Ерке Есілдің жағалауындағы бас қала Елордамызға қарап сүйсінесің. Иә, Астана Еуразияның жүрегі ғана емес, талай тілектердің тірегі, талай жүректердің тілегі болды. Астана – ғасырлар тоғысында дүниеге келген ғажайыптардың бірі. Содан болар, ерке Есілге шешіле сыр тарқатқанда, шарқ ұрған шағаладай көңіліңіз де шарықтап, Бәйтерекке қарап бәйіт арнағыңыз келеді. Себебі, сұлулығы мен ұлылығын ұқтырған Ұлы даланың ордасы – тәуелсіз еліміздің айбынын асырып тұр. Мемлекет бар жерде астана, астана бар жерде мемлекет болады. Мемлекеттілікті айғақтайтын бірден-бір фактор елдің астанасы екендігі хақ. Осы тұста дүниенің төрт бұрышын жалғастырған Ұлы Жібек жолы үстінде орналасқан көне қала Тараз жайлы да айтпай кетпесек болмас. Себебі, Астана бүгінгі жаңашылдықтың, жасампаздықтың астанасы болса, Тараз – кешегі сан қатпарлы тарихымыздың темірқазығы. Керей мен Жәнібек хандар басқа емес, дәл осы Жамбыл өңіріне келіп шатырын тігіп, Қазақ хандығының қара шаңырағын көтерген. Тарау-тарау тарих парақтарына түрлі із қалдырған Тараз жері тарихқа тұнып тұр. Ал көне шаһар екі мың жыл бойы Сағди, Рудаки, Моуләви, Һафез сынды Шығыс шайырларының жырларына арқау болған. Бүгінде экономикасы дамыған, мәдениет пен әдебиеттің ордасы рухани орталыққа айналуда. Шежірелі шаһардың өткені – тарих, бүгіні кемел, ертеңі жарқын. Астана – әз Тәуке ханның жаз жайлауы болып, батырларымыз бен шешендеріміз, билеріміз бен хандарымыз жиі-жиі бас қосып, азаттық үшін ұлы күресте елді болашаққа бастаған мекен болса, Тараз – Қазақ хандығының туы тігілген Қозыбасы биігі – Шу-Талас аңғарын аумағына сыйғызған өңірдің бас қаласы. Екі мың жылдан астам тарихы бар Тараздың да, ел ордасы Астананың да ел тарихында алар орны ерекше. Астана ертегідегі батырлардай жыл санап емес, күн сайын жасарып, жаңарып келеді. Астана еліміздегі экономикалық және саяси жаңғырулардың орталығына ғана емес, сонымен қатар халқымыздың мәдени өмірінің темірқазығына айналды. Елорданың символына айналған «Бәйтерек» монументі, сәулет өнерінің қайталанбас үлгілерінің бірі – Бейбітшілік және келісім сарайы мен «Хан Шатыр» ірі сауда-ойын орталығы... Сазды субұрқақтар мен әдемі гүлзарларға қарап, пенде біткен ақынға айналып кетер ме дейсің. Алаштың асқақ арманы ақиқатқа айналғанда, азаттығымыздың айбыны болған Елордамыз – Елбасымыздың қолтаңбасы. Бүгінде алты құрлық ат шалдырған Астанамыздың абыройы күннен-күнге асып, жылдан-жылға жасарып, жасап келеді. Астана мәртебесі жоғарылаған сайын Тәуелсіздігіміз де мәңгі жасайтыны хақ.
Наурызбек сарша, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді