деп есептеймін. Өйткені, партия қатарына және партияның сайланбалы органдарына білімді де білікті мамандарды жинаймыз. Орындар босап жатса, партиялық кадрлық резервінің қатарынан қабылдаймыз. Үстіміздегі жылдың қыркүйегінен «Нұр Отан» партиясының кадрлық резервті қалыптастыру жұмысы басталды. Мұндағы негізгі міндет – Елбасы, партия Көшбасшысының бағытын ұстанатын, партия құндылықтарын қолдайтын және азаматтардың әл-ауқатын сапалы жақсартуды мақсат еткен кадрларды ілгерілетудің біртұтас жүйесін қалыптастыру. – Биылғы есеп беру-сайлау науқаны қалай өтуде? Алға қойған бағыт-бағдарларыңыз қандай? – Биылғы есеп беру-сайлау науқанына қарап, бастауыш ұйымдардың жұмысынан өсу-өрлеу бар екенін көруге болады. Партия мүшелері белсенді. Облыстағы 401 бастауыш партия ұйымдарында өткен есепті жиналыстарға 69779 партия мүшесінің 58153-і қатысты. Бұл барлық партия мүшелерінің 83,34 пайызын құрайды. Биылғы есепті жиналыстарда облыс бойынша 122 бастауыш партия ұйымының жетекшілері жаңадан сайланды. Яғни, қатардағы партия мүшелері өздері есепте тұратын бастауыш ұйымдарының жұмысына тың серпін әкелетін жаңа көшбасшыларға сенім артты. Бұл барлық партия төрағаларының 30,4 пайызын құрайды. Биыл сайланған бастауыш партия ұйымдары жетекшілерінің 223-і ер, 178-і нәзік жандылар. Оның 38-і 30-ға толмаған жастар. 40 жасқа дейінгілері – 90 болса, 142-сі 50 жас шамасындағылар. Аға буын 50 жастан жоғары. Олардың саны – 131. Биылғы есеп беру-сайлау науқаны «нұротандықтар» үшін ерекше мәнге ие. Себебі, бұл ел Егемендігінің 25 жылдығымен қатар келіп отыр. Еліміздің 25 жылда жеткен жетістіктерінде партияның қосқан үлесі қандай? Осы жиындарда біз бастысы соны саралаймыз. Себебі, партияның «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру үшін бұл бізге аса қажет.
Сұхбаттасқан Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді