Ақыртасқа апаратын жол қашан жөнделеді?

Ақыртасқа апаратын жол қашан жөнделеді?
ашық дереккөз
Ақыртасқа апаратын жол қашан жөнделеді?
Өңірімізге туристерді көбірек тартатын тарихи ескерткіштердің бірі – Ақыртас. Ол Тараз қаласынан – 40, ал Ақшолақ темір жол бекетінен 6 шақырымдай оңтүстікте, Қырғыз Алатауының баурайындағы биік төбелердің етегіне орналасқан. Адамдар легін Ақыртасқа тартатын не? Ол, әрине, оның құпиясы. Үлкен қызыл құмтастардан қаланған ғажайып қаланың аяқталмай қалған құрылысы, шынында, саяхатшылардың қиялын небір болжамдарға жетелейтіні анық. Бірақ ғасырдан-ғасыр озып, ғылым мен білім дамып, адам мүмкіндігі ғарышты бағындырса да, құрылысы бітпей қалған қаланың (бәлкім, қамал, қорған, бекініс) құпия кілті әлі табылмай келеді. Ғалымдардың ғалымдары да өз еңбектерін осы бірегей ескерткішке арнады. Олардың қатарында кімдер жоқ дейсіз. Сонау ХІХ ғасырда В.А.Каллаур, П. И. Лерх, Д. И. Иванов, В. В. Бартольд және Г. И. Пацевич зерттесе, ХХ ғасырдың 1936 жылы А. Н. Бернштам бас ауыртты. Беріде К.Байпақов байыптап көрді. Бәрібір іргесі алып құмтастардан қаланған жұмбақ құрылыс сырын ашар емес. Бәлкім, ол жұртқа осынысымен де құнды, осынысымен де қызықты шығар. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында мұнда біраз шаруа атқарылды. Топырақ астынан жартылай көрініп жатқан іргетас түбіне дейін қазылып, бүгінде оның сұлбасы түгел көрініп тұратын болды. Құрылыс ішіндегі «көшелер», «бөлмелер», «алаңдар» да «мені көрдің бе» дегендей сайрап жатыр. Ақыртас басына салынған заманауи ғимарат та ғасырлар құпиясын ішіне бүккен тастарды зерттеймін, көремін деп келгендерге зор мүмкіндік болды. Ендеше, ғалымдар мен саяхатшыларды өзіне магнитше тартатын Ақыртасты өңіріміздегі туристер ат басын тірейтін №1 орынға неге айналдырмасқа?! Жақында сол жерге тағы да жолым түсті. Бірақ «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» даңғылынан бұрылғаннан кейін-ақ ғажайыпты тамашалау үшін желпініп келе жатқан көңілім су сепкендей басылып, реніш басталды. Өйткені алып тастарға алып баратын қара жол жеңіл автокөлік үшін қиямет-қайымның нағыз өзі десе де болады екен. Біріншіден, жол табанынан шаншыла шығып жатқан өткір тастар мәшие доңғалағы үшін өте қауіпті. Мұны көрген шетелдіктер «ноу» демесе, «о, кей» дей қоймас. Екіншіден, жол бойында қалтарыстар мен бұлтарыстар жиі кездеседі. Саяхатшылар өміріне бұл да қауіпті. Үшіншіден, жолдың шаң-тозаңы қандай адам келсе де, кеудесінен итеріп тұратыны тағы шындық. Иекартпада ЭКСПО тұр. Оның қонақтары жері сұлу, табиғаты тамаша Жамбыл облысына келіп, өңір ескерткіштерімен танысқысы келетіні анық. Осы сапар барысында «Ақыртасты көргіміз келеді» деген туристердің алдында «жолымыз нашар еді» деп күмілжіп тұрмайық. Сондықтан, Ақыртасқа апаратын жол бүгінгі заман сұранысына сай асфальт төселген жол болуы керек. Өңіріміздегі ежелгі ескерткіштерді көріп, барған жерлерінде насихаттай жүру үшін игі тілекпен қадам басқан шетелдік қонақтарға солардың өркениетті елдеріндегідей даңғыраған жол салып қойсақ, оның несі сөкет, ағайын.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.

img_4370

 %d0%b0%d0%ba%d1%8b%d1%80%d1%82%d0%b0%d1%81-qiyan-kz_

 

Ұқсас жаңалықтар