Қаратау сілеміндегі Шыңбұлақ ауылының жері шұрайлы-ақ. Қозы көш жердегі тауға қарай көсілген қыратты жазық саздауыт болып келеді. Ойдым-ойдым қыраттардың арасымен ағып жатқан бұлақтың суы қысы-жазы үзілмейді. Осы маңнан Теріс өзені де арқырай ағып жатыр. Қысы боранды Жуалы жұрты көктемді аңсап күтеді-ақ. Ерте түсетін қыстан қалжыраған жұрт күн көзі жылына шаруа қамын күйттейді. Көктем күшіне еніп, мал тоғайып, жер арқасы кеңігенде қырға көкпарға шығатыны бар. Қаратаудың Билікөлге қарайтын беткейін жағалай қоныс еткен колхоз малшылары жаз шыға көрші Жамбыл ауданының малшыларымен көкпар шабысады. Ат бәйгесі, көкпарға тыйым салған кешегі кеңестік заман кезінде де бұл өңір көкпар шауып жататын. Содан болар, Шыңбұлақтың жұрты ертеден көкпаршы ауыл атанған. Тақымынан көкпар кетпеген сол көкпаршының бірі – Әділбек Тастеміров қария бүгінде осы ауылдың шежіресі іспетті. Кешегі өткен жастық дәуреннің, одан кейінгі еңбекпен өткен жемісті жылдардың әңгімесін әріден қозғап, сыр шертеді. – Қырық жыл колхоздың қойын бақтым. Бар тіршілігіміз ұятқа қалмай, қоғам малын өсіру болды ғой. Күн-түн демей, бел шешпей еңбек еттік. Құдайдың берген ұл-қызын өсіріп, өмір көшіне қостық. Малшының бар қызығы қыстайғы ауыр бейнеттен құтылып, көктем шыға бір мезгіл көкпар тартып, қызыққа бату еді ғой. Осы белде талай көкпар тарттық. Мына қырғыз жағы көкпарқұмар келеді. Сонда барып, айызымыз қанғанша тарттық қой бұл көкпарды, – деп бастады әңгімесін. Шыңбұлақ бұрын Максим Горький колхозының Братск ауылы деп аталатын. Колхоздың аға шопаны Әділбек Тастеміровтің аты көкпармен шықты. – Бірде көрші Жамбыл ауданындағы көкпар десе ішкен асын жерге қоятын замандасым Нәби Момыновтың әкесі Рүстемнің қайнысы Сияқұл келіп тұр. Ол кісі Айша бибі ауылының Қаратау бөлімшесінде ферма меңгерушісі болатын. Келген шаруасы Рүстем қария жіберіпті. «Қырғыздың Бақайыр деген жерінде үлкен көкпар болады. Ат менен, Әділбек сол атпен көкпар шапсын» деп сәлем айтып жіберіпті. Үлкен кісінің сөзін жерге тастамай, отарды келіншегіме тастадым да, тәуекел деп жүріп кеттім. Рүстем қарияның маған дайындаған аты келісті жылқы екен. Омырауы есік пен төрдей кер аттың нағыз көкпардың жылқысы екенін ішім сезді. Содан Бақайырға бардық. Жиынға жетпей атты мініп көрдім. Сөйтсем, басы қатты, күшті жануар екен. Аттың аузын аштым да, ұртын өткір бәкімен тіліп-тіліп жібердім. Сонан соң ауыздыққа қара сымды орап, добалдай етіп байладым. Содан кер атқа қамшы бастым. Сүт пісірім уақыт өткенде жануар дегеніме көне бастады. Ірі дода екен. Сол салымда үш салым салып, қырғызға көкпар бермедім. Сондағы Рүстем қарияның қуанғаны-ай. «Қазақтың намысын бермеген ерден айналдым» деп, батасын берді жарықтық. Кейін естідім, осының алдында осы атты көкпарға салып, шабандоз жігіт бағанаға соқтығып, мерт болған екен. Басы қатты жылқыға мінуге ешкімнің дәті бармай, көпті көрген қария бір мінсе, осы бала мінеді деп маған қолқа салған екен. Ертеректе жақсы жылқыны қариялар тақымы мықты көкпаршыларға мінгізіп, қызығына бататын. Бұл ауылда Әділбектің ағайын-туысы Қалхаман Темірбеков деген азамат болды. Қалың додада тақымына басқан көкпарын алып шығатын осы көкпаршы ағасы кейіннен ауылдастары Орынбасар, Арыстан, Әли, Әділбектен көкпаршылар командасын құрып, облыстық, республикалық сындарға қатысып, күш сынасқан екен. Алдында Луговой ауданында өткен облыстық жарыста бірнеше ауданнан келген көкпаршылар командасын жеңіп, финалда Луговой ауданының көкпаршыларымен бәсекеге түсіпті. Сол жолы кіл әбжіл жігіттерден құралған жуалылықтар басым болыпты. Ертесіне жүлдені тапсырған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Төребай Ақбозов: – Енді Алматыға республикалық жарысқа қатысасыңдар, облыстың намысын осы жуалылық көкпаршылар қорғайды. Ипподромда көкпар шабу бір бөлек, оның ережесімен танысу үшін бір апта бұрын барасыңдар. Жылқыға қажетті жем-шөпті біз қамтамасыз етеміз, – деп ризашылығын білдіреді. Бұл ҚСР-ның 50 жылдығы қарсаңында еді. Мұндай датаға ірі жарыс ұйымдастырылуы шарт. Содан 16 облыстың өкілдері қатысқан додада жуалылық көкпаршылар барлық қарсыластарын бет қаратпай жеңіп, ақтық сында Алматы облысының командасымен кездеседі. Қалхаман (Қалхан) Темірбеков ағасы – команда капитаны, бұлар алматылықтарды да қапы қалдырады. Сондағы ипподромдағы жамбылдықтардың қуанышын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес-ті. «Бұл көкпаршылар Жуалыдан екен. Батыр Бауыржан Момышұлы ағаларына тартқан қайратты екен» деген сөздерін естіп, төбелері көкке жеткендей болған. Алтыннан алқа тағып оралған көкпаршыларға ауылдастарының да құрмет-қошеметі алабөтен еді. Алматыдан мерейлері үстем болып оралған жуалылық көкпаршылардың алдында тағы бір үлкен сын тұрды. Ресейдегі Шешенстанның Пятигорск қаласында ат спортынан одақтық жарыс өтетін болды. Оған көкпар да енген. Бұл жарысқа көрші қырғыз ағайындарымен қатар өзбек, тәжіктердің көкпаршылары да қатысады. Кавказдықтар да ат үстінде осал емес екен. Ең қиыны сонау Доннан ат құлағында ойнайтын казактар келіп қатысқаны. Қазақтың көкпар тарту тәртібіне онша келе бермейтін бұл жарыстарда жуалылықтар жүлделі орыннан көрініп, ел мерейін еселеді. Жерлес көкпаршылардың әбжілдігі, қайраттылығы көпке дейін ел аузында жүрді. Иә, бұл күнде тәуелсіз қазақ елінде ата-бабадан мирас болған ат бәйге, көкпар, аударыспақ, қыз қуу ойындары қайта жанданды. Қазақстанның қай өңірінде болсын әруақты бабаларға арнап өткізілген ұлан-асыр ас, тойларда бәйге шабылып, көкпар тартылды. Халық көзайымына айналған көкпармен қайта қауышты. Соның ішінде Әулиеата өңірінің көкпаршылары ешкімге дес бермей келеді. Қазақстанның 9 дүркін чемпионы атанған Әулиеата көкпаршыларының негізі Жамбыл, Жуалы, Байзақ ауданының көкпаршыларынан құралған. Олар бұл үлгі-өнегені кешегі аға буын салып кеткен жолдан алып отыр. Оның ішінде заманында тақымынан көкпар кетпеген жуалылық көкпаршы Әділбек Тастеміров те бар. Олардың қалың доданы қақ жарып, салым салған қайратын әлі күнге аңыз етіп айтады жұрт.
Әділбек Жүніс.
Жуалы ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ауыл спортын дамытуға арналған дода
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді