«Алматы-Аренаға» көз тігетін күн жақын
Кәсіпқой боксшыларымыз Алатау бөктерінде ел намысын қорғайды Алатау баурайындағы әсем қала Алматыда бой көтерген алып спорт кешені «Алматы-Аренада» қазақ боксшыларының қатысуымен кәсіпқой бокс кештерін өткізіп тұру игі дәстүрге айнала бастағандай. Әлбетте, кәсіпқой бокс туралы сөз бола қалса, мұхиттың арғы бетіндегі АҚШ-тың ойып тұрып алар орны бар екені баршамызға мәлім. Сондықтан да болар, кәсіпқой бокстың Меккесіне баланатын Лас-Вегастағы «MGM GRAND» ойын-сауық кешені ойға оралғаны. Сол кешенде Майк Тайсон мен Эвандер Холифилдтің, Оскар Де Ла Хойя мен кіші Флойд Мейвезердің, Флойд Мейвезер мен Мэнни Пакьяоның және өзге көптеген ірі жекпе-жектердің ұйымдастырылғанынан хабардармыз.
Әлбетте, «Алматы-Аренада», жалпы Қазақстан төрінде керемет кездесулер өтуі үшін мықты маркетинг, таңдаулы промоушндер, білікті менеджерлер қажет. Кім біледі, біздің арманымыз болашақта орындалып та қалар. «Алматы-Арена» күндердің күнінде Қазақстанның «MGM GRAND» секілді алпауыт айқастар өтетін кешеніне айналар. Жақсылыққа жорып, соған сенейік.
Сонымен, Алматы төрінде 29 қазан күні тамаша бокс кеші ұйымдастырылады. Бұл күні ринг төріне кәсіпқой бокста «ҚАЗАҚ» лақап атымен танылған Қанат Ислам ганалық Патрик Аллотеймен қолғап түйістіреді. Бірінші орта салмақта сынға түсетін алаштың Қанаты WBA fedelatin белбеуін қорғап қана қоймай, Аллотейге қарсы шайқаста WBO құрлықаралық белбеуін сарапқа салады. Бұдан бөлек, «BoxRec» келтірген мәліметке сенсек, осы жекпе-жек жеңімпазы халықаралық бокс ұймының (IBO) уақытша бос белбеуіне ие болатын көрінеді. Сонымен қатар, Қанаттың 21 кездесудің барлығында жеңіс тойын тойлағанын бәріміз білеміз. Ал Аллотей кім?
26 жасар ганалық боксшы Патрик Аллотей кәсіпқой рингте 36 кездесу өткізіп, оның екеуінде жеңілістің ащы дәмін татқан. Иә, Аллотей үшін кәсіби мансабындағы сәтсіздіктер туралы айтудың өзі қиын. Алдымен, Чарлз Манучиден техникалық нокаутпен жеңіліс тапса, іле шала өзінің аттасы Патрик Тейшейра «Улы жебені» нокаутқа жіберді. «BoxRec» рейтингінде 139-орынға жайғасқан Аллотейді «ҚАЗАҚ» үшін қарымды қарсылас дей алмаймыз. Десе де, бәріне төреші – ринг. Нельсон Лопес баптайтын Қанаттың жеңіске жетуіне тілектеспіз.
Бұл күні кәсіпқой рингтегі дебютін өткізетін әуесқой бокстан әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы да жанкүйерлерге тамаша жеңіс сыйлайды деген үміттеміз. Ол 2010 жылы орта салмақтың королі саналатын қазақстандық Геннадий Головкинге қарсы рингке көтеріліп, нокаутпен жеңілген Милтон Нунезге қарсы шаршы алаңға шықпақ. Головкиннен ауыр соққы алған соң кәсіпқой бокста жарытып өнер көрсете алмаған Нунезді Жәнібектің жеңетініне сенім мол. Осы бокс кешінде өзге де қазақстандық боксшылар шаршы ринг төрінде шын мықтыны анықтамақ. Олардың қатарындағы жамбылдық жампоз Жанқош Тұраров, Әли Ахметов, Руслан Мырсатаев, Айдар Шәрібаевтар жеңісті жорықтарын жалғастыруға тырысады. Ал Айдос Ербосынұлы жарақатына байланысты жоспардағы кездесуін өткізбейтін көрінеді. Ел намысын қорғайтын өрендер Алматыдағы AIBA бокс академиясында дайындықтарын пысықтауда. «Кезекті кездесуге дайындығымыз өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Жеңіске жетуге бар күш-жігерімізді саламыз», – дейді қазақ бокшылары өз ойларын ортаға салып. Біз де жігіттерге сәттілік тіледік. Жампоздарымыздың жеңісті жорықтарын бірге көруді жазсын!
Табиғат АБАИЛДАЕВ,
"Ақ жол".
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді