«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тарихпен тамырлас музей

Тарихпен тамырлас музей
ашық дереккөз
Тарихпен тамырлас музей

Тарихымызды дәріптеп, өлкенің өткенін еске салатын мәдени орындардың бірі – музей. 1973 жылдан халыққа қызмет көрсетіп келе жатқан аудандық музей бұл күнде Жазылбек Қуанышбаевтың атында. Ауданымызға келген сыйлы қонақтар ауданның өткені мен бүгінін, еңбек адамдарының бет-бейнесін тек осы музейден көріп, іздегенін тауып, марқайып қайтады десек, жалған айта қоймаспыз. Аталған мекеменің қызметкерлері ішкі жұмыстан бөлек, ғимараттың сыртқы көркемдігіне де үлкен мән беруде. Мұнда жайқалып тұрған гүлзарды аудандағы өзге мекемелердің төңірегінен кездестіру қиын. Музейде бүгінде 7000-ға тарта экспонат жиналған. Қазақ хандығының 550 жылдық тойына да Мойынқұмдағы музейдің экспонаттары Тараз қаласына апарып қойылғанын, жыл сайын облыстық деңгейде өткізілетін атаулы мерекелерден Мойынқұмның музейі тыс қалмайтынын мақтанышпен айтамыз. Бұл ретте музей директоры Ләйла Қожагелдиеваның ұйымдастыру қабілетінің зор екенін айта кеткеніміз жөн. Бүгінде музейде 5 бөлім жұмыс атқарады. Қызықтаушылар көп. Тәулігіне кемі 20-30 адам көріп, тамашалайды. Биыл Ж.Қуанышбаев атындағы музей үшін табысты жыл болды. Астанадағы Тұңғыш Президентіміздің архиві арнайы сапармен Мойынқұм ауданына алғаш рет келіп, Жазатаның 120 жылдығына орай музейде, аудандық Мәдениет үйінде «Жер тарихы – ел тарихы» атты көрме ұйымдастырып, жұртшылықпен кездесті. Бұл шараға алматылық тарихшылар, облыстық мәдениет саласының басшылары қатысып, Жазата музейін өзге қырынан тани түсті. Сөз жоқ, осынау өнегелі істердің белсенді өтуіне «Дала академигі» Жазылбек Қуанышбаев атамыздың аяулы келіні, Жазатаның қара шаңырағының бүгінгі отанасы Ләйла Қожагелдиеваның еңбегі үлкен. Басшы ретінде тындырып жүрген істері – жастарға өнеге, көпке үлгі. Музей – халық мұрасы, тарих сұрыпталатын киелі де қасиетті орын. Ардагерлер қауымы атынан бір сұранысымыз бар. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық торқалы тойына тарту ретінде тұрғындар Жазата музейіне әр ауылдан тың жәдігерлер әкеліп жатса, нұр үстіне нұр болар еді.

Жамбыл Қалыбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Мойынқұм ауданы.

Ұқсас жаңалықтар