«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жан-жаққа тартпай қазағым, бір сөзге жинал дегені

Жан-жаққа тартпай қазағым, бір сөзге жинал дегені
ашық дереккөз
Жан-жаққа тартпай қазағым, бір сөзге жинал дегені

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековтің төрағалығымен өткен облыс әкімдігі жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өңірдегі білім беру мекемелері мен құқық қорғау органдарында мемлекеттік рәміздерді қолдану ережелерінің сақталуына арналды. Осы тақырып бойынша облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова хабарлама жасады. Оның мәлімдеуінше, үстіміздегі жылдың 13-27 мамыры аралығында облыстық ішкі саясат басқармасымен аудандар мен Тараз қаласының білім беру және құқық қорғау органдарында мемлекет рәміздері мен олардың бейнелерін орналастыру және қолдану тәжірибесі бойынша екі жүздей мекемелерде мониторинг жүргізілген.

Мониторинг нәтижесі, жалпы, Мемлекеттік рәміздерді насихаттау, оларды пайдалану мен бақылауды қамтамасыз етуде өңірде жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын көрсетті. Бірқатар мекемелерде бұл жөнінде өзгелерге үлгі боларлықтай жұмыстар жүргізілген. Дегенмен, бірқатар кемшіліктер де анықталып отыр. Мәселен, облыс орталығындағы және аудандардағы жоғары оқу орындары мен колледждердің кейбірінде ғимаратқа ілінген мемлекеттік Тудың кірлеген, жыртылған жағдайлары орын алған. ҚР Мемлекеттік Елтаңбасы туралы ұлттық стандартын пайдалануға қойылатын техникалық талаптарының 3.1.5 тармағына сәйкес, мемлекеттік мекемелердің маңдайшасында (паспортында) Елтаңба орналастыру талабы ТарМУ-да, облыстық саңырау және нашар еститін балаларға арналған облыстық «Мейірім» арнайы түзету мектеп-интернатында, Жамбыл политехникалық колледжінде, ЖГТУ-де, Меркі ауданындағы №4, 14, 20, 39 орта мектептерінде, Т. Рысқұлов ауданының Абай атындағы орта мектебінде, Қордай ауданының «Қордай» гуманитарлық-экономикалық колледжі мен М.Төлебаев атындағы өнер мектебінде, Шу ауданының №10 колледжінде сақталмаған. «Мемлекеттік рәміздер туралы» Конституциялық заңының 13-бап, 2-тармағына сәйкес жалпы орта, кәсіптік бастауыш, кәсіптік орта және кәсіптік жоғары білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында арнайы оқшауланған көрнекі орынға мемлекеттік Ту тігіліп, Елтаңба немесе оның бейнесі, сондай-ақ Әнұранның мемлекеттік тілдегі мәтіні орналастырылуы тиіс болса, бұл талаптар да бірқатар білім беру мекемелерінде ережеге сай орындалмағаны анықталып отыр. Айталық, Сарысу ауданындағы № 5 колледжінде мемлекеттік рәміздерге арналған мұндай оқшауланған орын атымен жоқ, Жаңатас қалалық көпсалалы колледжінің, Мойынқұм ауданындағы А. Иманов атындағы орта мектебінің, Талас ауданындағы №5 гимназияның арнайы оқшауланған орындарында рәміздердің орналасу реттілігі сақталмаған. Қордай ауданындағы «Бейбітшілік» колледжінде рәміздердің бейнелері бар стендтер бір деңгейде емес, Крупская атындағы №5 орта мектебінде «Қазақстан – 2030» Стратегиясына арналған стенд әлі күнге дейін ілініп тұр. Мұндай кемшіліктер бірқатар облыстық құқық қорғау органдарында да кездесті. Атап айтқанда, мекеме маңдайшасын заң талаптарына сәйкестендіру жұмыстары Тараз қалалық, Байзақ, Т.Рысқұлов, Мойынқұм, Шу аудандық ішкі істер бөлімдерінде, Шу аудандық сотында жүргізілмеген. Қордай аудандық ішкі істер бөлімінің, Меркі аудандық сотының мәжіліс залындағы мінберде мемлекеттік Елтаңба орнатылмаған. Сондай-ақ, облыстық ішкі істер департаментінде, Тараз қалалық ішкі істер басқармасында, Тараз қалалық сотының ғимараттарында орналасқан мемлекеттік рәміздерге түнгі мезгілде жарық түсірілмеген. Байзақ аудандық ішкі істер бөлімінің ғимаратында мемлекеттік рәміздер мүлдем орналастырылмаған болса, облыстық соттың Елтаңбасы ескірген. Облыс әкімінің бірінші орынбасары, Мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Б. Орынбеков комиссия отырысында сөз болған кемшіліктерді қысқа мерзімде толық жоюды, барлық мемлекеттік мекемелердегі мемлекеттік рәміздер бейнеленген стендтерді қолданыстағы ережеге сәйкестендіруді, мемлекеттік рәміздер күніне арналған патриоттық шаралар, акциялар мен дөңгелек үстел отырыстарын өткізуді міндеттеді. Тараз қаласының және аудандардың әкімдеріне мемлекеттік рәміздердің заң талаптарына сай пайдаланылуына және жүйелі жаңартылып тұруына тұрақты мониторинг жүргізіп отыру тапсырылды. Мемлекеттік рәміздерді құрметтей отырып дұрыс пайдалану әрқайсымыздың күнделікті атқаратын қасиетті борышымызға айналуы керек және бұл міндетті біреудің ескертуімен, күштеуімен емес, әр азаматтың бойында өз еліміз үшін зор патриоттық құлшыныспен орындау сезімі қалыптасуы тиіс. Комиссияның да ұйғарымы осыған келіп саяды.

Құрманбек Әлімжан,  «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар