«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Этнография жәдігерлері – ұлт қазынасы

Этнография жәдігерлері – ұлт қазынасы
ашық дереккөз
Этнография жәдігерлері – ұлт қазынасы

Сарыкемер ауылындағы аудандық тарихи-өлкетану музейіне қойылған атадан балаға жалғасып келе жатқан мәні жоғары этнографиялық жәдігерлердің әрбір көрушінің жүрегінен орын алатыны сөзсіз. Әсіресе, музейдің экспозиция залына орналастырылған қазақтың ұлттық нақыштағы киімдері ерекше көзге түседі. Киім кию үлгісі де жасқа, әлеуметтік топқа, салтқа сай, материалы мен тігілу дизайны да кәсібіне қатысты аталуы қазақтың қалыптасқан төл мәдениетін айшықтайды. Қазақ тұрмысында бесік нәрестеге арналған ағаш төсек ретіндегі бұйым ғана емес, сондай-ақ, тәрбие құралы деп те есептелінеді. Бесікті тербетіп әлдилеген ана өзінің ақ сүтімен бірге ұлттық болмысты баланың қанына, ырғақты, мағыналы әуенді баланың санасына сіңіреді. Бесікке бөленген баланың ұйқысы тыныш, бойы жылы, тәні таза болады. Елін қорғаған ержүрек батырлар да тал бесікке бөленіп, бесік жырымен тербеліп өскен. Этнографиялық мұралар қатарында қазақтың көшпелі тұрмыс жағдайында қалыптасқан ұлттық ойындар да ерекше сипат алады. Атап айтар болсақ, бір ғана асық ойынының 30-дан аса түрлері бар. Асық ойыны күндіз де, түнде де ойналады. Күндізгісі мергендікке болса, түнгісі ептілікке баулиды екен. Жайма-шуақ кең далада ойнаған асық арқылы баланы шеберлікке, батылдыққа, тапқырлыққа тәрбиелейді. Қазақ асықты қастерлеген. Оған «асығың алшысынан түссін» деген жақсы тілектер дәлел бола алады. Бүгінгі таңда асық ойыны ұмытыла бастады. Арагідік өткізілетін асық ату жарыстарында асық ойнаудың өзіндік тәсілдері қолданылмайды. Сол ұмыт бола бастаған ұлттық ойынымызға лайықты деңгейде көңіл бөлінсе, асық атудың сан түрлері жанданатын еді деген ниетпен асық түрлеріне де музей залынан орын бердік. Музейде ата-бабамыздың кәсібі мен шаруашылығына қатысты киіз, киіз үй, сырмақ секілді бұйымдар да көрнекті орынға қойылған. Ертеректегі епті зергерлердің қолынан шыққан сақина, жүзік, білезік, өңіржиек, киіз үй құралдары: бау басқыр, талқы сынды заттар да көрме залында этнография жәдігерлерінің топтамасын толықтыруда. Қазақ әйелдерінің қолөнері қай заманда да өте күрделі орын алып, қазіргі күнге дейін маңызын жоймай келеді десек, бізде тоқылатын кілем түрлері де тоқылу әдісіне және түр-түсіне қарай бірнеше қатарға бөлінген. Айталық, тақыр кілем және түкті кілемді де, сырмақтың бір түрі «бітпесті» де музейден кездестіре аласыз. «Бітпес» туралы айтар болсақ, оның негізі киіз болады. Ақ киіздің бетіне қызыл, сары түсті көз тартатын маталарды оюлап бастырып, сол ою-өрнектің шеті жағалай жиекпен көмкерілген. Ата-бабамыздың жаугершілік заманнан кең-байтақ жерімізді қорғап, дәстүрімізді дәріптеген, асыл бұйымдарымызды көзіміздің қарашығындай сақтап, қазіргі ұрпаққа саналы түрде жеткізіп отыру әрбіріміздің міндетті борышымыз болып табылады. Ұлттың өзіне тән табиғатын сезінгісі келетін ынталы ұрпақ үшін бұл жәдігерлер – баға жетпес қазына.

Сәния Нағашбекова, аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері.

Байзақ ауданы.

Ұқсас жаңалықтар