қариялар қатардан қалмайды
Наурызбек Сарша,
«Ақ жол».
Ардагерлер үйінде облыстық ардагерлер кеңесі төралқасының кеңейтілген отырысы өтті. Мәжілістің күн тәртібі бойынша алғашқы сөзді Меркі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қамбар Иманалиев алып, аудандық ардагерлер кеңесінің бастауыш ардагерлер ұйымдарының белсенділігін көтерудегі жұмысы туралы баяндады.
– Аудандық ардагерлер ұйымында 8829 ардагер есепте тұрады. 14 округтік ұйымда 2375, 38 бастауыш ұйымда 6415 ардагер тіркелген. Әр тоқсанда аудан ардагерлері өміріндегі ең өзекті деген мәселелер қаралып, тиісті шаралар қабылданып тұрады.
Дегенмен, кемшіліктер де жоқ емес. Жалпы ардагерлер ұйымдарының қызметін жандандыру үшін ең алдымен бастауыш ұйымдардың мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану керек. Оларды еңбек ұжымдарына, зейнеткерлер ортасына жақындату қажет. Бірқатар бастауыш ұйымдар төрағаларының арнайы жұмыс бөлмесі де жоқ, – деді Қамбар Иманалиев.
Одан соң Байзақ ауданы, Қызыл жұлдыз ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Әзімбек Дүйсенбаев ауылдық округі ардагерлер кеңесінің жұмыс тәжірибесі туралы жан-жақты баяндады.
– Аудандағы бірқатар кәсіпкер азаматтардың қаржылай көмегінің арқасында ардагерлерге арналып бөлінген орын жөндеуден өткізіліп, қажетті жабдықтар алынды. Ардагерлердің бас қосып, газет оқып, шахмат, дойбы ойнап, әңгіме-дүкен құруларына толық жағдай бар, – деді ол.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев та осы кезде Меркі аудандық ардагерлер кеңестерінде игілікті шаруалардың көптеп атқарылып жатқандығына тоқталып өтті.
– Жалпы, барлық ауданда дерлік әлі де ауылдық округ ардагерлер кеңестерінде, ірі бастауыш ардагерлер ұйымдарында қоғамдық жұмыстарын белсенді түрде атқаруына жағдай жасалмай отыр. Соған қарамастан, аудандық ардагерлер кеңесі төрағаларының ауылдық округ әкімдерімен тығыз бірлесе жұмыс істеп, бұл жағдайды жөнге келтірулеріне толық мүмкіндігі бар деп ойлаймын.
Жалпы, ауылдық округ ардагерлер ұйымдары – жергілікті жердегі ең іргелі, белсенділігі жоғары, жұмысты ықшам ұйымдастыратын бұқаралық ұйымдар болып табылады. Оның нақты мысалы – Қызыл жұлдыз ауылдық округі ардагерлер кеңесінің жұмысы. Онда өздерінің арнайы қызметтік бөлмелері бар, қариялар осында бір мезгіл бас қосады. Жалпы, осы ауылдың даңқты еңбек тарихы, еңбек дәстүрлері бар. Осында бірнеше Соцалистік Еңбек Ерлері тұрып еңбек еткен, өмір сүрген. Солардың даңқты еңбек дәстүрлерін бүгінде ұрпақтары жалғастыруда. Бұл жұмыстарға ардагерлер кеңесі ұйытқы болуда. Ұйымда жақсы тәжірибе жинақталған. Ардагерлер кеңесінің оң тәжірибесін облыс бойынша тарату жөнінде ұсыныс болып отыр, сіздер осынау игілікті бастаманы қолдайды деп сенеміз, – деді Е.Солтыбаев жиынды қорытындылай келе.
Жиын соңында облыстық ардагерлер кеңесінің төралқасы қаралған мәселелер бойынша тиісті қаулылар қабылдады.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді