Қоғамдық қабылдау тұрғындар үшін тиімді

Қоғамдық қабылдау тұрғындар үшін тиімді
ашық дереккөз
Қоғамдық қабылдау тұрғындар үшін тиімді

«Нұр Отан» партиясы – әлеуметтік мәселелер мен тұрғындарды толғандырған өзекті мәселелердің дер кезінде шешілуіне, олардың мүддесін қорғауға баса көңіл бөледі. Содан болар, өңір тұрғындары өздерінің мұң-мұқтажын билікке жеткізу үшін партияның облыстағы филиалына көптеп қайырылып жатады. Партияның қоғамдық қабылдау бөлмесін тегін құқықтық көмек көрсететін бірден-бір орын және билік пен халық арасын жалғайтын «алтын көпір» деп санайды. Сондықтан, партия осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруды көздейді. Облыстық БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен брифингте «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Бақыт Төлемісова осыны айтты. – Біздің мақсатымыз – тұрғындардың өтініштерін қарау, көтерген мәселелерін заң шеңберінде шешу немесе шешілу жолдарын қарастыру болғандықтан, партия филиалына келген азаматтарды қабылдаумен ғана шектеліп қоймаймыз. Тұрғындардың талап-тілегін қанағаттандыру үшін белгіленген кесте бойынша жергілікті атқарушы орган, прокуратура, құқық қорғау органдарының басшылары мен партияның әр деңгейдегі мәслихаттардағы депутаттық фракция мүшелерінің қабылдауларын ұйымдастырып, оларға заңгер, психолог секілді өзге де мамандар тарапынан көмек көрсетілуіне дәнекер боламыз. Осындай шаралардың арқасында жыл басынан бері өңір тұрғындарынан түскен 3572 өтініштің 32,5 пайызы оң шешімін тапты – дейді ол. Бақыт Төлемісованың айтуынша, қоғамдық қабылдауларда көтерілген кейбір маңызды мәселелер партиялық бақылау комиссиясы отырыстарында қаралып, тиісті тұлғалар жауапқа тартылған екен. Сондай жиында партия пәрменімен шешілген түйіткілдің бірі –Тараз қаласындағы газ жүйесін жүргізу барысында бұзылған жол төсенішінің қалпына келтірілуі. Қарамағындағы қызметкерлерге дөрекілік көрсеткен Ақшабаев атындағы орта мектеп директорының әрекеті бақылау комиссиясының оны партия қатарынан шығару туралы шешім қабылдауына түрткі болған. Негізінен, тұрғындар тарапынан түсетін өтініштердің дені әлеуметтік мәселелер мен баспана жайы және медицина, білім, коммуналдық қызмет сапасына қатысты екен. Мүмкіндігі шектеулі және отбасылық жағдайы төмен азаматтардың өтінішін қанағаттандыру үшін «Кедергісіз келешек», «Бақытты балалық шақ», «Бинестің жол картасы», «Әділет кеңес береді» секілді түрлі тақырыптарда қабылдаулар ұйымдастыратынын сөз еткен Б.Төлемісова заманауи технологияларды қолданысқа енгізудің арқасында «Казпошта» АҚ бөлімшелері арқылы ауыл тұрғындарына скайп арқылы байланысқа шығып, шағымдарын айтуына мүмкіндік туғанын айтты. Скайппен облыстық мәслихат депутаттарына, жергілікті атқарушы орган басшыларына, бейнеконференцияға қатысып, орталық мемлекеттік орган басшыларына сұрақ қоя алатынын, халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып, кез-келген партия филиалына онлайн-өтініш жолдау үшін тиісті жағдай жасалғанын мәлімдеді.

Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар