Мырзағали Айтжанов, бокстан ұлттық құраманың бас бапкері:
Бокстан ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов республикалық «Vesti.kz» порталының тілшісіне сұхбат беріп, құраманың Олимпиада ойындарынан кейінгі алғашқы жиыны жайлы және команданың қайта жаңаруы туралы ойымен бөлісіпті. Бас жаттықтырушының сұхбатын орыс тілінен тәржімалап, оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.
– Кәсіпқой спортшы болған соң, ұзақ уақыт демалудың еш қисыны жоқ. Сондықтан, бапкерлер штабы боксшылардың Астанада басын қосқанды жөн деп ұйғарды. Бұл жиын біздің күнтізбелік жоспарымызда бар болатын,-деп сөз бастады Мырзағали Құланұлы. –Жігіттер бір ай еркін демалды. Жеткілікті мерзім деп ойлаймын. Басқа спорт түрлерінде жағдай қалай екенін білмеймін, ал біз боксшылармыз. Лондон Олимпиадасынан кейін де тынығуға бір ай уақыт бердік, кейін жиналдық. Менің ойымша, бір ай ішінде кез-келген адам баласының миы да, денесі де тынығады. Бұл жиын спортшылардың спорттық бабына қайта келуіне негізделген. Базамызда медициналық орталық бар, сонда былғары қолғап шеберлері жарыс кездерінде алған кейбір жарақаттарынан айығуға мүмкіндік алады. Күніне ойын түріндегі бір реттік жаттығу өткіземіз, ұзақ қашықтыққа жүгіру мен спорттық құрылғылармен физикалық жұмыстар жүргіземіз. Демалыстан оралған боксшыларды осылайша өздерінің спорттық бабын қайта қалпына келтірмекпіз. Алдағы уақытта Павлодар қаласында ел чемпионаты өтеді. Сол додада ұлттық құраманың құрамын анықтаймыз. Ал Олимпиада ойындарының жүлдегерлерін бұл жарыстан босатып отырмыз. Олар автоматты түрде ұлттық құраманың мүшелері саналады. Сондай-ақ, «Аiba pro boxing» мен бүкіләлемдік бокс сериясына қатысу-қатыспау себептерін нақтылауға тиісті кейбір боксшылар ел чемпионатына қатыспайды. – Ол қай боксшылар? – Біржан Жақыпов пен Берік Әбдірахманов «Аiba pro boxing» жобасы бойынша, Олжас Сәттібаев бүкіләлемдік бокс сериясында жұдырықтасады. Әрине, жоба жалғасын тауып жатса. Аталған жобалар тоқтатылған жағдайда көреміз, бірақ менің ойымша, бұл боксшылар кәсіби мансабын аяқтаулары да мүмкін. Олимпиада ойындарының жүлдегерлері: Иван Дычко, Василий Левит, Әділбек Ниязымбетов, Данияр Елеусіновтер – командада қалады. Қаңтар айынан соң бәрі белгілі болады. Келесі жылы бізді Азия біріншілігі мен әлем чемпионаты күтіп тұр. Жаз мезгілінде өтетін Азия чемпионатының нақты мерзімі әзірге белгісіз. Белгілісі, Германияның Гамбург қаласында жалауы желбірейтін әлем біріншілігі қазан айының екінші жартысына жоспарланған. Азия чемпионатында әлем біріншілігіне жолдамалар үлестіріледі. Сол себепті, сары құрлық додасына сақадай сай дайын болуымыз керек. – 49, 52 келі салмақ дәрежесіндегі боксшыларды ел чемпионаты қорытындыланған соң анықтайсыз ба? – Білесіз бе, өз басым интернет ауылынан алыстау адаммын. Ғаламторға кірмеймін. Алайда Біржан Жақыпов жайлы жұртшылық не деп жатқанын естіп отырамын. Алайда, Біржан Жақыповқа дейін аса жеңіл салмақта Қазақстан боксшысы ешқашан Олимпиада ойындарына қатыспаған. Ұзақ жылдар бойы өз салмағында ел намысын қорғаған оған біз алғыс айтуымыз керек. Ол – әлем чемпионы, әлем кубогінің күміс жүлдегері, екі дүркін Азия ойындарының күміс жүлдегері. Біржанға дейін елімізде бұл салмақта ешкім әлгіндей биіктерді бағындырған жоқ. Сондықтан да Жақыповтың өнерін талқылау, сын тезіне алу дұрыс емес. Олимпиада ойындарының жүлдесін алу әркімнің маңдайына жазыла бермейді. Байрақты бәсекеге біздің боксшылар жеңілу үшін бармайды. Әртүрлі жағдайлар болады. Бірі мықты, бірі әлсіздеу көрінсе, енді біріне сәттілік жетіспей жатады. Көптеген факторлар бар ғой. Мәселен, 52 келіні қарайық. Лондонда Ілияс Сүлейменов, Риода Олжас Сәттібаев өнер көрсетті. Екеуінің шеберлік деңгейі шамамен бірдей. Азия ойындарында Ілияс Сүлейменов топ жарса, 2015 жылы Олжас Сәттібаев Азия чемпионы атанды. Бұрын айтқанымдай, Олжас – жақсы боксшы, алайда қазір ол өзінің кәсіби мансабы туралы шешім қабылдауы керек. Мұның бәрі боксшылардың өздеріне байланысты. Біз ешкімді құрамадан аластамаймыз. Жасы келген спортшының өзі командаға керек. Жас боксшылар солардың тәжірибесіне сүйеніп өсуі тиіс. 2009 жылы Миланда өткен әлем чемпионатынан кейін біз ешкімді сынаған да, қатардан шығарған да жоқпыз. Ниязымбетов, Елеусінов, Дычколарға жасы үлкен спортшылар қолұшын берді. Енді бұл боксшылар әлемдік деңгейдегі былғары қолғап шеберлеріне айналды. Сол секілді Риодан кейін де біз ешкімге есігімізді тарс жаппаймыз. Жолдары болмады деп айтпаймын. Кімдердің маңдайына жүлде жазылды, солар алды. Барлық боксшыларымыз өздерін жақсы жағынан көрсете алды. Иә, біреуіне әлдебір нәрсе жетіспеді, сол жағынан жұмыс жасаймыз. Біз қазақ боксы әлемдік рингте бәсекеге қабілетті екенін көрдік. Оның үстіне тек ерлерімізді алсақ, біз үздік үштікке ендік. Жарыста қыздарды қоса есептейді. Сондықтан, құрамамыз төртінші орында тұр. Ал ерлер құрамасы үздік үштікке лайықты енді. Бұдан да жоғары биіктер бағынар еді, бірақ, кейбір сәттер орын алды. Оны өздеріңіз де білесіздер, сол себепті қозғамаймын. Ешкімді кінәлағымыз келмейді. Бірінші кезекте қателіктермен жұмыс жасаймыз. Жапониядағы жарыста командалық есепте көш бастауымыз керек. – Жәнібек Әлімханұлы құрамадан анық кете ме? – Риода Жәнібек те медальдан үміттілердің бірі саналды, алайда олай болмай қалды. Әрине өкінішті. Біз Олимпиадада көбірек жүлде алатын едік. Шын мәнінде Олжас Сәттібаев, Қайрат Ералиев, Жәнібек Әлімханұлы жақсы дайындықпен барды. Жәнібек кәсіпқой рингте бақ сынап көргісі келеді. Бұл – ол үшін дене қыздыру жекпе-жегі. Қанат Исламның чемпиондық жекпе-жегінің андеркардында рингке көтеріледі. Жәнібек маған қоңырау шалды. Мен «Мақұл» дедім. Әйткенмен, Әлімханұлы Павлодардағы ел біріншілігінде сынға түседі. Астанадағы жиыннан кәсіпқой бокстағы дебюті үшін босаттық. Ол енді ел чемпионатында жаңа салмақ – 81 келіде бақ сынайды. – Бүгінде ұлттық құраманың көптеген боксшыларын кәсіпқой боксқа шақырып жатқандар бар. Сіздің ойыңызша, кәсіпқой рингте кім табысты болар еді? – Бірінші кезекте Жәнібек Әлімханұлы. Өйткені, оның соққысы мығым, діттеген жерге дөп тиеді. Басқа боксшылар ауысар-ауыспасын білмедім, дегенмен, Берік Әбдірахманов пен Қайрат Ералиевтің ұрыс салу мәнері келеді. – Данияр Елеусінов пен Василий Левит туралы не ойлайсыз? – Әрине, олардың да мүмкіндігі бар. Бірақ, кәсіпқой рингке олардың табиғаты аса келе бермейді. Өйткені, мәнері – ойнап жүріп жұдырықтасу. Олардың салмақ дәрежелерінде көптеген жағдайлар бар. Алайда, олар кәсіпқой боксқа ауысып жатса, әлбетте қолдарынан келеді. Себебі, бұл жігіттер – өте талантты әрі мүмкіндігі мол боксшылар.
Дайындаған Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Спорт кешені пайдалануға берілді
- 21 қараша, 2024
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді