КӨП ҚАБАТТЫ ҮЙЛЕРДІҢ АУЛАСЫ АВТОКӨЛІКТЕР ТҰРАҒЫНА АЙНАЛДЫ
- author «Ақ жол»
- 27 қыркүйек, 2016
- 334
Бүгінде екінің бірінде жеңіл автокөлік бар. Бұл – жақсы, жарасымды үрдіс. Ал бізді ойландырып отырған нәрсе де осы арадан туындап отыр... Жақында көршімнің 3-сыныпта оқитын немересін есік алдында жеңіл көлік велосипедімен бірге қағып-соғып өте шықты... Көрші аулада әлдеқайда асыға шығып, машинасына отырған кісі артынан жүгіре ілескен өз немересін байқамай басып өтті... Тағы бір бойжеткен рульге ие бола алмай, доп ойнап жүрген үш баланы үш жаққа ұшырып түсірді... Мұның бәрі – көп қабатты үйлердің ауласында болған оқиғалар. Қазір машина иелері арнайы көлік тұрақтарына барып әуре болмайтын болды. Ауласына, есігінің, терезесінің алдына қоя салады. Ол күні-түні еш ақысыз-пұлсыз, күзетсіз сонда тұра береді. Содан келіп үш-төрт үйдің ортасындағы бір ауланы жүздеген жеңіл көліктер «мекендеп» алды. Волейбол, футбол, баскетбол алаңшалары үлкендердің көліктері тұратын заңсыз көлік тұрақтарына айналды. Енді балалар ойнайтын жер қалмай барады. Добы тиіп кеткенде машиналардың бажылдап қоя беретіні бар. Бұл көлік иелеріне ұнай қоймайды. Бұған да балалар кінәлі болады. Әсіресе, әлдеқалай байқамай шетелдік көліктердің әлдебір жерін балаңыз зақымдап алса, айқайға сүрен қосатын бикештер қатары көбейе түсті. Бұл көрініс, тіпті, қалыпты құбылысқа айналып кетті. Айналғаны сол, әлгі зақымданған жерінің құнын баланың ата-анасынан өндіріп алып жатқан жағдай жиіледі. Содан барып аулада, балалардың ойын алаңында тұрған қымбат көлік иелерінің құқықтары өктем болып тұр. Сол өрекпіген көңілдерді су сепкендей басқан оқиға ойламаған жерден таяуда ел байтағы – Астанамызда орын алды... «Бәйтерек» ықшам ауданындағы 12 қабатты зәулім үйден түнгі сағат 3-4-тердің кезінде өрт шықты. Жылдам жеткен 4-5 өрт сөндіретін машиналар үй ауласында тұрған көліктерден өте алмады. Ал өрт лаулап, қанатын жайып барады. Сол кезде өрт сөндірушілердің басшысы жеңіл көліктерді жаншып өтуге нұсқау береді. Сөйтіп, ондаған су жаңа «Джиптер» алып су сепкіш машиналардың табандары астында тапталып қала берді. Өрт сөнді. Алайда, түкке жарамсыз болып қалған көліктердің иелері лаулатқан «өрт» өршіп кетті. Ақыры, ол айқай министрліктерге, Парламентке дейін жетті. Бірақ, әңгіме қысқа болды. Мемлекеттік заңға сүйенген лауазымды тұлғалар олардың екпінін басты. «Көп қабатты үйлердің ауласына, балалардың ойын алаңына қойылған көліктердің қауіпсіздігіне ешкім жауапты емес. Әр шаршы метрдің өзінің лайықты иелігі бар. Көлігіңіз тоналмасын, ұрланбасын, қирамасын десеңіз, арнайы жасалған, күзеті, жауаптылығы бар көлік тұрақтарына қойыңыз» деген жауап берілді, оның шығынын, заңдылығын қорғайтын заң да, қоғам да жоқ екенін алға тартты... Қызметтік (жедел жәрдем, өрт сөндіретін, канализация тазалайтын, полиция т.б) көліктердің діттеген жеріне жете алмай жататын оқиғалары кейінгі кездері біздің Тараз қаласындағы ықшам аудандарда да (әсіресе, «Астана» (12), «Бәйтерек» (13) жиі кездесетін болды. Түн мезгілінде жағдай тіптен қиындап кетеді. Ал енді мұны ұсақ-түйек деп қарайсыз ба? Жоқ. Оның арғы түбінде адам тағдыры тұрғанын түсінсек, бұл үлкен проблемаға айналып барады. Бірақ, оны түзетуге болатынын әрбіріміз-ақ сезіп отырмыз. Қолдан, жауапсыздықтан жасалып тұрған нәрсеге пәрменді қолмен, мықты жауаптылықпен келсек, бұл мәселені аз уақыт аралығында ғана шешуге болады. Ендеше,оған неге дұрыс мән бермейміз? Әлде, Астанадағыдай алапат жағдайдың орын алуын күтіп аңысыз жүре береміз бе? Ал біз оның беті аулақ болсын дейміз!
Дүйсенбек Айбеков, журналист.
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді