алматылықтардың қоржынын бір толтырып тастады
Өңіріміздің ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері өткен апта соңында Алматы қаласының «Астана» орталық алаңында азық-түлік өнімдерінің үлкен жәрмеңкесін өткізді. Оңтүстікастаналықтар үшін бұл үйреншікті жағдайға айналып отыр десек те, олар жамбылдықтардың жәрмеңкесіне өте көп келді. Оның себебі – біреу-ақ. өзге облыстарға қарағанда Біздің өңірімізде ауыл шаруашылығы дақылдарының көп түрі өндіріледі, әсіресе ет, сүт өнімдері мол. Жәрмеңке ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өтті.
Алдымен облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев пен Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек жамбылдық тауар өндірушілердің сауда қатарларын аралап, өнімдердің сапасына назар аударды. Сұранысқа ие екендігіне де көз жеткізді. Бұл орайда Байзақ ауданындағы «Рола», Т.Рысқұлов ауданындағы «Ақтоған» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің ұн-макарон өнімдері осы талаптарға сай шыққанын атап өтуіміз керек. Меркілік омарташылар сыйы – балға да сұраныстың көп екені байқалып тұрды. Қордай, Жамбыл және Талас аудандарынан әкелінген ет өнімдерін, сарысулықтардың өздері өндіріп дайындайтын ас тұзын сатып алушылар қарасы едәуір мол болды.
Кәрім Нәсбекұлы жалпы жәрмеңкенің өтуі барысы жөнінде сөз сабақтап: «Біздің облыстың еңбеккерлері дайындаған өнімдер сан түрлі. Экологиялық жағынан таза. Осы жолы 340 тонна ауыл шаруашылық тауарларын әкелдік. Аудандарда өндірілетін өнім түрлері де көп. Меркі ауданында балықтан түрлі өнімдер әзірленеді. Бағалары нарықтағыдан 15-20 пайызға төмен. Сондықтан, алматылық тұрғындарға қыстың қамын жасап алуға үлкен мүмкіндік жасап отырмыз. Мұның бәрі – еліміздің Тәуелсіздігінің арқасы, еркіндігіміздің жемісі. Айта кету керек, бүгін алматылықтардың жүзінен үлкен мерекелік көңіл күй ауанын сезініп отырмыз. Бұған біз де қуанамыз», – деді.
Ал Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек: «Облыстың тауар өндірушілері жәрмеңкесінің биылғы басты ерекшелігі – ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып отыр. Бірнеше аймақ Алматыда жәрмеңке өткізіп үлгерді. Алайда, жамбылдықтардың өз ерекшеліктері бар. Сіздердің облыс – ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруге өте қолайлы аймақ. Сондықтан, бүгінгі әкелген тауарларыңызға, өз қолдарыңызбен өндірген өнімдеріңізге алматылық тұрғындар дән риза. Бағаларыңыз да көңілден шығады, оның үстіне ауа райы да бүгін қолайлы болып тұр», – деп осындай жақсы шараларға бастамашы болғаны үшін облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевқа алматылықтар атынан шынайы алғысын жеткізді. Аталған жәр-меңкеге облыс тауар өндірушілері жалпы сомасы 112,1 миллион теңгенің ауыл шаруашылығы тауарларын ұсынды. Оның ішінде ет – 30, шұжық өнімдері – 5, қант – 5, балық – 5, бал – 1,7, жеміс-жидек – 162, макарон 6 тоннаны және жұмыртқа 5 мың дананы құрағанын ерекше атап өтуге болады. Оңтүстік астананың тұрғындарына бұл жолы жылқы етінің килосы – 1300, сиыр еті – 1200, қой еті –1000, қант – 220, күріш – 220, алма мен қызанақ килосы 200 теңгеден сатылды. Алматылықтар қымыз бен шұбатты, балды да жеңілдетілген бағамен сатып алуға қол жеткізді. Қазы-қарта, балық өнімдері, картоп, сәбіз, қызанақ, сары май өнімдеріне жақсы сұраныс болғанын байқадық. Алматылықтарды сөзге тартудың да сәті түсті. «Жуалы ауданында туып-өскенмін. Оңтүстік астанаға келгеніме 40 жыл болды. Туған өлке ыстық қой. Жерлестерімнің жәрмеңкесіне келіп, Б.Момышұлы ауылынан әкелінген май мен ірімшікті сатып алдым», – дейді қала тұрғыны Қайрат Бөрі. Ал Алматы қаласының тағы бір тұрғыны Альмира Асан: «Еліміздің шығыс облыстарында туылғанмын. Алматыда ұзақ жылдан бері тұрамын. Қала орталығындағы жәрмеңкеге үнемі келемін. Әрине, мұнда өнімдер арзандау. Қыстың қамын жасауға мүмкіндік бар. Бағаға да, өнімдерге де көңілім толды», – деді. Алматылық тұрғындар Бақытжан Жақсыбек, Қанат Қалаубеков, Төлеген Самратов та қоржындарын арқалап жәрмеңкеге қуана жеткен екен. Олар да мұндай шара қала тұрғындарына жасалған жанашырлық, үлкен көмек екенін айтып, жақсы лебізбен көңіл күйлерін білдірді. Шалғайдағы Сарысу ауданынан Алматыға өнім жеткізген «Жастар» шаруа қожалығының төрағасы Талғат Қабылов: «Сиыр мен қой етін қоса есептегенде осы жәрмеңкеге 700 кило ет өнімін әкелдім. Өнімге сұраныс жақсы. Түгел өткіземін деп ойлап тұрмын. Сиыр етінің килосы – 1100, қойдікі 1000 теңгеден өткерілуде. Баға екі тарапқа да қолайлы. Біз ешқандай делдалсыз, тұтынушыға өнімдерімізді бірден өткеруге қол жеткізіп отырмыз», – деп, мұнда жоспарлап келген жұмысының ойдағыдай жүзеге асып жатқанынан хабар берді. Талас ауданындағы «Сағынтаев» шаруа қожалығының өкілі Ерғазы Сыздықбаев өзі алып келген ет, сүт өнімдерінің, құрт-ірімшіктің жақсы өткенін, алматылықтар қолдың майы мен қолдың құртына көп сұраныс жасағанын ағынан жарыла айтып берді. Жәрмеңке барысында облыстық филармония әншілері алматылықтарға ән-жырларын тарту етті. Олардың өнерін жәрмеңкеге келген жұрт қызыға тамашалады. Өзіміз де сауда қатарларын жиі аралап, мұнда базардың қызып жатқанына көз жеткізумен болдық. Аталған іс-шараға «Тараз әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы облыстық филиалына қарасты сауда орталықтары, Тараз қаласы және барлық аудандар өкілдері мен еңбеккерлері белсене атсалысты. Жамбылдықтар жеткізген өнім түгелге жуық өткерілді. Алматылық тұрғындар Жамбылдан жеткен жәрмеңке керуенін жоғары бағалап, мерекедегідей күй кешті. «Тұрғындарға қолайлы осындай шаралар жиі өтсе екен» деген тілектерін айтты.
Есет Досалы, «Ақ жол». Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.
Тараз – Алматы – Тараз.
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді