«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Маусым жарлығы

Маусым жарлығы
ашық дереккөз
Маусым жарлығы

немесе әулиеата уезіндегі қарсылық

1b78c905b8c192d954050a462b37febb_resize_w_1140_h_696Дария ҚОЖАМЖАРОВА, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор.

1914 жылы басталған бiрiншi дүниежүзiлiк соғысқа патшалық Ресейдің белсендi түрде қатысуы сол кезде бодан болған халықтардың өмірін одан сайын ауырлатты. Қазақтардан майданға көп мөлшерде шикізат, азық-түлік, мал, сондай-ақ басқа да материалдық заттардың алынуы, шаңырақтарға жаңа әскери салықтардың енгізілуі әлеуметтік және ұлттық езгінің күшеюіне алып келсе, қымбатшылық пен аш-жалаңаштылықтың өрiс алуы қазақтардың қайыршылануына әкеп соқты. Осының бәрi Ресей империясындағы саяси және әлеуметтік дағдарысты одан сайын күшейтіп, елдегi жалпы ұлттық дағдарысты шиеленiстiрді. Нәтижесінде мұның аяғы бүкіл қазақ даласының аудандарын қамтыған 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысқа ұласты. Көтерілістің басталуына түрткі болған Ресей патшасы ІІ Николайдың 1916 жылғы 25 маусымдағы Орталық Азия, Қазақстан және Сібірдегі халықтардың 19 пен 43 жас аралығындағы «бұратана» ер-азаматтарын майданның қара жұмысына (окоптар мен траншеялар қазуға, майданға жақын аудандарда жол салуға, ағаш кесуге т.с.с.) шақыру туралы жарлығы болды. Патшаның осы жарлығы бойынша майданның қара жұмысына жалпы Қазақстан мен Орта Азиядан 400 мың адам шақырылу көзделсе, соның 129 645 адамын Түркiстан өлкесiне кірген қазақтардың Сырдария мен Жетісу облыстарынан алу жоспарланды. Ал Сырдария облысының ауданы болып табылатын Әулиеата уезiнен тыл жұмыстарына жергілікті әкімшіліктің есебi бойынша 22100 адам алынуға тиiс едi. Алайда, тамыз айының соңына дейiн олардан жиналу пункттерiне үш мыңға жуығы ғана келедi де, қалғандары майдан шебiндегi қара жұмыстарға барудан бас тартып, қарулы көтерiлiске шығады. Әсіресе, Меркі өңіріндегі көтеріліс Әулиеата уезiнде ғана емес, Сырдария облысындағы көтерiлiстiң ең басты ошағына айналады. Т.Рысқұловтың «Восстание туземцев Туркестана в 1916 году» атты мақаласында: «Басқаларға қарағанда күштірек болған көтеріліс Әулиеата уезінің, әсіресе Меркі ауылының қазақтарының көтерілісі болды. Әулиеата уезінен қара жұмысқа 22 мың 675 адам алынбақ екен. Соған тамыздың аяғына дейін бар болғаны 3 мың адам жиналды. Қалғанын қазақ елі беруге риза болмады», – деп қайраткер өзі басы-қасында болған Меркі көтерілісінің барысына тоқталып, оның географиялық ауқымы жағынан да, зардабы мен салдары жағынан да анағұрлым кең, әрі қатал сипат алғандығы туралы өткен ғасырдың 20-жылдарының өзінде-ақ алғаш ашық жазады және соған басты назар аударады. Өңірдің облыстағы көтерілісшілердің орталығына айналу себебін М.Тынышпаевтың Сырдария облысының губернаторына жазған мәлімдемесінен де біле аламыз. Онда ол Меркі қазақтарының қарулы көтерілісі 29 тамызда басталғанын, ал 16 қыркүйекте көтерілісшілер пристав Рубаневтің әскерімен қақтығысқандығы және Кузьминка селосында 20 қоныс өртеліп, Меркі маңында 9 хутор қиратылып, содан соң приставқа шабуыл жасалынды делінген. Жалпы алғанда, көтерiлiс Әулиеата уезiнiң Меркi бөлiмiнiң Көшеней (Кученей) болысында басталып, жергілікті патша әкімшілігіне қарсылық танытса, оның артынша Таулы бөлiмшеге (Горный участок) қарайтын Көпес болысының 50 шақты тұрғыны 1916 жылғы 31 шiлдеде «Қоржын-Тоғай» деген жердегi орман шаруашылығының ғимараттарын қиратып, қолдарына бiраз қару-жарақ түсiредi. Сонымен қатар, көтерiлiсшiлер өз әрекеттерiн Чалдовар, Меркi және Луговой сияқты iрi елдi мекендер ауданына ауыстырды. Бұл Әулиетата уезіндегі көтерілістің басы болатын. Көтерілістің қалай басталғаны жөнінде 1916 жылы 2 қыркүйектегі Сырдария облысының әскери губернаторы А.С.Мадритовтың Торғай облысының әскери губернаторы М.М.Эверсманға жіберген хабарламасынан білуге болады. Онда былай делінеді: «21 тамызда жіберген мәліметіме қосымша хабарлаймын: Сырдария облысындағы Әулиеата уезіндегі халықтың наразылығы көрші орналасқан Жетісу облысының Пішкек уезіндегі халықтың көңіл-күйіне әсер етуде. Оны мынадан көруге болады, 20 тамызда Үшбұлақ және Чалдовар пошталық стансаларының қызметкерлері өз жұмыс орындарын көпшіліктің көзінше тастап кеткен. Соның салдарынан пошта жұмысы тоқтап қалды. 28 тамызда Әулиеата уезіндегі Қорағаты болысында болыстардың съезі өтпекші болып, онда тыл жұмыстарына алынатын адамдардың тізімін жасау көзделген. Алайда, бұл съезге ауылдық старшындар мен елу басылардың келмеуінен съезд өтпей қалады. Осыдан кейін Меркі бөлімінде бүлік басталады. Меркіден 16 верст жерде Құрағаты болысының қазақтары жиналып, бөлім приставымен атысады. Атыс кезінде бірнеше қазақ оққа ұшады». Яғни Меркі бөлімшесінің приставы Меркіден 20 верст жерде қазақтар жиналғанын, олардың майданның қара жұмысына тізім бермейміз деп наразылық танытып жатқаны туралы хабар алып, қасына 10 салт атты жасақ ертіп, наразылық танытушылармен тізім беру жөнінде келіссөз жүргізу мақсатында жүріп кетеді. Оларды балта, найза, пышақ, қанжар, шоқпармен қаруланған мыңға жуық көтерілісшілер күтіп алып, келіссөзге келтірмей приставқа шабуыл жасайды. Өзінің өміріне қауіп төнген соң пристав Меркіге қашып құтылады. Кейін, яғни 25 тамызда Меркi бөлiмшесiндегi көтерiлiс шырқау шегiне жетеді. Әсіресе, жазалаушы әскерлердің күштерiне соққы беруде Арағыты болысының көтерiлiсшiлерiн басқарған Ақкөз (1859-1921) деген ақсақал ерекше көзге түседі. Ол Қорағаты болыстығының болысы ретінде Меркi өңірінің халқына ықпал жасаған беделдi адам болған, алғашқылардың бiрi болып өз болысы жiгiттерiнен көтерiлiсшiлер жасағын ұйымдастырған. Меркі бөлімінің бастығы Лундин қыркүйектегі Әулиеата уезінің бастығына берген мәліметтерінде былай деп хабарлайды: «Көтеріліске шыққан қазақтардың негізгі басшысы – Қорағаты болысындағы №8 ауылдан шыққан Ақкөз Қосанов. Шабуыл кезіндегі қаза болған қазақтардың қолынан табылған үш линиялық мылтықтар олардың Жетісу облысындағы көтерілісшілермен тығыз байланыста болғандығын дәлелдей түседі». 18-19 жасында 80-нен асқан Сыпатайдың батасын алған Ақкөздің орынбасары болып Досмайыл Сырғабайұлы (1938ж. қайтыс болды), хатшы және діни басшысы болып Өмірзақ молда сайланған. Оның жасағына бiртiндеп басқа болыстардың да көтерiлiсшiлерi қосылып, 1916 жылғы тамыз айының ортасында Ақкөз бастаған көтерiлiсшiлер саны 13 мыңға жеткен. Ақкөз жазалаушы патша әскерлерiмен қыркүйек айының соңына дейiн күрес жүргiзген. Жау қолына түскен Ақкөз серiктерiмен Әулиеата түрмесiне жабылып, олар түрмеден 1917 жылғы Ақпан революциясының арқасында шығады. Меркідегі көтерілістің барысына тоқталсақ, 29-30 тамыз күндерi жалпы саны 1500-2000-ға жуық көтерiлiсшiлер Меркіге тағы екi дүркiн шабуылға шығып, Меркі-Пiшпек телеграф байланысын iстен шығарады да, бiрнеше рет патша өкiметiнiң жазалаушы жасақтарына жүздеген үйiр-үйiр жылқыны қарсы айдап, бiразын ат тұяқтарының астында қалдырды. Осыдан соң екіге бөлінген көтерілісшілердің бір бөлігі Меркіге бас салса, қалған екінші бөлігі Кузьминка селосын басып кіреді. Бұл кезде көтеріліс шықты деген хабарды алған Кузьминканың тұрғындары Меркі, Каменка және Луговой селоларына қашып кеткендіктен, қазақтар бос тұрған үйлерді өртеп, малдарын айдап әкетеді. Ал қалған селоларды шабуылдаушыларды жақсы қаруланған патшаның бір рота әскері қарсы алып, қырып салады. Өкінішке қарай, Меркі гарнизоны көтерiлiсшiлердiң 31 тамыздағы шабуылын да керi қайтарды. Дегенмен, өз кезегінде көтерілісшілер Меркінің маңайындағы келімсектердің бүкіл егіншілік шаруашылығын талқандап, үшеуін өлтіріп кетеді. Сонымен қатар, көтерілісшілер сол күні Новотроицк селосынан Әулиеатаға қарулану үшін бара жатқан келімсектерден құралған 74 жасаққа шабуыл жасап, олардың 22-сін өлтіріп құдыққа тастаса, 32-сін алып кетеді. Ал қалғандары қашып құтылады. Кейін белгілі болғандай, 32 адамның 12-сі тұтқында болып босатылса, қалған 20-сы өлтірілген. Көбісінің денелері құмның ішінен тауып алынған. 29-31 тамыз күндері найза, шоқпар, айбалта, сойыл, аңшы мылтығы секілді қарабайыр қарулармен жасақтанған 1500-2000 сарбаздардың Меркіге жасаған шабуылы сәтсіз аяқталады. Жеңіліске ұшыраған көтерілісшілер Шуға, құмға қарай бас сауғалап қаша бастайды. Сондай-ақ, жергілікті орыс мұжықтары да қаруландырылады. Тіпті, Пішпектен Меркіге жазалаушы қосындарды тез жеткізу мақсатында автокөліктер пайдаланылған. Осыған байланысты әскери губернатор С.А.Геппенер Әулиеата уезіндегі әскери гарнизондарды күшейту қажеттігін алға тартып, Түркістан генерал-губернаторына мынадай мазмұнда мәлімет жібереді: «Уездегі тыныштық пен қауіпсіздікті сақтау мақсатында төмендегі шараларды іске асырудамыз: 1. Тамыздың 29-күні Меркіге жарты рота әскер және 25 атты әскер жасағы жіберілді. Тағы да жарты рота әскер дайындап жатырмыз. 2. Әскери бастықпен байланыса отырып, Шу бөліміндегі орыстардың қауіпсіздігін күшейттік. 3. 30-күні таңертең Меркіге тағы да жарты рота әскерді екі пулеметпен жібермекпіз. Бұл әскерді 243-ші батальоннан алдық. Тағы екі рота әскерді көмекке дайындаудамыз. Оны да сол 243-ші батальоннан алмақшымыз. 4. Уез бастығы телеграф арқылы Меркі приставына қосымша күштер жайында хабар жіберіп үлгерді. Осы жіберілген күштердің ізінше Меркіге уез бастығы барады. 5. Меркіде басталған бүліктің Әулиеата уезінің басқа аймақтарына тарап кетпеуі үшін осы уездегі гарнизондардағы әскерлерді күшейту қажет деп ойлаймын». Мұнымен қатар, жергілікті әскери әкімшілік Меркі бөлiмшесiндегi көтерiлiстiң қайтадан өрiс алу қаупiнен жасқанып, қыркүйек айының басында өз орыстарын қорғауға, көтерілісті басу үшін Ташкенттен қосымша күш ретiнде запастағы Сiбiр полкiнiң екi ротасын алғызып, орыс мұжықтарын қаруландырады. Яғни көтерілістің осындай ұлтаралық бағытын жақсы түсінген патша әкімшілігі орыс қоныстарын қорғауға алады да, оларға тез арада қару-жарақ таратып береді және көтерілісті аяусыз басу үшін сырттан әскери күштер шақыртқан. Міне, осындай зор күштен көтерiлiс жеңiлiс тауып, ал оған катынасушылар жаппай куғын-сүргiнге ұшырап, қатты жазаланады, мал мен мүлiктері де талан-таражға салынып, ауылдары өртенедi. Бүкiл Түркiстан өлкесi бойынша әскери-далалық сот пен тергеуге үш мыңнан астам адам берiлдi, олардың 347-сi өлiм жазасына кесiлiп, 168-i каторгалық жұмыстар атқаруға бұйырылды, ал 129 адам әртүрлi мерзiмдерге сотталып, 228-i Сібірдегі каторгаларға жiберiлдi. Патшаның 1916 жылғы 25 маусымдағы әділетсіз жарлығының қасіретті зардаптары осындай болды. Жеңiлiске ұшыраған көтерiлiсшi жасақтарының бөлiмдерi Жетiсу облысының Верный уезiне, екiншiлерi қазiргi Қырғызстан территориясына өтiп, сондағы ұлт-азаттық қозғалысының қатарына қосылып, патша жендеттерiне қарсы күрестерiн 1916 жылғы қазан айының ортасына дейiн жалғастырды. Дей тұрсақ та, Сырдария облысындағы көтерiлiс 1916 жылғы Қазақстан мен Орта Азиядағы ұлт-азаттық қозғалыстың құрамдас бөлiгi болды. Ол патша өкiметiнiң белсенділігіне айтарлықтай нұқсан келтiрiп, отаршыл метрополияның шаңырағын шайқалтуға өз үлесiн қосты, халықтың отаршылдарға, ең алдымен олардың символы – патша өкiметiне деген өте күштi өшпендiлiк туғызды, іс жүзiнде патша өкiметi белгiлеген майданның қара жұмыстарына баруға тиiстi жоспарланған 220 мың адамның 123 мыңы ғана алынды, ал көтерiлiстiң жалауы биiгiрек желбiреген Әулиеата уезiнiң тыл жұмысына алынуға жоспарланған 22676 адамнан өкiмет құрығына екi мыңнан сәл астам ғана кiсi iлiндi.

Ұқсас жаңалықтар