«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Сақ болсаң, сақтайды

Сақ болсаң, сақтайды
ашық дереккөз
Сақ болсаң, сақтайды

Облысымыз сейсмологиялық қауіпті өңірге жатады. Сондықтан, зардабы аса ауыр соғатын жер сілкінісіне тиісті құрылымдар шұғыл әрекет етуге сақадай сай дайын болуы шарт. Ал облыстық азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің аумақтық ішкі ұйымдастыруды жетілдіру, басқару органдарының, күштер мен құралдардың дайындығы қандай?

 Тараз қаласында «Жамбыл облысы аумағында жойқын жер сілкінісі орын алған жағдайда басқару органдары, авариялық құтқару қызметтері күштерінің әрекеттері» тақырыбында жалпы облыстық сейсможаттығу жұмыстары барысында осы дайындық мәселесі пысықталды.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Б.Орынбеков облыстық сейсможаттығу жоспарға сәйкес, жылу науқаны басталар тұста өткізіліп жатқанын еске сала келе, шараға меншік түріне қарамастан, барлық құрылымдардың қатысатынын жеткізді. Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің басшысы Бағдат Данилов облыс әкімінің бірінші орынбасарына авариялық құтқару, өртке қарсы, басқа да шұғыл әрекет ететін құрылымдардың апатты жағдай орын ала қалған кезде қандай техника мен құралды қолданып, әрекет ететіндерін таныстырды. Бекболат Серікбекұлы департамент Ішкі істер министрлігіне қарағанымен облыс тарапынан қаржылай көмек көрсетіліп тұратынын еске салды. Өз кезегінде құтқарушылар да өңірдегі апатты жағдайларға тосқауыл қоюда үлкен үлес қосып жүргені де сөз болды. Сейсможаттығу басталған алаңға жер сілкінісі және басқа да апатты жағдай туындаған кезде қолданылатын байланыс құралдары мен басқа да түрлі құрылғылар қойылған. Компаниялар өкілдерінің сөздеріне қарағанда, бұл өнімдер Қазақстанның бірнеше өңірлерінде пайдаланылып жатқан көрінеді. Апат дабылы безек қаққаны сол еді, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы, қалалық әкімдік пен Баспасөз үйі ғимараттарынан қызметкерлер шұғыл сыртқа шығарылды. Сөйтіп сейсможаттығу жұмыстары іс жүзінде ойдағыдай атқарылды. Сейсможаттығудың екінші кезеңінде облыс аумағында орын алуы ықтимал жер сілкінісі зардаптарын жою кезінде басқару органдарының, авариялық-құтқару қызметі күштерінің әрекет ету барысында туындайтын сұрақтар пысықталды. Оқу-жаттығудың қорытындысында басшы құрам мен күштерімен атқарылған жұмыстарға баға берілді.

Амангелді әбіл «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар