Өмірбек Жолдасбеков! Есімі елмен бірге жасай беретін аса ірі тұлғалардың бірі. Ұғымымызда шегеленіп қалған қалыптарға сыя бермейтін алапат ауқымды ойлау жүйесі, айтар жерде тосылып, тартынып қалмайтын тура бидей турашылдығы, көпшіліктің көкейінен шығатын әрекет әділдігі, тосыннан соққан дүлей күштерге міз бақпай төтеп беретін сабырлылығы, жауыннан кейінгі шайдай ашылған аспандай жайдары мінез байлығы, биік тауларымыздың бір асқақ шоқысы көшіп келе жатқандай көрінетін байсалды да маңғаз, солай бола тұра ширақ жүрісі осынау көрнекті мемлекет және қоғам қайраткеріне тән болған қасиеттердің бір парасы еді.
Өз ғұмырында Өмірбек Арысланұлы әсіре әспеттеулерден бойын аулақ ұстады. Сондықтан да оның ел ішінде, алыс та жақын аймақтарда танылған нағыз ғалым екендігі ешқандай эпитеттерді қажет етпейді. Оның өмірбаяны, еңбек жолы, адамгершілік келбеті туралы біршама жазылды, әлі де талай жазылатынына күмән жоқ. Кейінгі жарияланымдардың ішінде белгілі қаламгер, танымал қайраткер Мұхтар Құлмұхамедтің электрондық ақпарат құралдарында жарық көрген «Арыстан» деп аталатын эссесі Өмірбек Жолдасбековтің қадір-қасиетін, пайым-парасатын кестелеген, бүгінгі көркем публицистикадағы тұшымды дүниелердің бірі болды. Жүректен шыққан тұнық туынды оқырмандарын тез тапты. Екі дәуірді көрген қалың қауым Өмірбек Жолдасбековтің есімін жақсы біледі. Өткенін құрметтеген, келешегін ойлаған халықтың жалғасымыз ғой, бүгінгі жас толқын, келешек ұрпақ осындай заңғар тұлғаларды біліп өссе, өнеге тұтса, сол игі. Әсте де олардың есімін есте қалдыру бағытындағы шаралар осы мақсатқа қызмет етсе керек. Қисыны келіп тұрған соң осы асыл адам туралы өзім білетін бірер жайтты айтып өтсем артық болмас. ...Парламент Сенатының Баспасөз хатшысы-Баспасөз қызметінің басшысы қызметін атқарып жүрген кезім. Бірде қызмет бабындағы құжаттарды қарап отырғанымда, үкіметтік байланыс телефоны шыр ете қалды. – Кеңесбекпісің? Мен Өмірбек Арысланұлы. Бір шаруа бар еді, уақытың бар ма, келіп кете аласың ба? – О не дегеніңіз, қазір, аға, шықтым. Бұл тұста Өмірбек Арысланұлы Парламент Мәжілісінде комитет төрағасы болатын. Жақын таныстығым, араластығым жоқ. Кабинетіне кіріп, «Ассалаумағалейкум» деп сәлем бердім. – Шаруа – мынау. Таразда Асанбай Асқарұлының 75 жасқа толуына орай жиын өтеді. Парламент депутаттарының атынан мен баратын болдым. Аппараттың атынан осы өңірге қатысы бар азамат барсын деп ұйғарылды. Өмірбаяныңды қарап отырмын, Жамбыл облысында туып-өскен екенсің, менімен бірге барып келгенің дұрыс шығар, қалай қарайсың? – Ондай құрмет болып жатса, әрине, барамын. – Комсомол, партия, кеңес органдарында қызмет етіпсің, бәрі Алматы қаласымен байланысты екен. Елмен де жиі қатынасып, үлкенді-кішілі шараларды көрген дұрыс. Алдымен өзіңнің пікіріңді білейін дедім. Енді Өмірбек Байгелдіұлының келісімін аламын, – деді де, тікелей телефонға қол созды. Сенат Төрағасы келісті. Өмірбек Арысланұлына ілесе ол кісінің Еңбек партиясындағы, Инженерлік Академиядағы көмекшісі әрі орынбасары Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұлов және мен бірге жолға шықтық. Ағамыздың жұбайы Мая Бағызбаева мен ұлы Скандербек қала сыртына дейін шығарып салды. Алматы мен Тараздың арасы тиіп тұрған жер болғанмен олар бір-біріне аман-саулық тілеп тарқасты. Алыс болсын, жақын болсын – жол тартқанда бір-бірін шығарып салу, күтіп алу осы отбасының әрдайымғы дәстүрі екен. Қайтарда дәл сол жерде Мая жеңешеміз бен ұлы Скандербек күтіп алды. Нәйеті екі күндік сапар болса да олардың қауышуынан бір-бірін әрдайым сағынып тұратын шынайы сезімдері сезіліп тұрды. Осы сапардың жастарға үлгі-өнеге боларлық бір тағылымы осы. Әке мен ананың, ата-ана мен баланың бір-біріне деген кіршіксіз құрметі қандай керемет! Барар жолда, қайтарда жол бойында ағамыз маған қаратып біраз әңгіме айтты, онымен күн сайын көрісіп, талай сапарларында бірге болған Бақытжан Тұрсынұлы үнсіз тыңдап отырды. Ел тарихы, қала берді өзі туып-өскен Бәйдібек өңірінің шежіресі туралы мен біле бермейтін тың деректерді айтып берді. «Сендер өсіп келе жатқан жастарсыңдар, осыларды біліп жүріңдер, айта жүріңдер», – деді. Бұл – өз алдына бөлек бір әңгіме. ...Жамбылдағы жиында облыс әкімі Амалбек Тшанов Орталықтан келіп түскен ресми құттықтауларды оқып бергеннен кейін Өмірбек Арысланұлына бірінші болып сөз берілді. Ол әдеттегідей байсалды қалпымен, ұзартпай мазмұнды да мағыналы сөз тербеді. Асанбай Асқарұлы риза кейіппен тыңдап отырды. Өмекең мерейтой иесіне Парламенттің құттықтау хатын тапсырды, құндыз бөркі бар жағалы шапанды бірге жаптық. Сосын орнымызға қайта жайғасуға беттей бергенде: – Өмірбек, – деді Асанбай Асқарұлы, – қасыңда жәй адам жүрмейді ғой, мына бала қай бала? Өмірбек Арысланұлы кері бұрылып, микрофонға қайта келді: – Кеңесбек Демешев деген азамат. Парламент Сенатында жауапты қызмет атқарады. Жамбыл жерінің тумасы. Менімен бірге өкіл болып келді. – Жөн екен, Өмеке, азаматтың ел-жұртымен араласып жүргені дұрыс, – деді Асанбай Асқарұлы. Содан кейін сөзін маған қарап айтқанымен, жалпы жас кадрларға арнап тарқатқандай болды: – Тәжірибе жинақтап қалған азаматсыңдар. Бәрің бірдей Орталықта қалып қоймай, орайы келсе, ел ішіне, өңірлерге де келіп жұмыс істеу керек. Егемен ел болдық, игілікке қызмет ете беріңдер. Бір ұққаным, осынау биік тұлғалар бір-бірін дөп түсініп, терең құрметтейді екен. Болмыс-бітімдері де ұқсас: денелі, келбетті, салмақты жанарларында терең ой тұнып тұрғаны көрінер еді. Кісілігі, кеңпейілділігі, атқарған істерінің алымдылығы, ауқымдылығы бүгінде ел аузында айтылып жүр. Аталмыш сапардан кейін екі жыл өткен соң, Асанбай Асқарұлы айтқандай, орайы түсіп Жамбылға қызметке келдім. Осында жұмыс істеп жүрген жылдарда қазақ халқының осы аяулы да ардақты, асыл да абзал ұлдары дүниеден өтті. Сол кездегі облыс әкімі Серік Үмбетовтің қолдауымен Тараз қаласындағы үлкен көшелердің біріне Асанбай Асқаровтың есімін берерде, Алматыдағы Кеңсай зиратында оған ескерткіш орнатыларда бірқатар жауапты адамдармен бірге осынау игілікті істердің басы-қасында болдық. Әулиеата жері Өмірбек Арысланұлының да есімін ұмыт қалдырған жоқ... Бірде облыс әкімінің идеологиялық, әлеуметтік-мәдени салаларға жауап беретін орынбасары ретінде Тараз қаласының шет жақтарында тұратын жұртшылықтың жағдайымен көше-көшені аралап таныстым. Мектеп мәселесі өткір екен. Қант зауытының төменгі тұсындағы М.Мақатаев атындағы мектеп бөлек-бөлек тұрған ескі жатаған үйлерде орналасыпты. Ешқандай талаптарға сай келмейді. Қаражаттың қат кезі. Қысқасы, қасындағы бір мекеменің қаңырап тұрған төрт қабатты жатақханасын алып, жөндеуге қаржы таптық, тәп-тәуір мектеп болды. Ал қаланың мал базарынан бергі тұста, Бурыл жағында тұрып жатқан қалың жұртшылықтың балалары үшін жағдай тіпті қиын екен: қазақ тілінде мектеп жоқ. Қала ішіне қатынап оқитын балалар үшін ата-аналары қатты алаңдаулы: түрлі тәртіп бұзушылық белең алып тұрған кез, кейде кешкілік жол-жөнекей ұрып-соғып кететіндер табылады. Тәуелсіздік алғанымызға сегіз-тоғыз жыл ғана болған шақ қой, иесі болғанмен, игерілмей жатқан ғимараттар бар. Бұл маңайда бұрынғы сүт зауытының әкімшілік корпусының қаңқасы қарайып тұр екен. Оған ие болып, қаржы жағдайы түзелетін сәтін күтіп жүрген ілкімді азаматтан осы ғимаратты сұрап алып, қаражат қарастырып, жөндеу жүргізіп, мектепке айналдырдық. Мектеп маңайындағы тұрғындардың, оқушылардың қуанышында шек жоқ! Олармен бірге біз де қуандық. Осы орайда айтқаным дұрыс болар, сол тұста жоғарыда аталған бірқатар игілікті шараларға белсене араласқан Болат Сауранбаев, Күлімхан Тоғызбаева, Ертарғын Астаев, Берік Масат, Бәтес Егембердиева, Болат Аманбаев, Салауат Дембай, Мырзабек Сапарәлиев сынды басқа да қызметтес әріптестерімді бүгінде ризашылықпен атап өтер едім. Мектепке ат беру оңай шаруа емес. Ономастикалық талаптар бойынша республикаға елеулі еңбек сіңірген, халыққа кеңінен танымал азаматтардың ғана есімін мектепке беруге болады. Мұндай мәселе аудандық, қалалық, облыстық ономастикалық комиссияларда, мәслихаттарда талқыланады. Орталық органдармен келісеміз. Осы мектепке отандық ғылымды, білімді дамытуға зор үлес қосқан академик Өмірбек Жолдасбековтің есімін беру туралы ұсынысымыз өтті. Осы рәсімдерге қатысты шараға Өмірбек Арысланұлының ұлы Скандербек келіп қатысты, сый-сияпатын жасады. Сол кезде жұртшылық тарапынан мектептің алдына Ө.Жолдасбековтің ескерткішін орнату туралы ұсыныстар айтылды. Енді, міне, өңірге жақсы танымал азамат, ғалым, профессор Сағат Мырзашевтің қолға алуымен, ілкімді азаматтардың қолдауымен Білім күніне орай мектеп алдына академик Жолдасбековтің мүсіні орнатылды. Оңды, сәтті болсын. Мектеп үлкен бе, кіші ме, әр нәрсе уақытына қарай болады. Ең бастысы, өткір, қажет кезінде салынды, көпшіліктің игілігіне жарап тұр. Оқушылар саны көбейіп, қосымша корпус салу мәселесі туындап жатса, ол да шешілмейтін мәселе емес деп ойлаймын. Бұл мектепте Өмірбек Арысланұлы Жолдасбеков сияқты елін сүйген, еліне риясыз қызмет ететін азаматтар тәрбиеленіп, мақсат биігіне жете берсін!
Кеңесбек Демеш, ҚР Парламенті Сенатының қызметкері.
Астана.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді