«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жастар жұдырықтай жұмылмақ

Жастар жұдырықтай жұмылмақ
ашық дереккөз
Жастар жұдырықтай жұмылмақ
Өңірлік коммуникация қызметінде «Жамбыл облыстық қоғамдық бақылау және мониторинг орталығы» қоғамдық қорының президенті Серікбол Берікқожа мен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Уәлихан Болатбек бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен брифинг өткізді. Жиында Серікбол Берікқожа бұл басқосуда ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерейтойына облыстағы белсенді жастардың қандай дайындықта екендігі пысықталатынын айтты. Сондай-ақ, ол ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойын жастар арасында жоғары деңгейде насихаттау мен лайықты атап өтуге атсалысу мақсатында облыстағы жастар ұйымдарының коалициясы құрылғанын, жұдырықтай жұмылған жастар еліміздің егемендік жылдарында қол жеткізген табыстарды кеңінен насихаттауға, «Мәңгілік ел» жалпыұлттық патриоттық идеясы мен оның құндылықтарын ілгерілетуге, бұл мақсаттағы жауапкершіліктерді жүзеге асыруға күш салатыны жөнінде БАҚ өкілдерін хабардар етті. Уәлихан Болатбек еліміз үшін елеулі мереке қарсаңында жастар 25 шара және «25 қалам» интеллектуалды ойыны өткізілетінін жеткізді. Жоспарланған бұл шаралар «Бір аптада бір кітап» (Елбасы кітаптарын оқу), «Тарих-ғасырлар куәсі» атты экспедициялық сапарлар, жұмысшы жастар арасында спорттық спартакиада ұйымдастыру, «Тәуелсіздік жолы» тақырыбымен кітапханаларда оқырмандармен акция, рухани кештер өткізу, «Ауыл ойындары» спорттық шарасын ұйымдастыру секілді маңызды жұмыстардың жүзеге асуын талап етеді. Тәуелсіздік тақырыбында шығарма, эссе жазудан да байқау өтетін болады. Бұл шаралар барысы облыстық ғылыми-практикалық конференцияға жалғасады. Сондай-ақ, Тәуелсіздік күні қарсаңында үлкен облыстық форумның өтуі жоспарланған. Аталған шаралардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері форум аясында марапатталатын болады. Бір айта кетерлігі, бір мақсатпен коалицияға біріккен жастар ұйымдары жетекшілерінің көпшілігі тәуелсіздік құрдастары екен. Мұнан соң олар БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап берді.

Есет Досалы, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар