«Әсия әлемі» – ертегілер әлемі

«Әсия әлемі» – ертегілер әлемі
ашық дереккөз
«Әсия әлемі» – ертегілер әлемі
Жаңа оқу жылы басталарда Шу қаласындағы білім беру саласы тағы бір мектепке дейінгі мекемемен толықты. Заманауи үлгідегі жаңа балабақшаға баратынын естіген бүлдіршіндер қуанып-ақ жүр. Балғындарға шаттық сыйлаған бұл күні облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов ауданға арнайы келіп, жаңа нысанның ашылу салтанатына қатысты. Шу қаласында жаңадан ашылған балабақша да жекеменшік-мемлекеттік серіктестік негізінде салынғанын атап өткен жөн. Жеке кәсіпкердің қаржысына салынған мектепке дейінгі мекеме тұрғындардың сұранысын өтеп, кезек мәселесін біршама жеңілдетеріне сенім мол. Шулықтарды осынау қуаныштарымен құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов өңірдегі бүлдіршіндерді балабақшамен қамту жұмыстарының барысына тоқталды. Облыстағы 430 мектепке дейінгі мекемеде бүгінде 45739 бүлдіршін тәрбиеленіп жатқандығын тілге тиек етті. Балғындарға қуаныш сыйлап, зәулім балабақшаның бой көтеруіне себепкер болған жеке кәсіпкер Ләйлә Жүнісәлиеваға алғыс білдірді. – Облыс кәсіпкерлерін кәсіпкерлігін балабақша салуға бағыттауға шақырамын. Себебі, бұл – жаңа жұмыс орындарының ашылуына, ата-аналардың алаңсыз еңбек етуіне, балалардың әлеуметтік бейімделуіне мол мүмкіндік жасайтын бастама әрі тұрақты табыс көзі, – деді Ерқанат Нұрбапаұлы «Әсия әлемі» балабақшасына облыс әкімі атынан бағалы сыйлық табыс етіп тұрып. Шу қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуаныш Қарғабаев саналы тәрбие, сапалы білім алған балғындар келешекте ел абыройын асқақтатар азаматтарға айналарына сенім білдіріп, облыс басшыларына ризашылығын жеткізді. Ғимарат құрылысы 2013 жылы басталған. Балаларды сауықтыру шаралары мұндағы жұмыстың негізгі бағыты саналады екен. Балабақшада тыныс жолдарының ауруларына шалдыққан бүлдіршіндерге тұзды шахта салынған, арнайы аппараттармен жабдықталған «галокамера» бөлмесінде ем алып, сауығып шығуына жағдай жасалған. Сондай-ақ, ол көптеген дерттердің алдын алатын көрінеді. 4 қабатты зәулім ғимаратқа кірген адам сан алуан суреттер мен қабырға толы көрнекіліктерге қарап, өзін ертегілер еліне тап болғандай сезінері анық. Мұнда бүлдіршіндердің жан-жақты дамып жетілуіне барлық жағдай жасалғаны айқын аңғарылады. Сәндік үлгісі бірін-бірі қайталамайтын сабақ, жатын бөлмелерінен бөлек, музыка, хореография, спорт залдары, бассейн, тұзды бөлме, шахмат бөлмесі, асхана толық жабдықталған. Бүлдіршіннің ой-өрісі көкжиегін кеңейтуге ықпал ететін арнайы «Өнер студиясы» да бар. 200 балаға лайықталған «Әсия әлемінде» 8 топ жұмыс істейді. Яғни, 2 «Балапан», 2 мектепалды даярлық тобы және кіші топтар. Педагогтердің барлығы – жоғары санатты, көп жылдық еңбек өтілі бар мамандар. Ал тәрбиешілердің басым көпшілігі жастар. Балабақша басшылығының айтуынша, қызметкерлер жалақысы өзге балабақшаларға қарағанда біршама жоғары. Бүлдіршіндердің төлемақысы ай сайын 15 мың теңгені құрайды екен.

Қарлығаш Есбергенова, «Ақ жол».

Шу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар