«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қазақстан ширек ғасырда дамудың күрделі кезеңінен өтті

Қазақстан ширек ғасырда дамудың күрделі кезеңінен өтті
ашық дереккөз
Қазақстан ширек ғасырда дамудың күрделі кезеңінен өтті

Мемлекет басшысы елшілерден сенім грамоталарын қабылдады. Рәсім барысында Қазақстан Президентіне Австрия Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Герхард Сайллер, Ватиканның Төтенше және өкілетті елшісі Фрэнсис Ассизи Чулликатт, Германия Федеративтік Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Рольф Мафаэль, Грекия Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Александрос Катранис, Катар мемлекетінің Төтенше және өкілетті елшісі Ахмад бен Әли Әбдуррахман әл-Джамиль әл-Тамими, Нидерланд Корольдігінің Төтенше және өкілетті елшісі Дирк Ян Коп, Швейцарияның Төтенше және өкілетті елшісі Урс Шмид, Жапонияның Төтенше және өкілетті елшісі Итиро Кавабата сенім грамоталарын тапсырды.

eee44205191a3bd535bd7f01d2723623Нұрсұлтан Назарбаев елшілерді Қазақстандағы дипломатиялық миссияларының ресми түрде басталуымен құттықтап, олардың қызметі елдеріміз арасындағы ынтымақтастық аясын одан әрі нығайтуға тың серпін беретініне сенім білдірді.

Қазақстан Президенті дипломаттардың Астанадағы жұмысы маңызды мереке – ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында басталуының символдық мәні бар екенін атап өтті. – Біздің еліміз бұл мерекелік межеге жақсы нәтижелермен жетіп отыр. Қазақстан ширек ғасырда дамудың күрделі кезеңінен өтті. Қол жеткізген жетістіктермен шектелмей, ел іргесін бекемдеу үшін келесі кезеңге арналған жаңа мақсат-міндеттер белгіледік, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы еліміздің сындарлы және бейбіт бастамалар, үйлесімді көпжақты сыртқы саясат арқылы халықаралық аренада зор беделге ие болғанын айтып өтті. – Бұған Қазақстанның 2017-2018 жылдардағы Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі болып сайлануы дәлел. Біз Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі ретінде әлем назарын өз өңірімізге аударып, Орталық Азия үшін өзекті мәселелерді көтеретін боламыз, – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Жаһандық антиядролық қозғалысқа бастамашы болып, оның көшбасшысына айналғанына назар аударды. – Осы ретте, біз жаңа бастама көтердік. Мен ядролық қарусыздану мен жаһандық қауіпсіздікке қосқан үлесі үшін халықаралық сыйлық тағайындау жөнінде шешім қабылдадым. Аталған сыйлықтың алғашқы лауреаты болып Иордания королі ІІ Абдалла таңдалды. Бұдан кейін арнаулы комитет құрылып, оның шешімімен сыйлық жыл сайын Семей полигонының жабылған күні – 29 тамызда тапсырылатын болады, – деді Елбасы. Мемлекет басшысы Қазақстанның Жапониямен ынтымақтастығының стратегиялық маңызын атап өтті. – Премьер-министр Синдзо Абэнің былтырғы қазандағы Астанаға алғашқы сапары айтулы оқиға болды. Менің Токиоға биылғы қарашадағы сапарым қарым-қатынасымызды жаңа сапалы деңгейге шығаруға ықпал етеді деп сенемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті Грекиямен байланыстарымызды дамытудың елеулі перспективаларына тоқталды. – Грек әріптестеріміздің саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылды жандандыру ниетін қолдаймыз, – деді Мемлекет басшысы. Елбасы Германиямен өзара іс-қимыл Қазақстан үшін Еуропалық бағыттағы ынтымақтастықта ерекше маңызға ие болып отырғанын айтты. – Біз аса жемісті және өзара сенімге негізделген биік деңгейдегі диалогті жоғары бағалаймыз. Берлинге 2012, 2015 жылдардағы сапарларым және Федералдық канцлер Ангела Меркельдің Астанаға 2010 жылғы сапары екіжақты қарым-қатынасты жаңа сапалы деңгейге көтерді. Ынтымақтастық барысында Шикізат, өнеркәсіп және технология салаларындағы келісімнің және Қазақстанда Германияның дуалды білім беру моделін енгізу туралы келісімнің жүзеге асуының мәні ерекше зор. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымындағы биылғы Германия төрағалығының басымдығы бар бағыттарын және Берлиннің осы ұйымға қатысушы елдер арасындағы өзара сенімді қайта қалпына келтіру жөніндегі күш-жігерін қолдаймыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы Қазақстанның Швейцария елімен диалогі қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. – Экономика және инвестиция салаларында айтарлықтай әлеует бар. 2016 жылдың 7 айының ішінде екіжақты тауар айналымы 2,2 миллиард АҚШ долларына жетті. Осы міндетті жүзеге асыруға Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия мен Қазақстан –Швейцария іскерлік кеңесі өз үлесін қосуға тиіс, – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев Нидерландының біздің отандық экономикаға қосқан айтулы үлесіне назар аударды. – Нидерланды біздің экономикадағы шетелдік инвесторлардың көшін бастап тұр. Гаагаға 2014 жылғы сапарым және Премьер-министр Марк Рюттенің былтырғы желтоқсандағы Астанаға сапары екіжақты өзара іс-қимылды нығайтуға тың серпін берді. Нидерландыны Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің 2018 жылғы тұрақты емес мүшелігіне сайлануымен құттықтаймын, – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті еліміздің Ватиканмен арадағы қарым-қатынасты айрықша бағалайтынын айтты. – Рим Папасы II Иоанн Павелдің 2001 жылғы қыркүйектегі Қазақстанға сапары барлығымыз үшін айтулы оқиға болды. Сол жолы ол Қазақстан жерінде «Зорлық-зомбылықсыз әлем» құруға шақырған болатын. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі жұмысына Ватиканның мәртебелі өкілдерінің белсене қатысқанын жоғары бағалап, ризашылық білдіреміз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы Австриямен арада жемісті диалог орнағанын атап өтті. – Осы айда өтетін Қазақстан мен Австрия үкіметаралық комиссиясы мен Іскерлік кеңестің кезекті отырысына зор мән береміз. Австриядағы әріптестерге 2017 жылы Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету барысында табыс тілейміз. Біз қауіпсіздікті қамтамасыз ету, Батыс пен Шығыс арасындағы диалогті нығайту мәселесі бойынша ынтымақтасуға әзірміз, – деді Қазақстан Президенті. Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев Катарды Қазақстанның сыртқы саяси бастамаларын әрдайым қолдайтын араб және мұсылман әлеміндегі маңызды әріптес ретінде қарастыратынын жеткізді. – Катар әмірінің 2014 жылғы Астанаға сапары, менің былтырғы Дохаға сапарым екіжақты, сапалы, өзара іс-қимылды нығайтуға септігін тигізді. Экономикалық ынтымақтастық аясын кеңейте түсу үшін Парсы шығанағымен байланыстыратын «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» темір жолының мүмкіндігін пайдалану маңызды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Соңында Қазақстан Президенті рәсімге қатысушыларды Астанадағы дипломатиялық қызметтерінің басталуымен тағы да құттықтап, оларға және отбасыларына зор денсаулық, табыс тіледі.

Ұқсас жаңалықтар