«Гүлденген Қазақстан» мемориалды кешені
шаһар шырайын ашатын сәулетті орталықтың біріне айналады Тәуелсіздіктің 25 жылдығы – қазақ халқының құндылықтарын, қол жеткізген жетістіктерін көрсетіп, тарихы сонау тереңнен басталатын халқымыздың өткенін саралап, бүгінін бағамдайтын ұлық мереке. Сондықтан да, тәуелсіздіктің жемісін жан-жақты ашып көрсетуге тараздықтар да атсалысуда.
Соның бірі – «Гүлденген Қазақстан» атты мемориалды кешен Төле би даңғылы мен әл-Фараби көшелерінің қиылысында бой көтеруде. Халқымыздың рухани құндылықтарын дәріптеудегі маңызымен ерекшеленетін сәулеттік туынды жобасының авторы – елімізге танымал суретші-мүсінші Аманат Назарқұл. Оның айтуынша, ел жетістігін бейнелейтін сәулет өнерінде махаббаттың символын білдіретін төрт тұғырлы арка травертин мәрмәр тасымен қапталған. Ең жоғары жағында халқымыздың бірлігін бейнелейтін қасиетті қара шаңырақ тұр. Оның жан-жағында түркі халықтарының символы саналған сегіз жұлдыз бедерленіпті. Сонымен қатар, шаңырақтан төмен Елбасының «Мәңгілік Ел» идеясын көрсететін логотип орналасқан. Ал монументтің төменгі жағында Қазақстанның картасы бейнеленген жер шары орын теуіпті. Сондай-ақ, төрт тұғырлы арканың қырлары қазақтың ұлттық ою-өрнектерімен безендірілген. Жалпы, монументтің биіктігі – 15, ал ені – 6,25 метр.
Жарты гектар аумақты алып жатқан мемориалды кешенге жергілікті бюджеттен 104 миллион теңге бөлінген. Мұнда мердігер компания – «АрайСтройМаркет» серіктестігінің 50-ге жуық құрылысшысы тынбай еңбек етуде. Тәуелсіздік тойына тарту етілетін сәулет кешенінің құрылысы қыркүйек айының ортасында аяқталмақ.
Жоба авторының сөзіне сүйенсек, алдағы уақытта монументтің айналасына «Еркін қыран», «Бабалар үйі», «Бақытты балалық шақ» секілді композициялардан құралған қосымша мүсіндер орналастырылатын болады.
Осылайша тарих мен ұлттық нақыш өзара үйлесім тапқан «Гүлденген Қазақстан» мемориалды кешенінің аумағы қала тұрғындары мен қонақтары үшін заманауи демалыс орнының біріне айналады. Ал қалаға көрік беретін мұндай мәдени кешендердің аймақта бой көтеруі – еліміздің дамуының бір көрсеткіші екені хақ.
Шынар АСАНҚЫЗЫ, «Ақ жол».
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді