Бір уыс күмістей сақалын тарап қойып, кетпенін иығына салып алып Қизат шал таң қараңғысынан қалың бағын суарып жүреді. Түні бойы тық-тық жөтеліп, бір көз ілмейді-ау. Бау-бақшасының іші сыңсыған сан алуан жеміске толы. Біздер — қара сирақ ауыл балалары Қизат шал қашан ғана қисайып, ұйықтайды екен деп шарбақ сыртынан андимыз кеп. Жаз ортасы ауып, күн ысысымен бақтағы жемістердің жұпар иісі бұрқырап есінді алып, сілекейіңді шұбыртады да, шарбаққа асылып ішке қалай еңбектей жөнелгеніңді де білмей қаласың. Шіркін-ай, әне бір алмаға қолың бір жетсе, деп ентелей жөнелгенде, дәл қарсы алдыңнан Қизат шал: – Әй, жүгермектер, қайт кейін, – дегенде құйынперен қайта зытасың. Кей түндері шалды андимыз деп, сол шарбақ түбінде ұйқышылдау маубас Садабай секілділер корылдап ұйықтап та кетеді. Жылтырап ағатын Тәуке өзенінің бойындағы ауылда мұндай жұмбақ та ғажап бақты ғұмыры басқа жерден көрген емеспін-ау. Қизат шал ақ тер, көк тер болып, тау-тас аралап, сай-сайда өсіп тұрған неше түрлі жеміс ағаштарын тамырындағы топырағымен казып алып келіп, бағының ішіне отырғызып жатады. Қалаға, тіпті сонау қырғыз-өзбектерге дейін автобуспен барып, сондағы өзі секілді бағбан жекжаттарынан аттай қалап, көшеттерді қапқа орап алып келеді. – Әй, балалар, бері келіңдер, қане! Мынау Шотайдағы кызғылт алма, бұл суыққа өте төзімді, үсімейді. Ал мынау кәртөшке алма мұны қырғыздағы дүнгеннен әкелгенмін. Осы екеуін будандастырып, жаңа тұқым – керемет сорт жеміс пайда болады, көресіңдер, – деп, бірінің бұтағын кесіп алып, екіншісіне таңып, байлап, жапсырып жатады. Біз оның баппен бейне біреудің сынған аяғын танған оташыдай әрекетіне шыдай алмай ойынға асығып, сусып ап жоғаламыз. Кешке әке-шешемізге айтсақ, өмірі мал бағып өскен олар ернін сылп еткізіп: «Осы Қизат әпенді болайын деген-ау, жер-көктен ағаш жинағаны несі?» – деп мазаққа айналдырғандай болатын. Ал бақтағы ағаштар қалай түйінделіп, жеміс сала бастайды-ақ, біз шарбақтан ішке кіре алмай зар боламыз-ау.... Күзге салым Атабайдың аузында сиырлы ауылда отырған біздің киіз үйге Қизат шал келеді. Астында сол алабас жуас, шермек карын биесі, оның арқасында тоқ, қызыл қоржын! Үйге кіріп, амандық-саулықтан кейін самаурынның шайын асықпай ішіп, қанған соң беліндегі белбеуімен мандайын, мойнын, күн сіңіп қарайып кеткен омырауын сүрткіштеп тастап барып қана, сырттағы аттың белінде тұрған екі басы тоқ қоржынды көтеріп үйге кіргізеді. Ентелеген біз төне түсеміз. Қоржынның ішінде не жоқ десеңізші. Тарамыстанған қолымен бағбан асықпай әр жемісті еркелете, елжірей сипалап, кейбірін шаңырақтан түсіп тұрған күн көзіне тосып, ойнатқанда әлгі дәл гауһардай жарқырап сан құлпыратыны-ай! – Мынау алмұрт – антоновка мен өзбек тұқымынан, бұл ұзақ сақталады. Көктемнің қары секілді алмұрт жарықтық бағынан үзілісімен ылжырап, тез бұзылып кететінін білесіңдер ғой. Мынау – өзім будандастырып өсірген алмұрттың жаңа түрі. Мұны алғаш маған әкем марқұм айтып еді, міне, енді қарашы, осы қалпында қанша сақтасаң да бұзылмайды, – деп әңгімелеп кетеді. – Міне, мынау таудағы бармақтай жабайы жаңғақ пен кәдімгі жаңғақтың ортасынан шыққан тұқым, дәмін татып көрші, майы тамып тұр емес пе? – Мына апорттың көшетін Медеудегі орыс тамырымнан үш қап ұнға әзер айырбастап алып едім, қарашы үлкендігі дуадақтай ғой. Баяғыда мұндай апортты жандаралға сыйлағанда қасынан орын ұсынып, сол бағбанға шен-шекпен береді екен. Тіпті жандарал Калпаковский деген Алатаудың бірде-бір тал-ағашын, жемісін кеспеу жөнінде бұйрық шығарып, оны орындамағандарды жер аудартып, айып салған. Міне, мынау – сол апорттың дәл өзі! Әрқайсысынан бөлек-бөлек торға салып, шешем кереге басына қаз-қатар іліп-іліп қойды. Үйдің ішін күн иісі, жан жадыратар сан түрлі жеміс иісі бұрқырап алып кетеді дерсің! Әрқайсысынан рахаттана жеп, қарш-қарш шайнап, біз мәре-сәре мәзбіз. Сыбағасын жеп, қайтуға жиналғанда, әкем мені қолымнан тас қып ұстаған күйі бағбан шалдың алдына жүрелетіп отырғызып қойып: – Аға, мына жаман балаңызға батаңызды беріңіз,—дер еді. Колхоздың бір отар қойынан танадай бұлқынып, көкке секірген біреуін дырылдатып әкеп Қизатқа өңгертіп жібереді. Бүкіл кереге басын толтырған неше түрлі жемістерді екі-үш күнге жетпей көрші-көлем, бала-шаға бәрі бас салып, жоқ қылады. Жыл бойы «Шіркін-ай, Қизат шалдың бағы – нағыз Иран бағы ғой, әлгі Қапекеңнің үйіне сыбаға-таралғы деп әкелгенде жеген алмасының шекер-бал дәмі әлі таңдайымнан кетер емес тіпті!» деп тамсанады бәрі. Қизат шал маусым туа Тәукеден су бұрып әкеліп, бағын суарып жүріп, жүрелеп отырған күйі бұл дүниеден өтіп кеткенін естігенде, сол тарамыстай тартылған күміс сақал, ұзын бойлы бағбанның шарбағы да, қақпасы да шалқасынан ашылды. Арман болған қайран бақ ішіне емін-еркін кіріп, бүкіл ауылдың бар баласы ағаштан-ағашқа секіріп, уылжып пісіп тұрған жемістерді де әлі көктүйнектеріне де қарамай жұлып жеп, рәсуа ғып тастады. Үш күн бойы ит мұрны өтпес бақ іші қан базарға айналды. Тіпті, үлкендер де қол жеткенін үзіп, жетпегенін сілкіп, майыстырып ағаштарды сындырып, әйелдер етек-етек жемістерді үйлеріне тасысты. Қизат шал бұл дүниеден өткеннен кейін үш күннің ішінде көкмайса болып тұрған ғажап бағының іші қара жолға, ал ағаш біткеннің жемісі ғана емес, көк жапырақтарына дейін жұлынып, әптер-тәптері шыққаны-ай! Иә, онда да дәл осындай аптап ыстық, аспан асты шыжғырылып, құс біткен ауыздарын ашып, су жағалап, ал адам біткен бақтың көлеңкесін қуалап кеткен еді-ау... Қонақасына деп қазан астына, самаурынға да отынды сол бақ ішінен шауып-шауып алғанын көзіміз көрді. Ғұмырымда, әй, содан кейін де көрмеген сопақ, сары түстес алма мен небір керемет жемістің таңғажайып түрлерін жұлып жеп жүріп, таңғалғанымызды айтпа!.. Міне, сол Аспанқора тауының бауырындағы алақандай туған ауылыма сағынып, жүрегімді тәтті бір іңкәр сезімге орап, баяғы бал-балалық шақтарымды іздеп, аңсап, армандап асыға жеттім-ау. Қызыләскер деп аталатын ұжмақ көретін қайран ауылымдағы әр нәрсені көріп, жүрегім шымылдайды, шіпілдеген сезімім ернеуінен асып төгіледі. Айналайын, мені жарық дүниеге келтірген, кіндік қаным тамған касиетті құт-мекенім – менің шат-шадыман бал-балалығым, марқұм әке-шешемнің ізі, көзі, өзі жүргендей әр көшені, әр ағашқа сағына да жаутаңдай қарай беремін. Бұл киелі жердің, тіпті, әр тасына шейін мен үшін асыл гауһартас, ғажайып шежіре. Елжірей іздеймін сол бір қайталанбас ғажапстан – балшырын сәттерімді. Міне, мынау Қизат атамыздың гүлстан – ұжмақ бағының орнында топырақ үйіндісі мен шор-шор болып кесілген ағаштардың түп-тұқыл түбірлері ғана қалыпты. Бақтың шетінде өсіп тұрған жалғыз тал өрік ағашының қабығын қақаңдаған екі ешкі алдыңғы екі аяқтарын көтеріп алып кеміріп тұр. Баяғы тамылжыған бақ орны – ары-бері мал айдайтын қара топырағы шыққан жолға айналған. Бірдеңе табамын-ау деген үмітпен әлгі жерді ары-бері аралап жүрдім де қойдым. Тып-типыл, түк жоқ. Төбеден ащы күн шыжғырады, табан астында борпылдақ топырақ шаңдатады. Жүрегім төмен тартып, ішім ұлыды, түңғиық мұңға оранып, борша-борша тер көмді. Арбақ мүйіз, ала мойын екі ешкіні айдап жіберіп, жалғыз ғана сопайып қалған қабырғасы ырсиған, қабығы аршылған ақ сөңке өрік ағашын сипаладым. Анадай жердегі бадырақ көз төртпақ бала ешкілеріме неге тиісесің дегендей бұртия қарап, колындағы ұзын шыбығымен ауаны ысқырта осып-осып жіберді. Баяғыдағы қиял ертегісіндей, Иран бағындай болған бақтың шетінде жалғыз тұрған жарымжан өрік ағашын аялай, аймалай, көңілім аласапыран болып сипалай бердім, сипалай бердім. Қабығы аршылған тұстары шор-шор, қып-қызыл шырыштарға толып тұр. Ағаштар да жылайды екен-ау. Ақсөңке ағаштың әр-әр жерінен көз жасы жылтырайды, қызыл шырыштар бой-бой ағып тұр. Жалғыз тал қалған өрік-ау, сен баяғы сыңсыған бақты сағынып жылайсың-ау, ал мен сол бір кезеңді, сол бір еңбегін емген – жүз жылда қайта келмес сүйегімен бірге кеткен біздің елдің керемет бағбанын ойлап мұңға батамын. Қайран сан алуан ғажап жеміс, тұқымдары қайда? Баяғыда біздің бала кезіміздегі Қизат шал, Бөрібай, Айтқұл аталарымыздың сан алуан жеміс-жидекке толы бақтары қандай еді, шіркін? Асқақтаған Аспанқора тауы да, мөлтеңдеген Тәуке өзені де сол қалпы. Тек сол бір ұзын бойлы, ақ сақалды Қизат шалмен бірге кеткен сан түрлі жемістердің бал-шырын дәмі аузымнан әлі кетер емес. Қизат ата үйінің орнында қалың ермен өсіп, қара қурайланып кетіпті. Еңістен соққан аптапқа ыз-ыз етіп, ыңырсып, сыңси дауыс сала ма-ау тегі. Қизат шалдың баяғыдағы қиял ертегісіндей болған ғажап бағының орнында шыжыған өрттей күнге де қарамай түртінектеп, әлденені тауып алардай сенделіп жүрдім де қойдым.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді