"Айдостың" айы оңынан туып тұр

"Айдостың" айы оңынан туып тұр
ашық дереккөз
"Айдостың" айы оңынан туып тұр
Бір күнде бір жарым тонна қарбыз өткеріледі «Айдос» шаруа қожалығының жетекшісі Елубай Қуантаев пен оның жұбайы Дариға Егімбаева жұмысын жылдан-жылға жандандыру үстінде. Қожалық иелігінде 4,2 гектар суармалы жер бар. Онда жыл сайын арпа, жүгері, асқабақ және жоңышқа егіліп, өсіріледі. Қожалық иесі осы уақытқа дейін мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы 1 миллион теңге несиеге қол жеткізіп, ол қаржыға ірі қара малын сатып алды. Алынған несиені толық игеріп, үстіміздегі жылы тағы да 2 миллион 300 мың теңге несие алды. Кәсіптің нәсібін сезінген «айдостықтар» бұл қаржыға да 16 сиыр және асыл тұқымды 1 бұқа сатып алыпты. Яғни, мемлекеттік бағдарламаның қолдауымен жеке кәсібін дөңгелентіп отырған Елубай аға мен Дариға апа мемлекет қамқорлығына дән риза. Сонымен қатар, қожалық маңындағы бос алқаптарға қауын-қарбыз егіп, өнімін жол бойына шығарып сатумен айналысып жатқандарына биыл 10 жыл болды. Тіпті, жұрт «Айдарлының қарбызы» десе-ақ көтере сатып ала беретін болған. Бұған көп өтпей-ақ өзіміз де көз жеткіздік. Кеңес ауылының тұсындағы жол бойында қауын-қарбыз сатып тұрған Дариға апамен тәтті қарбыздан дәм татып тұрып әдемі әңгіме өрбіттік. Оның айтуынша, шілде, тамыз, қыркүйек айларында Кеңес ауылынан 15 отбасы жол бойына шығып қауын-қарбыз сатады екен. «Менің тұрақты қауын-қарбыз сатып алатын 10-15 автобусым бар. Негізгі кәсібіміз – шаруа қожалығын жүргізіп, қора ішін малға толтыру», – дейді жеке кәсіпкер. Елубай Қуантаевтың шаруа қожалығы жұмысын бастағанына биыл 16 жыл толады. Шаруашылық иелігінде 1 тракторы бар. Биыл 1200 түк жоңышқа орып жинап, қыстық мал азығын жеткілікті дайындап алыпты. Осылайша адал еңбектің тәтті жемісін көріп отырған еңбекқор отбасында сегіз бала тәрбиеленіп, өсіп, оның бесеуі отау құрса, қалған үшеуі «Айдос» шаруа қожалығында жұмыс істейді. «Еңбек етсең, емерсің» деген мақалдың мәнін түсіне білген «айдостықтардың» осылайша айы оңынан туып та отыр.

Уалихан Жайлау,

"Ақ жол".

p1110274Мойынқұм ауданы.

Ұқсас жаңалықтар