Сәрсенбек Бәкір, әнші-композитор.
Тәуелсіздік – жүректі тебірентетін құндылық. Тәуелсіздіктің биік бағасын қанша бейнелеп айтсақ та сөзбен жеткізу мүмкін емес. Қазір қай саланы алсаңыз да елімізде өркендеу, өрлеу бар десек, мұның барлығы – еркіндігіміздің жемісі. Елбасы бастаған, халық қостаған бағытымыздың айқын мақсатқа жетелеп бара жатқандығының көрінісі. Мемлекет басшысы белгілеген «100 нақты қадам – Ұлт жоспарының» да көздегені – еліміздің биік мақсаттарға жету жолындағы міндеттерді жүзеге асыру. Мұнда білім саласының өркендеуі де ерекше қамтылған. Мәселен, 77-қадамда «Экономиканың алты негізгі саласы үшін он алдыңғы қатарлы колледж бен он жоғары оқу орнында білікті кадрлар әзірлеу, кейіннен бұл тәжірибені еліміздің басқа оқу орындарына тарату» қажеттігі нақты айтылады. Бұл міндеттерді орындауға мүмкіндігіміз толық жетеді. Мен бірнеше жыл Жамбыл политехникалық колледжінде ұстаздық қызмет атқардым. Сондықтан да, колледждердің сапалы жұмысы, мүмкіндіктері жөнінде айта аламын. Аталған политехникалық колледж еліміздің алдыңғы қатарлы, бәсекеге қабілетті он колледжінің қатарына қосылуға күш салуда. Елбасы негізгі салалар бойынша білікті кадрлар даярлауды назарда ұстап отыр. Әрине, арнаулы оқу орны ұстаздарының да еркін елдің дамуына қосатын үлестері бар. Назарбаев университеті тәжірибесін ескере отырып, жоғары оқу орындарының академиялық және басқарушылық дербестігін кезең-кезеңімен кеңейту жауапкершілігі «100 нақты қадамның» 78-қадамында айтылады. Бұл елімізде білім саласын дамытуда жаңашыл көзқарас, жаңа серпін пайда болғанын айғақтайды. Елбасының өткен жылдың 30 қарашасындағы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында да ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңындағы өркендеу мен өрлеу жолдары нақты сараланып, алдағы атқарылуы тиіс істер кеңінен айтылды. Тәуелсіз еліміздің тарихи жеңістері, ширек ғасырдағы қол жеткізген абыройы жүрегімізді толқытып, бойымызды шымырлатты. Көңілді қуаныш кернеді. Елбасының «Мәңгілік Ел» идеясы – терең мазмұнды бағдарлама. «Мәңгілік Ел» идеясы кемелді келешекке нық беттеп бара жатқанымызды, осы жылдар ішінде барар бағытымызды, жарқын жолымызды нақты айқындап ала білгенімізді көрсетеді. Бүгінгідей заңғар биікке жетелеген арман-мақсаттар қайдан келді? Мұның барлығы – тәуелсіздігіміздің жемісі. «Еркіндік елімізге не берді, қандай табыстарға қол жеткіздік?» деген сұраққа әр қазақстандық жауап іздесе, сөз жоқ, атқарылған қыруар іске, өлшеусіз жетістіктерге көз жеткізеді. Жүзеге асқан жақсы істерді, ұлан-ғайыр тірліктерді көрмей қалу мүмкін емес. Тәуелсіздік бізге болмысымызды, дәстүрімізді оралтты. Тіл, діл, дініміз қайтадан нығая түсуде. Тарихымыздың бүркемеленген беттері айқындалып, жас ұрпақ санасында жарқын көрініс тапты. Жүздеген би, батыр, шешендеріміздің ғұмыры мен шығармашылығы зерттеліп, зерделеніп халық жадында жаңғыруда. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қиындыққа толы болғанын барша қазақстандықтар біледі. Ешқандай жетістіктер оңай жолмен келмейді десек, егемендік алған алғашқы кезеңдегі қиыншылықтар жүгін еліміздің әр тұрғыны қара нардай көтере білді. Себебі, олар баянды да нұрлы болашаққа сенді. Аталған қиындық руханиятты да айналып өткен жоқ. Өнер адамдарына да әсер етті. Сонда да нағыз мәдениет пен өнердің жанашырлары оны сақтап қала білді, дамыта түсті. Міне, енді сол қиыншылықтың өтеуіндей, нұрлы да шуақты күндер келіп жетті. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын тойлар қарсаңында қол жеткізген табыстарымыздың толағай екені қуантады. Мемлекетіміздің болашаққа жасаған жоспарлары да айқын. «Мәңгілік Ел» идеясы – барлық мақсаттарды жүзеге асыра отырып, мәңгілік өркендеген, дамыған елге айналатынымыздың нақты дәлелі. Өнерде жүргендіктен, саясатқа тереңдей бермейміз. Бірақ, тәуелсіз Қазақстанның дамуға бет алған ел ретінде әлемге танылғаны, Азия белдеуіндегі әлем мойындаған беделді мемлекетке айналғаны ақиқат. Композитор ретінде тәуелсіздік жылдары халыққа кеңінен танылдым. Менің өнердегі мақсаттарым да тәуелсіздік алған елімнің ұлан-ғайыр мақсаттарымен, жоспарларымен бірге жылжып, ұлғайып отырды. Патриоттық тақырыпта бірнеше әндерім жазылды, олар елдің жүрегінен орын алды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мәдениет саласында, ұстаздық қызметте жүріп, еркін елдің ертеңгі болашағын дайындауға үлесімді қосуға тырыстым. Бұл – мен үшін мерейлі міндет. Мемлекетті дамудың жолына үлкен мақсаттар, ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарлар жеткізеді. Ондай стратегиялық жоспарлар біздің мемлекетте берік қалыптасқан. Елбасының бастамасымен жасалған ол жоспарлар кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді. Кешегі тәуелсіздігін жаңадан алған Қазақстан мен бүгінгі Қазақстанды салыстыруға келмейді. Заңғар биікті көздеген белестерге жету жолына қажетті қадамдардың барлығы жасалып келеді. Ол қадамдар – ертеңгі күнде көктеп шығып, жеміс беретін алтын дәніміз. Сол дәннің дәнегін бүгінгі күннен егіп, күтіп-баптап келе жатқан бағбан тәріздіміз. Елбасының дана саясаты, дара жолы мемлекетімізді тек қана дамуға бастап келе жатыр. Өркендеуге бастай бермек. Мемлекеттің дами беретініне көзіміз айқын жетуде. Бұл өрлеу – қазақстандықтардың ортақ қуанышы. Руханияты мықты ел – өркендеген ел. Өнердің өкілі ретінде айтарым, тәуелсіздік жылдарында да еліміздің мәдениеті, өнері жаңашылдықпен алға ілгерілей білді. Болашақта да мәйегін қазақылықтан алған мәдениетіміз алға жылжи бермек. Еркін елдің, тәуелсіз мемлекетіміздің жеңістері, жарқын жетістіктері мақтаныш ретінде жаңа жыр, жаңа ән, патриоттық сезім болып жүрегімізді тербей беретіні анық.
Талас ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді