Аса ауылында мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығы ашылды
Ел боламын десең, бесігіңді түзе» демекші, ұрпағының қамын ойлаған елдің болашағы кемел. Бұл орайда мемлекетіміз балалардың қуаныш пен шаттыққа бөленіп өсуіне ерекше көңіл бөліп те келеді. Елбасының халыққа Жолдауларында да балаларға әлеуметтік қамқорлық көрсету шаралары жеткілікті деңгейде қарастырылған. Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесі аясында Аса ауылында мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу мекемесінің ашылуы соның бір нақты айғағындай болды.
Бұл күні тұрғындар аудандық орталық емхананың ауласынан бастап айрықша безендіріліп, мерекедегідей жасанғанының куәсі болды. Бейімдеу орталығының ашылуы салтанатына облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов қатысып, асалықтардың қуанышына ортақтасты. Қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру сапасын жақсарту мемлекеттік саясаттың ең басты бағыттарының біріне айналғанын, бүгінгі сәбилер ертеңгі ұрпақ жалғасы, ел болашағы екенін ерекше атап өткен Манжуов өңірде 40 мың мүгедек болса, оның 5 мыңы балалар екеніне, бүгінде оларға жасалып отырған қамқорлыққа да айрықша тоқталды. Жиналғандарды атаулы күнге орай облыс әкімі атынан құттықтап, сый-сияпат жасаған Ерқанат Нұрбапаұлы орталықтың балаларға сапалы әлеуметтік қызметтер көрсететіне сенім білдіріп, ұжымға табыс және сәттілік тіледі. Бұл облыстық оңалту және бейімдеу орталығының аудандар бойынша 4-18 жас аралығындағы мүмкіндігі шектеулі отыз балаға арналып ашылып отырған алғашқы филиалы екен. Келер айда мұндай құрылымдық бөлімше Шу ауданы орталығынан да ашылмақ. Салтанат үстінде ата-аналар атынан Гүлсім Саурықова облыс, аудан басшыларына шынайы ризашылығын жеткізді. Бұдан кейін мекеменің салтанатты түрде лентасы қиылып, келушілер арнайы қызмет бөлмелерін аралап көріп, танысты. Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығының директоры Марал Шлыкованың айтуынша, мұнда негізінен жүйке-неврологиялық ауытқулармен, қозғалыс-тірек аппараттары бұзылуымен ауыратын балаларға тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, мәдени, экономикалық, заңдық әлеуметтік қызмет түрлері көрсетілетін болады. Барлығы 20 штаттық бірлік қарастырылған. Аудандық орталық емхана базасында орналасқан бейімдеу мекемесінің емдік дене шынықтыру, ойын залдары, әдістемелік кабинеті, сенсорлық, оқу, жаттығу, жатын бөлмелері, асханасы заманауи оңалту-жетілдіру жабдықтарымен жеткілікті жарақтандырылған. Жалпы аумағы алты жүз шаршы метрге жуық. Бүлдіршіндер мұнда азаннан кешке дейін тәрбиемен, тиісінше ыстық аспен де қамтылады. Осы күні жаңадан ашылған нысанда мерекелік ауқымды іс-шара ұйымдастырылып, тәрбиеленушілерге сыйлықтар үлестірілді.
Баймаханбет Ахмет,
"Ақ жол".
Жамбыл ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді