БАҚ-тың бағы ақпараттық маңыздылығында

БАҚ-тың бағы  ақпараттық маңыздылығында
ашық дереккөз
БАҚ-тың бағы ақпараттық маңыздылығында

Бүгінгі демократиялық қоғамымызда мемлекеттік идеологияны қалыптастыруда ақпараттық технологияның маңыздылығы өте жоғары. Жаһандану дәуірінде жан-жақтан келіп жатқан ақпараттың нөпірі де қалың. Сондықтан бұл мәселеде бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі орасан. Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен журналист, филология ғылымының кандидаты Қанат Әуесбай аймақтағы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен «Ақпараттық-имидждік жұмысты ұйымдастырудың тиімді тәсілдері» атты семинар-тренинг өткізді. Онда қазірде ақпараттық ағым жан-жақты әрі жылдам таралатындықтан, әр ақпараттық кеңістік өзінің аудиториясын жоғалтпауы үшін тиімді тәсілдерді ұстанудың мән-жайы түсіндірілді. – Ақпараттық технологияның дамығаны сондай, бүгінде Батыс елдерінде мәліметті журналистің көмегінсіз-ақ роботтар жасайтын деңгейге жетті. Яғни, ол жақта ақпаратты жариялаудың электрондық тәсілі кең таралған. Рас, интернет бүкіл адам баласына теңдей берілген үлкен мүмкіндік болғандықтан, жұртшылық жаңалықты содан-ақ көріп-біліп отырады. Бірақ, бұл газет-журнал, теледидардың маңыздылығы жойылды деген сөз емес. Біздің елімізде аталмыш ақпарат құралдары да қатар дамып келеді. Тек ақпарат таратуда заманауи үрдіске бейімделу керек. Қазіргі оқырманның басым көпшілігі ақпаратты тұтас оқымайды, басы мен соңын ғана оқиды. Міне, сондықтан да журналист «сторитэллинг» тәсілімен, яғни мақаланы маңызды ақпаратпен бастау керек. Сонымен қатар, оны оқиғалар арқылы бастап, жалқыдан жалпы мәселеге өту әдісін қолдану қажет. Сондай-ақ, қазір теледидар кеңістігінде шоу бағдарламалардың көбейіп кеткені және оны әншілердің жүргізетініне қиғылық салатындар көп. Оның мәнісі мынада. Бүгінгі қоғамның кеселдері, қайғылы жағдайлар ғаламтор, оның ішінде әлеуметтік желі арқылы ізі суымай жарияланып жатады. Халық бәрінен хабардар. Бұл жұртты уайымға салып, психологиялық ауытқу тудырады. Күн сайын неше түрлі қайғылы оқиғаларды естіген адам іштей үрейленіп, қоғамда адам бойында қорқыныш пайда болады. Міне осы жағдайда теледидар адамдарды сары уайымнан арылтудың жолын ұстанады. Яғни, онсыз да қоғамдағы түрлі келеңсіздіктерді естіп жүрген халық жұмыстан шаршап келгенде көңіл көтеретін ән тыңдағысы келеді. Жұрт назарын елдік маңызды мәселеден гөрі, маңыздылығы одан да төмен нәрсеге бұру арқылы қоғамдағы келеңсіздіктерді еңсеру қағидаты алғы шепке шығады. Бұл – елімізде ғана емес, бүкіл әлемде ақпараттық саясатта қолданылатын тәсіл, – дейді Қанат Әуесбай. Сондай-ақ, ол ақпаратты оқылымды етудің тиімді тәсілдері мен сананы ақпаратпен жаулаудың теориялық тәсілдерін айтып, тәжірибесімен бөлісті. Әлеуметтік желілерде посттарды қалай өтімді ету мен блогтұғырларды тиімді қолдану тетіктері де кеңінен қамтылды.

Шынар АСАНҚЫЗЫ, «Ақ жол».

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар