13 қазан күні таңғы сағат 8-де Абай мен Төле би және Төле би мен Әйтиев көшелерінің қиылысқан тұсындағы «Достық» алаңына өтетін жол жабылды. Оны жапқан жол-патрульдік полиция қызметкерлері алаң айналасында орналасқан мекеме басшылары мен қызметкерлерінің көліктерін де өткізбей қойды.
Жұмысқа асыққандарға полиция қызметкерлері «Достық» алаңында сейсможаттығу өткізілетінін айтты. Ы.Сүлейменов көшесінің бойына орналасқан облыстық Баспасөз үйі, қалалық әкімшілік, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы ғимараттарына Төле би көшесінің бойындағы Шерхан Мұртаза атындағы кітап үйінің қасындағы жолмен айналып баруға болатыны жөнінде «ақыл» айтты. Бірақ, облыстық Баспасөз үйінің тұсында тұрған жол-патрульдік полиция қызметкерлері де көліктерді өткізбеді. Соның салдарынан көлік кептелісі пайда болып, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінен асып, ол тіпті «Каспий банктің» ғимаратына дейін жетті. Көліктері не алға, не артқа жүре алмай тығырыққа тап болып, жұмыстан кешіккен азаматтар наразылық танытты. Тіпті, айқай-шу шығып, ашуға бой алдырғандар да болды. – Бізге Төле би көшесін жауып тұрған полиция қызметкерлері «мекемелеріңе осы жол арқылы айналып баруға болады» деп жөн сілтеген болатын. Бірақ, бұл жақтың да жолын жауып тастапты. Енді міне, көлігімді не алға, не артқа жүргізе алмай, не осы жерге тастап та кете алмай, жіпсіз байланып тұрмын. Дәл қазір жұмыстан 45 минутқа кешіктім. «Достық» алаңына өтетін жолды Төле би көшесінің бас жағынан жаппай, кептелісті қолдан жасағаны ашындырып отыр, – дейді Руслан Кешкеев деген азамат. Негізінен, сейсможаттығу азанғы сағат 10-да өтуі тиіс екен. «Жол неліктен сағат 8-де жабылды? Кептеліске кім кінәлі?» деген сауалға полиция қызметкерлерінің жауабы: «Біз бірде-бір жеке немесе мемлекеттік көлікті өткізбеу жөніндегі бұйрықты орындап тұрмыз. Бұл сауалдарға біз емес, басшылық құрам жауап береді», – деп қысқа қайырды. – Қала күніне орай облыстық спорт басқармасының ұйымдастыруымен «Достық» алаңы мен Тұңғыш Президент атындағы саябаққа дейін Төле би көшесінің бойымен қала тұрғындары, зиялы қауым, жастар арасында марафон өткізу жоспарланған болатын. Осыған байланысты жол таңғы сағат сегізде жабылды. Бұдан бөлек, «Достық» алаңында сейсможаттығуды дайындау және өткізу жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес командалық штаб жаттығу өткізетіні, жасақ құрамы сағат 10.00-де сапқа тұрғызылып, олардың дайындығы мен техникасы тексерілетіні жөнінде хат алғанбыз. Осыған орай мен жаттығу өткізілетін аумаққа ешбір көлікті өткізбеу, керісінше өткен көліктер болса, алдырып тастау жөнінде қызметкерлеріме бұйрық бердім. Ал орталық алаңға дейін үйлер мен ғимараттың арасымен баруға болатын жолды қызметкерлер ең болмаса Баспасөз үйі ғимаратына дейін жетіп алсын деп ашық қалдырдық, – дейді ішкі істер басқармасы жол-патрульдік полициясы батальонының командирі, полиция подполковнигі Бақытжан Жолдасбеков. Қала тұрғындарына марафон болатыны, сейсможаттығу өткізілетіні, сол себепті жолдың жабылатыны жөнінде неге күні бұрын хабарланбады? Оған газет, радио, телеарна мүмкіндіктерін неге пайдаланбады? Халықты орынсыз дүрліктірмеудің жолдары көп. Облыстық ІІД осыны неге ойластырмады? Сұрақ көп...
Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».
Тараз қаласы.
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді