Қызметіне адал Байсейтов
Ерлік есеппен жасалмайды. Жүрегі мейірімге толы, батыл адамдар ғана сын сағатта өз өміріне төнген қауіпке қарамастан, қатерге бас тігеді. Тіпті, сол сәтте олар өз әрекетінің ерлікке баланарын да пайымдап үлгермейді десек, қателеспейміз.
Бұл оқиға былтыр жаз айында орын алған еді. Тараз қаласының Желтоқсан көшесіндегі 9 қабатты ғимараттан өрт шыққанын бастапқыда көпшілік аңғармай да қалған. Сол күні осы ғимаратқа қоныстанған басқармалар мен мекемелерге келімді-кетімді адамдар көп болатын. Тілсіз жау әп-сәтте күш алып, қою түтін көзді ашытып, тынысты тарылтқанда жұрт жапа-тармағай тысқа ұмтылған. Жан ұшыра көмек сұрап, айқайға басқан.
Будақтаған қара түтін мен жалаңдаған қызыл жалынды «Бүркіт-10» экипаж мүшелері, Тараз қаласы жол-патрульдік полициясының сержанты Бауыржан Байсейтов пен Ринат Серкебаев алыстан байқаған екен. Олар келе сала, ойланып жатпастан, өрт сөндірушілер жеткенше қарап тұрмай, ғимаратқа кіріп, адамдарды сыртқы баспалдақ арқылы далаға шығара бастайды. Кенет, жоғары қабаттан бір қыздың «көмектесіңдер» деп айқайлаған ащы даусын естиді. Екеуі жалма-жан едендегі төсеніштің бірін алып, өрттен қашып, терезеден секірген жанды тосып алады. Осылайша екі полицей 285 адамды құтқарып, сыртқа шығуына жәрдемдеседі. Сол жолғы өрттің салдарынан әртүрлі жарақат алған 8 адамның алтауы №1 қалалық ауруханаға жатқызылған болатын. Олардың ішінде түтінге уланған Бауыржан Байсейтовтің өзі де бар еді.
Өз қызметін мінсіз атқарып жүрген Бауыржан Байсейтов полиция қызметкері болуды бала кезінен армандаған екен.
– Бұл жұмыстың қауіп-қатерге толы екенін жақсы білетінмін. Бірақ, 25 жасымда осындай қатерлі іске бас тігемін деп ойламаған едім. Біздің жұмысымыз – қоғамдық тәртіпті қадағалау, тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау болғандықтан, әртүрлі оқиғалар орын алуы мүмкін ғой. Іштей қандай жағдайға да тас-түйін дайындалып жүреміз. Әйтсе де, мен үшін бұл оқыс оқиға болды. Сол кездегі өз әрекетімді ерлікке баламаймын. Бар ойым адамдарға қолұшын созып, көмек көрсету еді. Әйтсе де, осы әрекетімді батылдық деп бағалаған төтенше жағдайлар департаменті «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады, – дейді ол.
Н. Болатұлы, журналист.
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді