«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

ӘДЕБИЕТКЕ «ЖУСАН ИСІН» ӘКЕЛГЕН

ӘДЕБИЕТКЕ  «ЖУСАН ИСІН» ӘКЕЛГЕН
ашық дереккөз
ӘДЕБИЕТКЕ «ЖУСАН ИСІН» ӘКЕЛГЕН

жазушы Сайын Мұратбековтің шығармашылығына арналды

Әдебиетке бүйрегі бұратын қай қазақтың да жазушы С.Мұратбековтің «Жабайы алма», «Қалың қар» кітаптарынан тұратын дилогиясын, «Жусан исі»,«Басынан Үшқараның...» атты повестерін оқымағаны жоқ шығар, сірә! Айтпақшы, соңғы аталған екі туындысы 2014 жылы ел болып оқитын «жыл кітабы» болып танылғаны да есте. Көркемсөз өрнегі ерекше, сұлу сөз иесі, қаламынан талай-талай шырайлы шығармалар тудырған жазушы С.Мұратбековтің туғанына биыл 80 жыл толады. Осыған орай қалалық Абай кітапханасында «Әдебиет әлемінің жарық жұлдызы» атты оқырмандар конференциясы өткізілді. Оған №47 орта мектептің 8-сынып оқушы­лары және оқырмандар қатысты. Соғыс жылдарындағы ауыртпалықтар мен қиындықтарды өз көзiмен көрiп, сол тiрлiкке қоян-қолтық араласқан қаламгердің шығармалары өз оқырманын шынайылығымен, шыншылдығымен баурайды. Бірқатар шетел тілдеріне де аударылып, басылған. Іс-шара барысында кітапхананың тұрақты оқырмандары ТИГУ-дің профессоры, әдебиеттанушы Меңдібай Әбілов, №47 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нұргүл Тоғаева, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары Арайлым Серікханова, Аружан Нұрманова, Әсел Кенжебай өмір құбылыстары, адамның, әсіресе, жасөспірімдердің ең бір асыл арманы мен адал сезімі арқау етілген жазушы шығармаларының өн бойынан жусан исі бұрқырап ескендей сезілетінін атап көрсетті. «Басында Үшқараның...», «Жабайы алма», «Қысқы кеш», «Жусан иісі», «Күзгі бұралаң жол» атты туындыларының сюжеті, оқиғаларының шындығы және эмоциялық қуаты жөнінде қызу әңгіме өрбітіп, жазушының көркемдік әлемінің байлығы еш сарқылмайтыны тұрғысындағы ойларымен де бөлісті. «Шалқар даланың Сайыны» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, жазушының «Жабайы алма» повесіне библиографиялық шолу жасалды. Соңынан оқырмандар көрнекті қазақ қаламгерінің өмірі мен шығармашылығына арналған викториналық сұрақтарға жарыса жауап беріп, әдебиетке деген құштарлықтарын танытты.

Ұлболсын САУЛЕБАЕВА, қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директорының орынбасары.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар