«Еурохим – Қаратау» – өңірдегі ең ірі инвестор
«ЕуроХим» Қазақстан билігімен бірге Өзара түсіністік және серіктестік жөніндегі меморандумға қол қойды.
Әлемдегі жетекші агрохимиялық компаниялардың бірі саналатын «EuroChemGroupAG» (ары қарай – «ЕуроХим» немесе Топ) өзінің Қазақстандағы «ЕуроХим-Қаратау» еншілес кәсіпорнының Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігімен және Қазақстан Республикасы Жамбыл облысы әкімдігімен бірге Өзара түсіністік және серіктестік жөніндегі меморандумға («Меморандум») қол қойғаны туралы хабарлады. Меморандумға қол қою рәсімі Астанада өткізілген Қазақстан мен Ресейдің XIII аймақаралық ынтымақтастық форумы аясында болып өтті, оның жұмысына Қазақстан мен Ресей Президенттері, Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин қатысты.
Меморандумға сәйкес «ЕуроХим» минералды тыңайтқыштарды өндіретін жаңа кешен құрылысына, сондай-ақ жергілікті әлеуметтік және көлік инфрақұрылымын дамытуға инвестиция құятын болады. Аталған кешен компанияның Жамбыл облысындағы фосфорит кенін шығаратын өндірісінің жанында орналасады. Өз кезегінде Қазақстан билігі «ЕуроХим» өз жобасын кідіріссіз жүзеге асыруы үшін оңтайлы құқықтық және бизнес ортаны қамтамасыз етпек.
Осыған орай «ЕуроХим» бас директоры Дмитрий Стрежнев келесідей түсініктеме берді: «Меморандумға қол қою біздің стратегиялық жобаларымыздың бірін жүзеге асыру жолындағы маңызды әрі бірізді қадам болып табылады. Қызметімізге қолдау көрсетіп отырғаны үшін Қазақстан билігіне алғысымызды білдіреміз, және де арадағы ынтымақтастығымызды нығайтуға біз қашанда қуаныштымыз. Бүгінгі іс-шара жобамызды жүзеге асыру жөнінде, сондай-ақ, аймақтың әлеуметтік және көлік инфрақұрылымын жақсарту жөнінде біз өз міндеттемелерімізді орындауды жалғастырып, мемлекеттік-жеке әріптестіктің ауқымын кеңейтіп жатқанымызды айғақтайды».
«ЕуроХим» – 2013 жылдан бастап Жамбыл облысында фосфорит кенін өндіру және минералды тыңайтқыштарды шығару жобасын жүзеге асырып келе жатқан Қазақстандағы ең ірі инвесторлардың бірі. Биылғы жылдың басында жобаның бірінші кезеңі табысты аяқталып, қазір ол жылына 640 мың тонна фосфорит кенін өндіре алатын жобалық қуаттылығына жетіп отыр. Сондай-ақ, «ЕуроХим» аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына инвестиция құюды жалғастырып келеді және де қазірдің өзінде осы мақсатқа 18 миллион АҚШ долларын бағыттаған.
Жобаны жүзеге асырудың екінші кезеңінде «ЕуроХим» жылына өндірілетін фосфорит кенінің көлемін 1,5 миллион тоннаға дейін жеткізуді көздеп отыр. Бұл – компанияның аймақта минералды тыңайтқыштарды өндіретін кешенді салу бойынша жоспарымен байланысты. Аталған кешеннің өндірістік қуаттылығы негізгі өнім түрлері бойынша (калий сульфаты және дикальцийфосфат) жылына 1 миллион тоннадан аспақ, сондай-ақ ілеспелі өнімдер бойынша жылына шамамен 1 миллион тоннаны құрамақ.
«ЕуроХим» негізінен азоттық және фосфорлық тыңайтқыштарды, сондай-ақ органикалық жолмен синтезделген өнімдерді және темір кенін өндіретін әлемдегі жетекші агрохимиялық компания болып табылады. Топ құрылымы тігінен ықпалдастырылған және оның қызмет шеңберіне пайдалы қазбалар мен көмірсутекті өндіруден бастап, тыңайтқыштарды өндіру, логистикасы және дистрибуциясына дейінгі қызмет түрлері кіреді. Қазіргі таңда топ «ЕуроХим-ВолгаКалий» және Усол калий комбинаты жобалары шеңберінде Ресейдегі екі ірі калий тұзы кенорнын игеруде. Топтың бас кеңсесі Швейцариядағы Цуг қаласында, ал өндірістік кәсіпорындары мен дистрибуция желісі Бельгия, Қытай, Қазақстан, Литва, АҚШ және Ресейде орналасқан. Компанияның қызметкерлер саны бүкіл әлем бойынша 23 400 адамнан асады.
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді