1998 жылы Түрік Республикасының Парламенті түрік тілінің мемлекеттік мәртебе алғанына 720 жыл толуына орай халықаралық симпозиум өткізген болатын. Оның жұмысына Қазақстаннан Ұлттық ғылым Академиясының академигі, белгілі түрколог Әбдуәлі Қайдари, Сенаттың сол кездегі депутаты, осы жолдардың авторы екеуміз қатысқан едік. Елдің мемлекеттік рәміздеріне деген ыстық ықылас пен азаматтық аңсар құрмет үш күнге созылған әлемдегі түбі бір түркі тілдес халықтары өкілдерінің басқосуының өнбойына нәр беріп, ұлттық сезімді тербеп тұрды.
Күн сайын жиын басталар және жабылар алдында жиырма шақты өрен Түркияның қызыл түске малынған, ортасына ақ жарты ай мен жұлдыз бейнеленген Туын желбіретіп кіріп келеді де, мемлекеттік Әнұраны – «Тәуелсіздік маршын» әуелете жөнеледі. Зал тік тұрып қалт тыңдайды. Ерекше назар аударғаным, орындаушылар құрамындағы мектеп оқушылары әркез жаңаланып тұрды. Жастарды отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа баулудың, қазақтың «баланы жастан» деуінің мәні осы шығар деп түйдім.
Тағы бірде Астанада тұратын танысым Америкада туып, бастауыш мектептен соң әке-шешесімен елге оралған немересінің қылығы туралы таңғала айтқан еді. Көшемен кетіп бара жатқан ол АҚШ елшілігі ғимаратының төбесіндегі Туға тұра қалып, оң қолын жүрегінің тұсына қойып ерекше ілтипатпен тағзым етіпті. Осылайша таңғалумен таң атқызып жүре береміз бе? Егер өткен жылы телеарналарда көрсетілгендей, Атырауда көк Туымызбен қоқыс тасып жүрсе немесе халықаралық спорт жарыстарында жеңімпаздардың құрметіне төрт рет Әнұранымыз бізге мүлде жат әуендермен әспеттелсе оған кім кінәлі? Бәрі өзімізге байланысты ғой. Қазақтың басына ауып қонбай, тауып қонған тәуелсіздігіміздің символикалық айырым белгілері – мемлекеттік рәміздеріміздің жарқын бейнесіне кім-кім де көлеңке түсіруге тиіс емес. Өйткені, олар біздің мемлекетіміздің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы байланыстың жарқын бейнесі. Көк Туымыз қазақ елінің көк аспанының астындағы бейбітсүйгіш халық екендігін, көк жүзінде самғау үшін жаралған дала қыранындай еркіндікті білдірсе, ал, алтын күн байлықты, дархандықты ұқтырып тұр. Елтаңбадағы шаңырақ, уықтар, аңыздағы пырақтар әрбір қазақтың санасын сәулелендіретін шырақтар. «Алтын күн аспаны, Алтын дән даласы. Ерліктің дастаны, Еліме қарашы!» деп басталатын Әнұранымыздың сөзі сара, әуені дара қазақтың жанымен үндес, сезімімен сырлас. Туған елдің мемлекеттік рәміздерінің мағынасын түсіну әрбір Қазақстан азаматының борышы. Рәміздердің мағына-мәнін отбасында, бала-бақшада, мектепте, арнаулы орта және жоғары оқу орындарында еңбек ұжымдарында әр азамат, жас ұрпаққа үйретуі тиіс. Лауазымды тұлға мемлекеттік рәміздерді заңнамаға сәйкес қадірлеп, қастерлеп, құрмет тұтуы міндетті. Қасиетті мәңгілік елімізге, кіндік қанымыз тамған жерімізге деген сағынышқа толы, жанды тербетіп, рухты оятатын шетелден Отанына оралған марқұм Ермұрат Зейілханның жан тебіренісінен туған «Көк тудың желбірегені» әні бұл күнде қай қайсымызды болса да бей-жай қалдырмасы кәміл. Мектептерде күн сайын әр сынып сабағын осы әнмен бастаса нұр үстіне нұр болар еді. Ол ешбір қосымша қаржы да қажет етпейді. Салиқалы сөздермен астасқан әуезді ән әрбір жасты отансүйгіштікке баулыр еді. Еліміздің ертеңі – жастар «Көк Тудың желбірегені, қазақтың асқақ беделі» деп ұғып, таласқа түссе жан мен ту, жан емес, бізге керегі көк тудың желбірегені екендігін санасында түйіп өсер еді. Бұл ұлттық идеямызды тұғырландыратын қуатты күшке пәрмен берер еді.
Жандар КӘРІБАЙҰЛЫ, саясаттанушы, қоғам қайраткері.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді