Мемлекеттік қызметшіге талап жоғары
Өңірлік коммуникациялар қызметінде Мемлекеттік қызмет істері министрлігі облыс бойынша департаментінің тапсырысы бойынша «Панорама» ақпараттық орталығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Кәсіби мемлекет үшін кәсіби кадрлар» тақырыбында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен дәстүрлі брифинг өтті.
«Панорама» ақпараттық орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бауыржан Мөрбеков департамент ұсынған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті арттыру» жобасын жеңіп алғандықтарын, осы жоба аясында қолға алынып жатқан жұмыстардан қысқаша хабардар етті.
Аталған департамент басшының орынбасары Нұрлан Еркебаев Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын жүзеге асыру бойынша қолға алынып жатқан жұмыстарды баяндады.
Бес институционалдық реформаның ішіндегі айрықша маңыздысы мемлекеттік қызметтерді сапалы ұсынуды қамтамасыз ететін заманауи, кәсіби мемлекеттік аппаратты құру бағыты екені белгілі. Баяндамашы реформа мемлекеттік қызметшілердің жаңа буынын қалыптастыруға, қоғамда бекіп алған қасаңдықты бұза отырып, мемлекеттік қызметтің жағымды бейнесін қалыптастыруға, сондай-ақ мемлекет пен азаматтардың арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа нысандарын культивациялауға бағытталған кешенді өзгерулерді көздейтінін атап көрсетті. 2013 жылдың 23 қарашасында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа Заң қабылданып, ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа заңның талаптарын және заңға тәуелді нормативтік-құқықтық актілерді тәжірибелік іске асыру кезеңі басталғанын еске салған ол Ұлт жоспарының бірінші, екінші және үшінші қадамдарына жеке-жеке тоқталды. Одан кейінгі мемлекеттік қызметке қатысты қадамдар жайлы да толыққанды ақпарат берді. Білім мен денсаулық саласындағы қызмет туралы да жан-жақты баяндады.
Мемлекеттік қызметшілердің мансаптық жоғарылауы тек ішкі конкурстардың негізінде ғана жүзеге асырылады. Бұл ретте біліктіліктен өзге, төменгі лауазымдардағы жұмыс өтілі талап етіледі. Бірінші кезеңде ішкі конкурс мемлекеттік органның қызметшілері арасында, ал лайықты кандидат болмаған жағдайда іріктеу барлық мемлекеттік қызметшілер арасында өткізіледі. Егер осы ортадан үздігін таңдау мүмкін болмаған жағдайда азаматтар арасында жалпы конкурс жарияланады. Осы жайттардан хабардар еткен департамент басшысының орынбасары 6 айда мемлекеттік органдарда 371 бос лауазымға ішкі конкурс өткізілгенін, оған қатысқан 191 қызметшінің 137-сі конкурс нәтижесімен үміттенген лауазымдарға лайықты деп танылғанын және бұлардың ішінде 58-і жоғары тұрған лауазымдарға ие болғанын айтып өтті.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заң талаптары мен «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарындағы міндеттерді орындау барысында департамент тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды жан-жақты әңгімелеп берген Н.Еркебаевқа журналистер тарапынан сұрақтар аз болған жоқ. БАҚ өкілдері мемлекеттік қызметтегі бос орындар, мемлекеттік мекемелердегі сыбайлас жемқорлық және құқық бұзушылық жайлы, жастардың мемлекеттік қызметтегі үлесі және басқа да тақырыптарда сұрақтар қойып, нақты жауаптар алды.
Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді