Біз соғыссыз әлемді қолдаймыз

Біз соғыссыз әлемді қолдаймыз
ашық дереккөз
Біз соғыссыз әлемді қолдаймыз
Ананың ақ жаулығының құдіреті осы шығар. Ертеде дауласып, жауласқандар да ортаға тасталған әйелдің ақ орамалынан асып кете алмаған екен. Ұрыс-таластың тоқтамы сол болған. Осы бір игі дәстүр XXI ғасырда қайта жаңғырып отыр. Қайтадан жалғасқанда жанжалды тоқтату үшін емес, әрине. Бейбітсүйгіш халқымыз Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бейбітшілікті ту еткен кемеңгер саясатына қолдау көрсету мақсатында «Ақ орамал» акциясын өткізуде. Қалалық мәдениет үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық хатшылығы облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі «Ақ орамал» республикалық акциясының баспасөз конференциясын өткізді. Бұл шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы бастамашы болғанын айта кету керек. Баспасөз конференциясында ақ орамал – ақ түс ананың ақ сүті, абыройдың, ізгіліктің, аманатқа адалдықтың белгісі екені айтылып, бейбіт өмірді қалайтындардың бастамасы «Ақ орамал» акциясы аталуы бекер еместігі сөз болды. «Магнолия» газетінің тілшісі Михаил Бунин жиналғандарға Ядролық қарудың зияны, полигонның зардабы туралы деректер келтіріп, әңгіме өрбітті. – Осыдан 25 жыл бұрын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен әлемде ең алғаш рет ядролық полигон жабылған болатын. Ол Семей полигоны. Біз Семей полигонының қасіретін тартқан халықпыз. 456 ядролық жарылысты бастан кешірген Қазақстан жері алпауыт экологиялық апатқа ұшырады. Қаншама ана баласынан айырылды, мыңдаған бесік бос қалды. 1,5 миллион адам көз жұмды. Семейдегі сынақтың салдарынан мүгедек болып қалған бауырларымыз арамызда жүр. Бұндай қасірет ешқашан қайталанбасын. Әлемдік өркениетте ядролық қарусыздану туралы бастама көтерген – біздің Президентіміз, біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев! – деді ол. «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Рано Ибадуллаева Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің Үндеуіне тоқталып: – Біз, аналар, балаларымыз бен немерелеріміздің жарқын болашағы туралы ойланамыз. Болашақта мұндай қасіреттердің қайталанбауын қалаймыз. Қауіп-қатерден мәңгілікке құтылуды ойлап, баршаға үн қатамыз. Біз бейбітшілік пен келісім мұраттарын қорғаған елде өмір сүретінімізді мақтан тұтамыз. Біз Елбасын және оның еліміздегі бейбітшілік, отбасындағы береке-бірлік пен балаларымыздың жарқын болашағы үшін жүргізіп отырған ізгі және дана саясатын қолдаймыз! – деді. Іс-шара соңы тематикалық кешке ұласып, көрермендерге викториналық сұрақтар қойылды. Сондай-ақ, сахналық қойылым мен бейнероликтер көрсетілді. Ана, Жер ана туралы әндер шырқалды. Бұл күн бейбіт өмірді насихаттаған күн ретінде есте қалды.

Наурызбек САРША, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар