айтыс пен аламан бәйгенің алаңына айналды
Құлансазға қалың қазақ түгел жиналғандай. Алғашқы күні еліміздің төрт түкпірінен түгел келген айтыскер ақындар Мэлс Өзбеков атындағы Мәдениет үйінде Сиқым бабаны ұлықтаған жырларымен додаға түсті. Сондықтан болар жұрт тапжылмай отырып тамашалады. Айтыстың тізгінін суырыпсалма өнерінің саңлағы Балғынбек Имашев қолына алып, он алты ақынды сахна төріне шақырды.
Олардың арасында «Алтын домбыра» иегері Жандарбек пен оның әкесі Айтақын Бұлғақов та болды. Жандарбек алғашқы жұпта Оразбек Қиыновпен айтысқа түсті. Жұлдызды жырдың жампозы ә дегеннен-ақ, қарсыласын састырып, бас көтертпей тастады. Одан соң айтыс өнерінің жарық жұлдызы болып жүрген Сара Тоқтамысова батысқазақстандық Талғат Мыхимен сахнаға шыққанда көп жұрт Талғатқа сенімсіздікпен қарағандай еді. Алайда тілі удай, әзілі жарасымды, сөзі өткір Талғат өзінің қаражаяу емес екенін дәлелдеп, жұртты бір желпіндіріп тастады. Ақтық бәсекеге екі ақын да жолдама алды. Одан кейін айтысқан Дидар Хамит пен белгілі қызылордалық ақын Нұрмат Мансұровтың сөз тартысы қарадүрсіндеу шықты. Қордайлық жерлесіміз Күміскүл Сәрсенбаева мен сөзі сұлу қостанайлық Сырым Әуесханның айтысы көңілге қонымды болды. Оған Күміскүл ақынның айтысы әжептәуір дем бергендей еді. Біз бірінші кезеңнің соңын ала Балғынбек Имашевті әңгімеге тарттық. Айтыс өнерінің айтулы шебері: – Бұл өзі көңілдің қошын оятатын айтыс болды. Алатауға шығып, таудың таза самалына кеудесін тосып, керемет қиялға берілген шайырларымыз Сиқым бабаның асында қамшы салдырмай, шабыттана жыр ағытты. Бұл жолы оңтүстікқазақстандық Біржан Байтуовтан шын айтыс күтіп едім. Оның өзіндік себебі бар, өйткені ол мұнда Өзбекстанда өткен халықаралық айтыстың бас бәйгесімен келді ғой. Керісінше, оралдық Мұрадін Ерманов төкпелік өнердің төрелік биігінен көріне білді. Осы Тұрар Рысқұлов ауданының Жаңатұрмыс ауылының тумасы Асхат Қылышбек екеуінің сөз салыстыруы тарихтың терең түкпірінен шығып, рухани құндылықтарымызды бүгінгінің батырларының қолымен қайта тірілткендей әсер қалдырды маған. Асхат: «Оралда Чапаевтың ескерткіші неге тұр? Өзіңнің шамаң келмесе балуаным Бейбіт Ыстыбаевты жіберіп алдырып тастайын» десе, Мұрадін: «Соны өзім де қош көрмей жүрмін. Оның орнына Сиқым бабаның ескерткішін қойдырайын, атаның әруағы риза болсын» деп аталы сөз айтты. Астаналық Серікзат Дүйсенғазин мен Айтақын Бұлғақовтың айтысының да орны мен оябы бөлек болды. Сөйтіп, келесі айналымға алты ақын жолдама алды. Келесі күнгі айтыс ашық аспан астында, Құлан қамалы тұрған төбеде өтті. Жұрттың делебесін қоздыратын аламан бәйге де осында өтетін болған соң ба, халық алаңға көп жиналды. Жиналған жұрт алдында «Бәйдібек» қорының атқарушы директоры Бақытжан Сертеков, «Сиқым баба» қоғамдық қорының президенті Жеңісбай Сұлтанов, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Академиясының академигі, сардар Жеңісбек Жұманбеков, Тұрар Рысқұлов ауданының Құрметті азаматы, Кершәйіз Мырзалиев, тағы басқалар сөз сөйлеп, жиналған жұртты Бәйдібек бабамыз айтқандай: «Бес қолдың саласындай, бір атаның баласындай» болуға шақырды. Осыдан соң Жамбыл драма театрының әртістері сахналық қойылым көрсетті. Артынша айтыс қайта жалғасын тапты. Төрешілер: драматург, жазушы Елен Әлімжанов, ақындар Қайырбек Асанов, Қуандық Шолақ және Шырын Мамасеріковалар өз орындарына жайғасқан соң Балғынбек айтысты бастап кетті. Ақтық айтысқа шыққан алты жұптың да өнеріне жұрт тәнті болды. Жандарбек пен Талғаттың сөз жарысы жарасымды, әзіл-қалжыңға, қағытпаға бейім болса, Күміскүл мен Айтақынның айтысы жиналған халықты күлкіге көмді. Ал, жерлес ақын Асхат пен Сараның айтысы нағыз қыз бен жігіттің сыпайы айтысы болды. Сара: «Бүкіл Тараздың намысы құрдасым саған қарап тұр. Уа, халқым, шапағатыңды аяла, шапалағыңды аяма» дей келіп: «Үйлену тойыңа шақыру қағаз бермедің» деп өкпе-назын айтып берді. Асхат ақын құрдасының лебізін жерге тастамай Айданадай жарын сахнаға шақырып, дүйім жұрттың алдында сәлем жасатып, Сарадай ақынның оған жүзігін салғаны қазақы дәстүр-салтымызға лайық өнегелі көрініс болды. Қазылар алқасы сөйтіп екі күнгі айтыстың қорытындысын да шығарды. Бас жүлде сонау үш мың шақырым жолды артына тастап, Семейден Құланға келген дүлдүл ақын Сара Тоқтамысованың қанжығасына байланды. Бірінші орынды қордайлық ақын қызымыз Күміскүл Сәрсенбаева, екі екінші орынды Жандарбек Бұлғақов пен Асхат Қылышбек, екі үшінші орынды Айтақын Бұлғақов пен Талғат Мыхи жеңіп алды. Құлантөбеге жиналған жұрт концертті тамашалап, жерлес әншілер Гүлмира Ақүрпекова мен Тахмина Әшімбековалардың әуезді әндеріне құлақ құрышын қандырып болып, асқа оқылған Құранға бата жасап, дәмнен ауыз тиген соң тақымдарын қысып, демдерін ішіне алып, атшабар алаңына жиналды. Тізгінімен алысқан 42 тұлпарды сөреден босатқанда желмен жарысып шаба жөнелді. Тоғыз айналым бойы алдына қара салмаған көгершіндік Болат Бодауовтың аты соңғы шешуші сәтте мәреге жете алмай қалды. Бұл жолы бақ емес, бап шапты. Жақында Шолаққорғанда өткен бәйгеде «Ваз-2114» автокөлігін ұтқан Әділжан Әбдіқадыровтың «Қозыкүреңі» мәре сызығын бірінші болып басты. Құландық бапкер Серік Әлімбековтің сөйтіп, бейнеті жанды. Ол Ақиқат есімді шабандозын аттан көтеріп алып, тұлпарын жетелеп, қос қолын аспанға көтерді. Екінші болып мәреге жеткен «Үміт» атты тұлпар осы ауданның Көгершін ауылынан келген Арнат Тыныстановтыкі екен. Ал, мәре сызығын үшінші болып қиған «Агент» атты тұлпар расында да қасиетті жылқы екен, сызықты кесіп өткен соң-ақ, жер құша жығылған бойда жан тапсырды. Ол меркілік Нұрлыбек Мәдешовтың сәйгүлігі болатын. Одан кейінгі орынды Сәбденов ауылында тұратын бапкер Қуаныш Боқаевтың «Көкдауылы» жеңіп алды. Бесінші орынды қордайлық «Гейша» атты тұлпар, алтыншы орынды таластық Ұзақбай Шақановтың «Нұрқасқасы», жетінші орынды қордайлық Бахтияр Тілеуханның «Сұлтанка» атты күлігі иеленді. Айтыс пен аламан бәйгеге осы Құлан өңіріндегі Сиқым баба ұрпақтары әрі осы астың ұйымдастырушылары Бақытжан Іңкәрбеков, Сайрамбай Дөненбаев, Пазыл Сүлейменов, Шардарбек Қосалов, Сәтжан Мамырбаев, Шәкен Толыбаев, тағы басқалар төрт миллион теңгеден аса бәйге тікті. Асқа Оңтүстік Қазақстан облысы, Астана, Алматы, Тараз қалалары мен Байзақ ауданында тұратын баба ұрпақтары келді.
Сейсен ҚОЖЕКЕ, «Ақ жол».
Құлан ауылы, Тұрар Рысқұлов ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ерлік жолын жеңіспен ұштастырған өрендерӨрнек
- 23 желтоқсан, 2024
Бірқатар нысандар ел игілігіне берілді
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді