Аграрлы әрі өндірісті аймаққа айналдық

Аграрлы әрі өндірісті аймаққа айналдық
ашық дереккөз
Аграрлы әрі өндірісті аймаққа айналдық
Қазақстан Республикасы егемендігін жариялаған күн, әрине, ел тарихындағы ең айтулы күн, басты мереке. Былайша айтқанда, ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойғы арман-аңсары болған азаттыққа, еркіндікке қол жетіп, «ақ жарылқап заман туған» күн бұл! 1991 жылдың 16 желтоқсанында «ҚР мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» тарихи конституциялық Заң қабылданды. Елдікке, мемлекеттілікке жасалған батыл қадам, қабылданған маңызды шешімдердің арқасында еліміз тұңғыш рет әлемдік қауымдастыққа танылып, егемендігіне қол жеткізген мемлекеттің заңды түрде рәсімделген мәртебесіне ие болды. Тәуелсіздіктің ақ таңы арайлап атып, кең-байтақ еліміздің ойы мен қырын нұрлы шуағына бөлеп, барша жұрттың көңіл құсын көкте құйқылжытқаны, сірә, естен шығар ма! Қазақстан тәуелсіздігіне қол жеткізгелі бергі ширек ғасыр уақыт ішінде еліміз аумағында индустрияландыру бағдарламасы аясында қаншама алып құрылыстар, зауыттар, фабрикалар бой көтергенін үлкен де, кіші де жақсы біледі. Ең бастысы, еліміз тоқсаныншы жылдардағы уақытша қиындықтарға да төтеп бере алды. «Алдымен – экономика, сосын – саясат» деген қағидаттың алға басты ұстаным етіліп қойылғаны да осы тұс. Осынау қиындықтардың барлығын да Елбасының сарабдал саясатын басшылыққа алған халқымыз ынтымақ-бірлікпен, ауызбіршілікпен аянбай еңбек ету арқылы еңсерді. Осылай еліміз дамудың даңғыл жолына да түсті. Тәуелсіздігіміздің 25 жылы ішінде еліміз өзінің алдына қойған стратегиялық міндеттемесін мерзімінен бұрын іске асырып, әлемнің бәсекеге ең қабілетті 50 елінің шоғырынан көрінді. Халықаралық аренада да зор беделге ие. Жетпістен астам халықаралық ұйымдардың мүшесі болып табылады. Дүниежүзілік сауда ұйымына да еніп отыр. Қазақстан тарапынан Елбасымыздың бастамашылық танытуымен Еуразиялық экономикалық одақ жұмыс істей бастағанын да ел-жұрт жақсы біледі. Қысқасы, еліміздің әлеуеті, бейбітсүйгіш бастамашылдығы, әлемдік қоғамдастықта айрықша елеулі орны бар ел ретіндегі абырой-беделі арта түсті. Бүгінде еліміз мемлекеттік құрылыстың сапалы жаңа кезеңіне қадам басты. Бұл кезеңге көшудің жай-жапсары Елбасының әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына ену жөніндегі 5 институционалдық реформа: «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында айқындалып, алдымызға ауқымды міндеттер қойылғаны белгілі. Жалпы, ел экономикасы Тәуелсіздікпен бірге түлеп, қанатын қатайтты. Салада қол жеткізілген жетістіктерде біздің облысымыздың да өзіндік қомақты үлесі бар. Тәуелсіздігіміздің 25 жылы ішінде мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау мен көмектің арқасында өңірімізде көптеген бағыттар бойынша белгілі бір деңгейде жемісті жұмыстар жүзеге асырылды. Мысалы, облыстың жалпы өңірлік өнімі 1994 жылдан бастап 2015 жылға дейін 94 есе өсіп, 10,8 миллиард теңгеден 1 триллион теңгеге жетті! Осынау жылдар ішінде Амангелді газ кен орны, «Мыңарал Тас Компани» цемент компаниясы іске қосылып, «Қазфосфат» ЖШС сияқты алып химия кәсіпорындары өз қызметін қайта жандандырды, «ЕуроХим-Тыңайтқыштар» ЖШС сияқты кәсіпкерлік құрылымдарының ірі жобаларды іске асыруы қолға алынды. Сондай-ақ, «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағы құрылуда. Сонымен қатар, облыста «Кант» АҚ, Тараз металлургия зауыты, «Талас Инвестмент Компани», «Жамбылгипс» АҚ сияқты және басқа да ірі өнеркәсіп кәсіпорындары табысты жұмыс істеуде. Олардың көпшілігі Үдемелі индустриялық-инновациялық даму, «Бизнестің жол картасы – 2020» және басқа да мемлекеттік бағдарламалар аясында өз өндірістерін жаңғыртып, инфрақұрылымдары желісін кеңейте түсті. Соңғы 15 жылда – 2000 жылдан 2015 жылға дейін өнеркәсіп өнімі өндірісінің көлемі нақты 2,5 есеге өсуі де көңіл тоғайтарлық жетістік екені анық. Тек соңғы алты жылдың өзінде облыста Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылған 43 өндірістік нысан пайдалануға беріліпті. Өңірдің географиялық орналасуы мен табиғаты, құнарлы топырағы мен жайылымдық жерлері облысты қуатты аграрлық аймақ ретінде танытып отыр. Осыған байланысты, сондай-ақ «Ауыл», ауыл аумақтарын дамыту, агроөнеркәсіптік кешен, «Агробизнес – 2020» сияқты салалық бағдарламалардың арқасында облыстың ауыл шаруашылығы саласы да жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Облыста сойыс салмағындағы ет өндірісі 1997-2015 жылдары – 1,4, сүт – 2,4, жұмыртқа – 2,7, жүн 1,6 есеге өсті. Мемлекет тарапынан алдыңғы қатарлы технологияларды пайдалану, көрсетілген қолдау мен саланы әртараптандыру нәтижесінде 1991 жылмен салыстырғанда аймақта майлы дақылдар, көкөніс және бақша дақылдарын өндіру көлемі айтарлықтай өскен. 2011-2016 жылдары ауыл шаруашылығы секторын қаржыландыру 37,4 миллиард теңгені құрады, оның ішінде 30,4 миллиард теңгесі – субсидиялар. Әлеуметтік салада да өсу, ілгерілеу байқалуда. Табысы күнкөріс деңгейінен төмен халықтың саны 21 есеге төмендеп, бүгінгі күні бұл тұрғыдағы көрсеткіш 3,4 пайызды құрап отыр. 1998 – 2016 жылдар аралығында 129 білім беру нысаны (82 мектеп, 46 балабақша және 1 колледж) пайдалануға берілсе, «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында алты денсаулық сақтау нысаны салынды. Олар: облыстық қан орталығы, облыстық және қалалық балалар ауруханалары, аудандық емханалар, басқа да медициналық мекемелер. «350 дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункт және емхана құрылысы» жобасы аясында 26 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілуі де Тәуелсіздігіміздің жемісі деуге болады. Облыста республика бойынша алғаш рет 40 орындық мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту және бейімдеу орталығы ашылып, бүгінде бұл нысандарда мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша жұмыстар жүзеге асырылу үстінде. Бүгінде елімізде мүгедек жандарға, оның ішінде балалар мен жасөспірімдерге айрықша қамқорлық көрсетілуде. Олардың тиісінше ем қабылдап, сауығып, аяғына тұрып, өздігінен оқып, білім алып, қоғамның толыққанды мүшесіне айналуы үшін барлық жағдай жасалуға тиіс. Өңірімізде жоғарыдағыдай оңалту орталығының пайдалануға берілуі соның бір нақты айғағындай. Бүгінде мұндай оңалту-бейімдеу мекемелері облысымыздың бірқатар аудандарында да ашылып, өз жұмысын жемісті жалғастыру үстінде. Өңірде, сондай-ақ тұрғын үй құрылысы жұмыстары да кең қанат жайып келеді. Ширек ғасыр ішінде жалпы алаңы 4 миллион шаршы метрден астам аумақты қамтитын тұрғын үйлер салынды. Облысымыз бірінші болып «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» транзиттік дәліз құрылысын аяқтады. Соның арқасында бүгінгі күні бұл халықаралық трасса арқылы елдер арасындағы жүк тасымалы еселеп өсті. Айта кету керек, облысымыз жаңғыртылған энергия көздерін енгізуде де алдыңғы қатарда. Бүгінде аймақта осындай 9 нысан жұмыс істейді. Жуалы ауданында жалпы Орталық Азиядағы ең ірі күн электр стансасы орналасқан, ал Қордай ауданында мамандар энергияны желдің көмегімен алып отыр. Таяу болашақта – 2017-2020 жылдары жиынтық қуаты 247 МВт болатын бірқатар жаңа жобалар жүзеге асырылатын болады. Облыстағы газбен және сумен жабдықтау, сондай-ақ олардың желілерін жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі күні елді мекендердің 51 пайызы, яғни 312 елді мекеннің 158-і «көгілдір отынды» пайдаланады. Тек соңғы жеті жылда 110 елді мекен газбен жабдықталды. Осы жылдары 60 ауылдық елді мекенде сумен жабдықтаудың 65 нысаны салынып, қайта құрылды. Бұл ауыл тұрғындарының сапалы ауызсумен қамтылуын 1999 жылға қарағанда әлдеқайда жақсартыла түсуіне оң ықпалын тигізіп отыр. Аймағымыз пайдалы қазбаларға да бай, көп қырлы рухани мұрасымен де ерекшелінеді, бай мәдениеті мен ежелгі тарихымен де танымал. Облыста 3365 түрлі ескерткіштер орналасқан. ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміне бес нысан енгізілген. Олар: Ақыртас бірегей сарай кешені, Ақтөбе (Степнинское), Өрнек, Қостөбе және Құлан көне кент-қалашықтарының орындары. Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеу қарсаңында өңірімізде «Мәңгілік Ел» монументі, «Көне Тараз» тарихи және мәдени орталығы, «Мыңбұлақ» аллеясы, «Тараз әуендері» кешені, қарауыл мұнарасы секілді бірқатар көрнекі орындардың пайда болғанын да ризашылықпен атап өтуге тиіспіз. Бүгінде, сондай-ақ этноорталық және басқа да мәдени нысандардың құрылыстары аяқталуға жақын. Міне, мұның барлығы да облыс экономикасының жылдан-жылға жақсарып келе жатқандығын да көрсетеді. Әлеуетті экономика қашан да елді игілікке бастайтындығын нақтылай да түседі. Облыс әйгілі спортшы­ларымен де танымал. ЖақсылықҮшкемпіров, Ермахан Ибраимов, Болат Жұмаділов, Бахтияр Артаев, Акжүрек Таңатаровтар осында туылған. Олардың жеңісті жолын жақында Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, дзюдошы Елдос Сметов жалғастырды. Содан кейін Паралимпиададан Қазақстан тарихындағы алғашқы алтын медальды елімізге, облысымызға суда жүзуші Зүлфия Ғабидуллина алып келді. Біздің спортшыларымыздың 26-сы – ересектер арасындағы әлем чемпионаттарының, 38-і – Азия чемпионаттарының жеңімпаздары. Облысымыз ЭКСПО – 2017 қонақтарын қабылдауға қызу дайындалуда. Арнайы көрмеге қатысушылар үшін өңірдің ең көркем жерлерімен жүретін кемінде ондаған туристік бағыттар әзірленді. Міне, осы бағыттармен жүріп өтетін шетелдік туристер тобы көне ескерткіштер орындарын, табиғаты тамаша жерлерді аралап көріп, шаруасы шалқыған шаруа қожалықтары тыныс-тіршілігімен танысу барысында өңіріміздің экономикасы өсіп, өркендеу үстінде екендігіне де айқын көз жеткізетін болады деп сенеміз.

8-1Жомарт ӘМІРХАНОВ, облыс әкімдігі экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы.

Ұқсас жаңалықтар